Өңірге ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен келді. Іссапар аясында Үкімет басшысының кеңесшісі облыстағы бірқатар инфрақұрылымдық нысандарды аралады.

Алдымен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Ермек Боранбайұлына жөндеу жүргізіліп жатқан кәріз сорғы, күшейткіш сорғы стансаларының жұмыстарымен таныстырды.
2025 жылы Қазақстанда Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба басталды. Осы Ұлттық жобаның негізінде өңірдегі энергетикалық жылу, кәріз, су жүйелерін реконструкциялауға 21 млрд теңге бөлінеді деп жоспарланған. 2025 жылы аталған қаржының 30%-ы түсіп, толық игерілген. Қалған қаражат биылғы жылдың сәуір айында беріліп, жүйелерді реконструкциялау жұмыстары жалғасын табады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин кәріз сорғы, күшейткіш сорғы стансаларының жөндеу жұмысы жөнінде айтып өтті.

– Қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджет есебінен өңірдегі инженерлік желілерге ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Орал қаласында 37 кәріз сорғы, 40 күшейткіш сорғы стансалары бар. Соның ішінде №18А кәріз сорғы стансасы техникалық ақауына байланысты жиі істен шығатын. 2024 жылы аталған стансаның техникалық әлеуетін жандандыруға 1,9 млрд теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмысы басталды. Жөндеу жұмысы барысында станса ғимараты қалпына келтіріліп, онда бес сорғы құрылғысы орнатылды. Шаһардағы ескі әуежай, солтүстік-шығыс, 10, 6 шағынаудан секілді тұрғын көп шоғырланған аумақтардан шыққан сарқынды су осы кәріз сорғы стансасы арқылы өтеді. Орал қаласында тәулігіне 65 мың текше метр қалдық су шықса, оның 25 мың текше метрі №18А кәріз сорғы стансасы бойымен ағады. Қазірде стансаны жөндеу жұмысы 95%-ға аяқталды. Көп ұзамай іске қосылады, – деді Б. Мусин.

№18А кәріз сорғы стансасының жөндеу жұмысын «Алматыинжстрой» АҚ жүргізуде. Мердігер компания өкілі Бақытжан Мұханбетжанов диаметрі бір метр болатын құбырларға арналған құдықтар салынып жатқанын айтады. Бүгінде жоба жоспарының негізгі жұмыстары тәмамдалып, механикалық жабдықтарды дәнекерлеру, электр және желдету жүйелері тартылуда.
«Батыс су арнасы» ЖШС директоры Әнуар Аркеновтің айтуынша, №18А кәріз сорғы стансасы 2023 жылы апатты деп танылып, сараптама жұмысы жүргізілген. Кәріз сорғы стансасын қайта жаңғырту және жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу туралы шешім қабылданған соң, 2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Серіктестік директоры нысанды жөндеу жұмысы бір ай уақыт ішінде толық аяқталып, пайдалануға берілетінін тілге тиек етті.

– Бұрын бұл кәріз сорғы стансасына байланысты «Омега» сақинасы маңында, сондай-ақ «Белое солнце» мейрамханасы жанындағы аумақты жиі су басатын. Қазіргі уақытта мәселелерді ескере отырып, станса қуаты екі есеге күшейтілді. Станса іске қосылғаннан кейін сарқынды суларды үздіксіз айдаудың мүмкіндігі артады. Кәріз жүйесі арқылы келген сарқынды су қаланың тазарту құрылыстарына жіберіледі. Тазарту құрылыстары 1970 жылдары пайдалануға берілген. Тозығы жеткен бұл нысандар да күрделі жөндеуді қажет етеді. Жоспар бойынша барлық жұмысты 2029 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр.
Соңғы 3 жыл ішінде (2023 жылдан бастап) кәріз сорғы және көтергіш стансалардың бірқатары жөндеуден өтті. Осы күндерде негізгі стансаларды жаңарту жұмыстары аяқталуға таяу. Келесі кезеңде қуаты төмен, кіші сорғы стансаларын жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар қалада тозған коллекторлар да бар, оларды жаңарту жұмыстары да қолға алынуда. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

7 негізгі сорғы станса негізгі жүктемені көтереді. Қалғандары – жекелеген аудандарға қызмет көрсететін жергілікті стансалар. Олар да алдағы 2-3 жыл ішінде жөндеуден өтеді. Қазіргі таңда кәріз жүйесінің тозу деңгейі шамамен 60% болса, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50–55%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр, – деді серіктестік басшысы Ә. Аркенов.

Одан кейін ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев КСС-1, КСС-29 (кәріз сорғы стансасы), көтергіш сорғы станасасы 20 нысандарының жөндеу жұмыстарымен танысып, аралады. Кеңесші Маржықпаев жауапты мердігерлерге құрылыс жұмысын уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырды. Содан соң «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС қалалық электр торабының Зашаған кентіндегі жөндеу базасына барды. Аталмыш серіктестіктің бас инженері Асқар Ғайсин компанияның бірнеше жобасы туралы айтып, өңірдегі электр желісіне байланысты шешуге болатынын баян етті.
– Қазіргі таңда «Батыс Қазақстан аймақтық электр желілік компаниясы» ЖШС қарамағында 21 мыңнан астам әуе желісі, 158 қосалқы станса бар. 2025 жылдың басында тозығы жеткен әуе желілері 78,86% болған еді. Қазіргі кезеңмен есептегенде бұл көрсеткіш 75,43%-ға түсті. Өңірбасшысы Нариман Төреғалиевтің қолдауымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бірнеше жобалар іске асырылуда. Осының нәтижесінде, Орал қаласында 168 шақырымды қамтитын әуе желілерін реконструкциялау жұмысы басталды. Оның 30%-ы өткен жылы тәмамдалып, биыл жөндеу және жаңарту жұмысы жалғасын тауып отыр.

Алдағы жоспар бойынша, жоғарыда атап өткен ұлттық жобаға жеті өтініш берілді. Ұсынылған жобалар қажетті сатылардан өтіп, мақұлданды. Қазір құрылыс-монтаждау жұмысын істейтін мердігер анықталуда. Жеті жоба толық іске асса, облысқа қарасты 12 аудандағы тозығы жеткен электр тораптары мен ондағы әлеуметтік нысандардың әуе желілері жөндеуден өтеді. Сонда 2026 жылдың соңына дейін тозығы жеткен әуе желілерін 66%-ға дейін түсіруге мүмкіндік болады. Компанияның 2025-2029 жылдар бойынша бекітілген жоспары бар. 168 млрд теңгеге 16 мың шақырым әуе желісін жөндеу жобасы тұр. Бекітілген жоспар бойынша 2025-2026 жылға қойылған жұмысты уақтылы орындап келеміз. Биыл жаз айының соңында келер 2027 жылда атқарылатын жобаларға тапсырыс береміз. Осы жобалар жүзеге асса, апаттық жағдайлар азайып, халықты электр жарығымен сенімді түрде қамтамасыз ете аламыз.

Жәнібек және Бөкей ордасы аудандары облыс орталығынан шалғай орналасқан. Осы себепті облыстан тартылған электр желісі жоқ. Қазір аталған қос аудан электр жарығын көршілес Ресей Федерациясынан алуда. Осы өзекті мәселені шешу мақсатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев былтыр тапсырма берді. Бүгінде күн сәулесінен 0,9 МБ қуат өндіретін панельдер орнатылып жатыр. 2026 жылдың соңына дейін газа поршн стансасы қойылса, Жәнібек пен Бөкей ордасы ауданы электр тәуелділігінен толық арылады, – деді бас инженер.

Үкімет басшысының кеңесшісі Ермек Маржықбаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев Бәйтерек ауданы аумағына барып, жерасты сулар кен орнының сужинағыш құрылыстарын қайта құру жұмыстарымен танысты. Айта кетелік, бұл жобаның жалпы құны 12,4 млрд теңге. Аталған нысан 360 мың абонентті сумен қамтуға қауқарлы. Одан кейін «Жайықжылуқуат» АҚ-ның материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасында болып, №6 жылу магистралін қайта жаңғыртуға арналған құбырларды көрді. Жылу жүйесіне пайдаланылатын бұл құбырдың диаметрі 800-1000 мм болса, қалыңдығы 12 мм. Жоғары қысымға төтеп беретін беріктілігімен ерекшеленеді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»
