1.04.2026, 16:15
Оқылды: 24

Ғұмыр жолы кітап болып жазылды

Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы ғимаратында «Елеулі есімдер» жобасы аясында Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, еңбек ардагері, М.Ықсанов атындағы қордың төрағасы, Жәнібек ауданының құрметті азаматы Асқар Қабдолұлы Атаевпен «Ғұмыр-ғибрат» атты тағылымды жүздесу өтіп, «Тоқсан жылдың түйіні» кітабының тұсауы кесілді.

Рухани мазмұны терең басқосуға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мәдениет саласының қызметкерлері, жерлестері мен өнерсүйер қауым жиналды. Жүргізуші Айнабек Бисенғалиев жиналған жұртшылыққа мерейтой иесінің өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегін кеңінен әңгімеледі. Ол Асқар Қабдолұлының саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған, ел мүддесін бәрінен биік қойған парасатты тұлға екенін ерекше атап өтті. Торқалы тоқсан жасқа абыроймен жеткен абыз ақсақалға жүрекжарды лебіздер жолданды.

Салтанатты сәт барысында сахна төрінде мерейтой иесіне арналган ақ тілектер мен құттықтаулар легі жалғасын тауып, Жәнібек ауданының Күйгенкөл ауылынан арнайы келген жерлестері де құрмет көрсетіп, ізгі ниеттерін білдірді.

Жиынға арнайы қатысқан Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов аудан әкімінің сәлемін жеткізіп, тағылымды сөз сөйледі.

– Ғұмар елінен талай жайсаңдар мен жақсылар шыққан. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсанов. Биыл қайраткердің туғанына 100 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында Алматы қаласында тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, оған аудан әкімі Тимур Шиниязов бастаған делегация қатысты. Ауданымызда да облыстық конференция өткізіліп, тұлға есімі ұлықталды. Мұстақым Ықсанов мұрасын насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге айрықша үлес қосып жүрген азаматтардың бірі — бүгінгі жүздесудің басты кейіпкері Асқар Қабдолұлы, – деді ол.

WhatsApp Image 2026-04-01 at 16.26.51 (1)

Сондай-ақ аудан әкімінің Алғыс хатын табыстап, Мұстақым Ықсановтың мерейтойлық төсбелгісін мерейтой иесінің өңіріне тақты. Алдағы уақытта туған жерінде де арнайы тағылымды кездесу ұйымдастырылатынын жеткізді.

Ресми бөлімде Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген сөз алып, кейіпкердің ел дамуына қосқан үлесі жайында естеліктерімен бөлісті.

Тағылымды басқосу барысында «Тоқсан жылдың түйіні» еңбегінің жарық көруіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтылып, олардың еңбегі ерекше аталды.

Әдеби-рухани мазмұндағы жиынның көркемдік бөлімі де жоғары деңгейде өрбіді. Облыстық және республикалық байқаулардың лауреаттары Думан Бекқалиев, Азат Қабиев, Мира Сүндетова әсем әндерін орындап, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Келесі сөз «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның құрметті жазушысы» Айтқали Нәріковке берілді. Осыдан кейін «Тоқсан жылдың түйіні» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, туындының тұсауын Айтқали Нәріков пен кітап редакторы Нұрлан Сәдір кесті.

WhatsApp Image 2026-04-01 at 16.26.51

Ақын, кітап редакторы Нұрлан Қуанышұлы еңбектің мазмұны мен маңызына тоқталып, автордың өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы кейінгі буынға бағыт-бағдар беретін құнды мұра екенін атап өтті.

Жиын қорытындысында Асқар Қабдолұлы арнайы келіп құрмет көрсеткен барша қауымға шынайы ризашылығын білдіріп, жаңа кітабы жақын күндері баспадан шығып, оқырман қолына тиетінін жеткізді.

Тағылым мен тағзымға толы жүздесу соңында жиналған қауым естелік суретке түсіп, абыз ақсақалға ақжарма тілектерін арнап тарқасты.

Арай Сейфуллиева,

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале