3.04.2026, 13:00
Оқылды: 7

«Келін үшін ең бастысы сыйластық пен сабыр»

Орал қаласында ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қазақ келінінің парасаты мен үй тіршілігіне алғырлығын насихаттауға бағытталған «Ақ босаға» облыстық келіндер байқауы өтті. Үш күнге созылған іс-шараны Орал қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Мәдени-ағарту бірлестігіне» қарасты «Шұғыла» және «Жұлдыз» комьюнити орталықтары ұйымдастырды. 

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.57

Байқауға Орал қаласы мен аудан-ауылдардан келген, сәні мен салтанаты жарасқан 10 келін қатысып, өзара бақ сынады. Олардың қатарында түрлі салада еңбек етіп жүрген көпбалалы аналар да бар. Әр қатысушы өз өңірінің намысын қорғап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде барын салды.

Жиынның  ашылу салтанаты Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет орталығында өтті. Бұл күні қатысушылар жеребе суырып, Қадырсарайды аралап, концерттік  бағдарлама  тамашалады.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.53 (2)

– Байқаудың басты мақсаты – ұмыт бола бастаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты қайта жаңғыртып, қазақ келініне тән иба-әдеп, инабаттылық, сымбат, ісмерлік пен тапқырлық қасиеттерді кеңінен дәріптеу. Жалпы, бұл байқау 2020 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары арасында екі рет ұйымдастырылып, 2025 жылы кент келіндерінің қатысуымен қалалық деңгейде жоғары дәрежеде өтті. Биыл облыстық деңгейде ұйымдастырдық. Қатысушылардың дайындығы керемет. Үй шаруасын, түз жұмысын ысырып қойып, үш күн қатарынан тыным көрмей жүрген келіндерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді байқауды ұйымдастырушы, «Шұғыла» комьюнити орталығының меңгерушісі Әсел  Хайруллина.

Екінші күні келіндердің шаруаға ептілігі мен шеберлігі сынға түсті. Атап айтқанда, «Садақ ату», «Дәм-думан» (жайма жаю), «Сиыр сауу» секілді сайыстар ұйымдастырылды. Бұл кезеңдерде қатысушылар шапшаңдығымен, тазалығымен және мергендігімен  ерекшеленуге  тырысты.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.48 (2)

Ал байқаудың қорытынды кезеңі Жастар мәдениет сарайында өтті. Финалда қатысушылар «Тегін білу – тектілік» (таныстыру кезеңі), «Өнерім – өмірім» (шығармашылық өнер көрсету), «Сыр сандық» (сұрақ-жауап бөлімі) және «Этносән – рухани  жаңғыру» (сән үлгісі) бойынша бақ сынады. Келіндер монолог оқу, ән айту, күй тарту, қойылым қою секілді өнерлерін ортаға салды.

Байқау барысында қазылар алқасы әр кезең бойынша қатысушылардың өнерін саралап, шеберлігі мен тапқырлығына әділ бағасын берді. Екінші жыл қатарынан арнайы шақыртумен келіп, төрелік еткен 5-дәрежелі бас аспаз Венера Дүйсенова сайыстың тартысты әрі жоғары деңгейде өткенін атап  өтті.

– Астың нанын жаю кезеңінде барлық келін ерекше дайындықпен келгені көрінді. Қатысушыларға небары он минут уақыт берілді.

Ал нағыз машықтанған адам бұл істі алты минутта-ақ тындырады. Қуантарлығы, сол уақытқа сыйып үлгерген келіндер де болды. Өзім бұл салада 20 жылдан бері еңбек етіп келемін. Алғашында кафе-мейрамханаларда жұмыс істесем, соңғы жеті жылда жеке тапсырыстармен үйлерге барып қызмет көрсетіп жүрмін, – дейді тәжірибелі аспаз.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.53 (2)

Байқауға қатысқан келіндердің әрқайсысы өз өмір жолы мен ұстанымын да тілге тиек етті. Солардың бірі – Бәйтерек ауданының келіні, 31 жастағы Сымбат Шыршығұлова (суретте). Үш қыздың анасы, сұлулық салонының шебері ұлттық құндылықтарды берік ұстанатынын жеткізді.

– Негізінен университетте халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі кезде сұлулық салонында еңбек етемін. Өзім – Маңғыстаудың  қызымын. Келін болып түскеніме 7 жыл болды. Ата-енеммен бірге тұрамын. Келін үшін ең бастысы – сыйластық пен сабыр деп ойлаймын. Сәлем салу, ат тергеу, орамал тарту сияқты салт-дәстүрлерді тек міндет ретінде емес, құрметтің белгісі ретінде орындаймын. Осындай байқаулар арқылы өзіңді сынап қана қоймай, басқа келіндерден де үлгі алуға, үйренуге мүмкіндік бар, – дейді ол. Ал Казталов ауданындағы Бостандық ауылының намысын қорғаған 31 жастағы Аяулым Қобыланкеліні (суретте) – бес баланың  анасы,  мектеп  психологі.

– Алла берген екі ұл, үш қызым бар. Келін болғаныма 10 жыл болды. Енеммен бірге тұрамыз. Үлкеннің батасын алып, бір шаңырақтың берекесін сақтап отыру – келінге жүктелген үлкен жауапкершілік деп білемін. Мектепте педагог-психолог болып қызмет етемін, сондықтан адамдармен тіл табысу, сабырға шақыру – күнделікті өмірімнің бір бөлігі.

Байқаудың барлық кезеңіне белсенді қатыстым. Әсіресе, ұлттық дәстүрге негізделген тапсырмалар маған ерекше әсер етті, – дейді  Аяулым.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.49 (2)

Сайыстың әділ өтуін тәжірибелі қазылар алқасы қамтамасыз етті. Құрамында ардагер-ұстаз, мәдениет саласының үздігі Күләнда Мәжитова, Орал қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Нұргүл Ашықова, тіл жанашыры, қоғам белсендісі Роза Зайнулинна және былтырғы «Ақ босаға» байқауының жеңімпазы, «Алтын алқа» иегері Гүлнұр Төлегенова болды. Сондай-ақ этнодизайнер Жәмила Өтепқалиева, тәжірибелі бас аспаз Венера Дүйсенова және спорт жаттықтырушысы Айдос Сәрсенғалиев қатысушылардың өнері мен шеберлігін  бағалады.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.49 (4)

Байқаудың бас жүлдесі Жәнібек ауданынан келген Бағдагүл Алтайкелініне бұйырды.

Өзінің жан-жақтылығымен, іскерлігімен және сахнадағы сенімділігімен ерекшеленген ол қазылар алқасының  жоғары  бағасына ие болды.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.26 (4)

І орын Орал қаласының өкілі, көпбалалы ана Әйгерім Жақсылықоваға табысталды. ІІ орынды Орал қаласының атынан қатысқан Анаргүл Дәулетова мен Казталов ауданының үміткері Аяулым Мұхамбетова  өзара   бөлісті.

WhatsApp Image 2026-03-31 at 17.08.26

ІІІ орынға Теректі ауданының келіні Ақерке Әбдірахманова лайық деп танылды. Сонымен қатар қазылар алқасының арнайы шешімімен Айшат Ихсанова ІІІ орын иегері атанып, ерекше марапатқа ие болды. Орал қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Әжібайқызы Айшатқа өз атынан арнайы жүлде табыстады. Сондай-ақ Нұргүл ханым барша келінге ақын, жазушы Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабын сыйға тартты. Қатысушылар ыдыс-аяқ жиынтығы, еттартқыш, шаңсорғыш, тоңазытқыш, кір жуар мәшине секілді үй шаруасына қажетті бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Жан Аят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале