2.04.2026, 15:45
Оқылды: 21

Тасқала ауданында ұлттық құндылықты дәріптейтін челленж өтті

Тасқала аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әжелер алқасының ұйымдастыруымен аудан бойынша барлық білім беру ұйымдарында «Ата-әже аманаты» атты бейне челлендж өткен болатын. Аталмыш шара Наурызнама онкүндігі мен Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бастау алып, күні кеше Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында өз мәресіне жетті.

ұлттық құндылық 1

Шараға аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызы және әжелер алқасының мүшесі Нұрлы Есімғалиқызы қатысып, игі бастамаға қолдау білдірді.

Аудан көлемінде онлайн форматта өткен бұл ауқымды шараға белсенді қатысқан барлық мектеп оқушыларына алғыс білдірілді. Ұрпақтар сабақтастығын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған бастама көпшілік тарапынан жоғары бағаланды. Қазақ халқы ежелден үлкеннің сөзін тыңдап, қариясын құрметтеген. Осы үрдісті қайта жаңғырту мақсатында әжелер алқасы оқушылар арасында осындай тағылымды шараларды жиі ұйымдастырып келеді.

Әжелер алқасының жұмысы тек бір реттік шаралармен шектелмейді. Олар жыл бойы білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс жасап, өскелең ұрпақтың бойына ұлттық тәрбие сіңіруге белсенді атсалысуда. Атап айтқанда, әжелер мектептерде шеберлік сағаттарын өткізіп, қыз балаларға кесте тігу, құрақ құрау, ұлттық тағам дайындау секілді дәстүрлі өнер түрлерін үйретеді. Сонымен қатар, салт-дәстүрлерді дәріптеу мақсатында «тұсаукесер», «бесікке салу», «қыз ұзату» секілді ұлттық ғұрыптарды сахналық түрде көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндіреді.

Бұдан бөлек, әжелер алқасы тәрбиелік бағыттағы кездесулер өткізіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, отбасы құндылықтарын сақтау сынды маңызды қағидаларды насихаттайды. Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да үлес қосып, түрлі байқаулар мен челлендждерге ұйытқы болып келеді.

Аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, әжелер алқасының еңбегіне жоғары баға берді. Ол бейне челленджге қатысқан 4-сынып оқушылары мен олардың әжелеріне алғыс хаттар табыстап, сондай-ақ шараның өтуіне қолдау көрсеткен мектеп ұжымына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, өткен жылы аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған, құрамында 7 мүшесі бар әжелер алқасы бүгінгі күні аудан өмірінде белсенді қоғамдық құрылымдардың біріне айналып отыр. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді жаңғырту бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді.

«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, ұрпақ тәрбиесінде үлкендердің рөлі қашанда маңызды. Осы ретте әжелер алқасының өнегелі ісі – жас буынның рухани дамуына қосылған сүбелі үлес. Алдағы уақытта да мұндай тағылымды шаралар өз жалғасын тауып, ұлттық тәрбиенің алтын арқауына айналары сөзсіз.

 

Назгүл Жәрдемова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале