2024 жылы Сырым ауданында су тасқыны болды. Бұлдырты, Жымпиты ауылдары бойынша тұтас көшелер суға кетті. Талайдың баспанасын тасқын қиратты. Үкімет дереу үй соғуға кірісті. Жүзден аса жаңа баспана салынды. Жағалай қоныстой болып, халықтың мәре-сәре болып жатқаны күні кеше сияқты еді. Құрылысқа “Қазақстан Халқына” қоғамдық қоры қолдау білдірді. Кейін халықтық құрмет ретінде Өлеңтідегі су жаңа төрт көшеге қордың аты берілді.

Бүгін Өлеңтідегі “Қазақстан халқына” шағын ауданындағы қызыл үйлердің тұрғындары баспаналарының сапасыз салынғанын айтып, билікке базына білдіруде.
Айтуларынша, үйлер бірінші қыстың сынағына шыдамаған. Терезенің жақтауынан жел гулеп, төбенің жабыны жұқа болғандықтан жылу тұрмаған. Қабырға көгерген.

Биылғы қыс “қызылүйліктерге” тағы да тосын сынақтарын тосты. Көгерген қабырға, дымқыл ауа балаларды ауру қылған. Ақдала көшесі №20 үйдің тұрғыны, көпбалалы ана Татьяна Суровцеваның айтуынша, сәбилерінің бірінен кейін бірі өкпесі қабынып, ауруханаға түскен.
Ақдала көшесіндегі №19 үйдің тұрғыны Балтабек Кобдиков та сыз үйде тұрудың мүмкін еместігін, немерелерінің жиі ауырғанын айтады.

Тұрғындар үйлерінің құрылыс талаптарын қайта қарауды сұрайды. Мысалы, шатырдың маңдайшасы ішке қарай еніңкі қағылған. Дұрысында, тас қабырға шатырдың ішінде қалуы керек.
Аптаның басында халықтың арнайы сұраныс салуымен “Қазақстан халқына” шағын ауданына Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов және сала мамандары, үйлерді салған мердігер компанияның өкілдері келді.

Олар Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевпен бірге жекелеген үйлерге кіріп, ахуалды көзбен көрді. Сыз басқан қабырға. Көңілі сынық жұрт. Ақдала көшесі №30 үйдің иелері хлорлы ерітіндімен көгерген қабырғаны сүртуден жалыққанын айтты. Бәйтерек көшесі №30 үйдің жиегіндегі цемент қорғаныш жолағы сынған. Қорғаныш жолағы бұзылуы Ақдала көшесіндегі үйлерден де байқалып отыр. Қызыл кірпіштің сыртына ақсортаңы шығып тұрған баспаналар да бар.

Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, тұрғын үйі тұруға жарамсыз болып танылған жанұялар үшін барлығы 152 үй салынған. Соттың шешімімен биыл тағы 3 тұлғаға баспана шығыны өтелмек.
Мәселе мынада. Сырым ауданындағы жаңа үйлердің дені Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынған. Құрылыс жобасын бекіткен де, мердігерге жұмысты тапсырған да, сәйкесінше кепілдіктік талабын сұрайтын да солар. Кешегі халықпен кездесуге басқарманың өкілі, бөлім басшысы Мейрам Қайыржанов және.
Өлеңті ауылындағы 19 үйдің құрылысын жүргізген мердігер мекеме “ПМК615” ЖШС жүргізген. өндірістік-техникалық бөлімнің инженері Сағадат Шагиров қатысты.

Халық өкілі, жаңа шағынауданның тұрғыны Қанат Кәкімовтың айтуынша, Өлеңті өзені жағасындағы кең үйі суға кетіп, үкімет ұсынған көлемі 80 шаршы метрді құрайтын баспанаға разы болған. Бірақ, жаңа үйде де ескі мәселелер қарсы алыпты. Сол сыз, сол дымқыл.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов Батыс Қазақстан облыстық құрылыс басқармасымен “Қазақстан халқына” шағындауданындағы әр баспанаға техникалық тексеру тағайындау бойынша уағдаласып, ал мердігерден қорытынды бойынша жұмыстануды сұрады, жоспарлы шаруаларды сәуір айының аяғына дейін аяқтауды тапсырды.

Халық билікпен бір, мердігермен екі дауласудан, біреуге бірдеңе дәлелдеуден шаршаған. Кемшіліктер көзге көрініп тұр. Үйлерін зеңнен құтқаруды, төбе жабындарын жаңартуды сұрайды.
Тыңдар құлаққа әр үйдің өз мәселесі бар. Біз жалпы картинаға шолу жасадық.
Бұл тақырыпқа әлі оралуды қажет етеді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы