Жақында Оралдағы Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінде қазақтан шыққан тұңғыш пианист Гүлжауһар Шомбалова атындағы фортепиано сыныбы ашылды.

Салтанатты іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева, Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Әлия Қайыржанова, ақын, ҚР Білім беру ісінің құрметті азаматы Үзілдік Елеубайқызы қатысты. Сондай-ақ фортепиано сыныбының ашылуына тікелей ұйытқы болған «Н. Жигановтың халықаралық шоқжұлдыздары» жеке қорының президенті Светлана Тенишева және Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің директоры Мұхамбетқали Далбаев болды. Алдымен музыка мектебінің мәжіліс залында Гүлжауһар Шомбалова жөнінде ақпараттық бейнеролик ұсынылды.
Гүлжауһар Айыпқызы – Қазақстандағы музыкалық өнер саласында кәсіби білім алған алғашқы музыкант әйел және ғалым. Ол 1919 жылы Жәнібек ауданына қарасты Қарпық ауылында дүниеге келген.
Анасы ерте қайтыс болғаннан кейін, туыстарының қолында тәрбиеленіп, кейін Алматы қаласына қоныс аударған. 1934 жылы Алматы музыка-драма театрына оқуға түседі. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. 1942 жылы училищені үздік бітіріп, оқытушы және концертмейстер ретінде еңбек жолын бастайды. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында концертмейстер қызметін атқарады. Ұлы Отан соғысы кезінде жауынгерлер алдында және госпитальдарда өнер көрсеткен. 1943 жылы «Домбыра үнімен» атты фильмконцертке қатысады.
1949 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының музыкатану мамандығы бойынша алғашқы түлектерінің бірі атанады. Қазақ музыкасының тарихын және халық шығармашылығын зерттеп, А. Құнанбайұлының мұрасына ерекше көңіл бөлген. Ол музыкалық абайтанудың негізін қалаушылардың бірі ретінде танылған.
Қазақ КСР Үкіметінің шешімімен П. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының халық музыкалық шығармашылығы мамандығы бойынша аспирантураға жіберіледі. 1955 жылы аспирантураны аяқтап, 1958 жылы қазақ музыкасын революцияға дейінгі кезеңде зерттеу тарихына арналған кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап, республикадағы алғашқы әйел музыкатанушылардың бірі болады.
Консерваторияда ұзақ жыл дәріс беріп, оқу бағдарламаларын әзірледі, фольклорлық кабинетті басқарды. Одан кейін облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева сөз алып, осы фортепиано сыныбынан музыкант Шомбалованың ізін жалғаған жас өнерпаздар көп боларына сенім білдірді.
– Бүгін Д. Нұрпейісова атындағы қара шаңырақта тарихи мәні зор ерекше іс-шараның куәсі болып отырмыз. Ақ Жайық өңірінің бозторғайы, саналы ғұмырын музыка саласына арнап, Қазақстандағы пианино өнерінің дамуына ерекше үлес қосқан Гүлжауһар Шомбалованың есімі ұлықталып, еңбегі ұрпаққа насихатталып жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Мәдениет пен өнер біздің қос қанатымыз. Өнер ұлттың жаны болса, мәдениет – рухани келбеті. Оны сақтап, дамыту – әр азаматтың парызы» деп атап өткен болатын. Гүлжауһар Айыпқызы Абай мұрасын дәріптеп, ұрпаққа насихаттады. Сонымен қатар көрнекті композитор Мұқан Төлебаевтың туындыларын шығармаларына енгізіп, көп көңілінен орын тапқан.
Бүгінде мектеп жасындағы балалардың ән айтуға, ұлттық аспаптарды меңгеруге деген құлшынысы мол. Күні кеше кең көлемде аталып өткен Наурыз мейрамында да жас өрендердің өнеріне тәнті болдық. Алдағы уақытта Гүлжауһар Шомбалованың атындағы сыныптан шыққан таланттар талайды сүйсінтіп, қазақ музыкасының қарыштауына үлес қосады деген ойдамын, – деді Г. Шөкеева.
Музыка мектебінің директоры Мұхамбетқали Далбаев Шомбалованың музыкалық мұрасын әлі де зерттеу керек екенін айтты.
– Мен бұл күнді тарихи сәт деп айтар едім. Себебі осы шарадан соң, Гүлжауһар Айыпқызының есімі одан әрі көпке жетері даусыз. Өнер – рухани тәрбиенің көзі. Соның ішінде музыка өнерпазды да, тыңдарманды да ерекше сезімдерге жетелейді. Есігін айқара ашқан фортепиано сыныбы жас шәкірттердің шабыт ордасына айналады, – деді мектеп басшысы.
Гүлжауһар Шомбалова атындағы фортепиано сыныбы келушілерге таныстырылды. Сынып қабырғасында музыканттың фотосуреті мен ол туралы ақпарат ұсынылған. Сондай-ақ белгілі қазақ пианистерінің суреттері де ілулі тұр. Салтанатты ашылу рәсімінде музыка мектебінің 1-сынып оқушысы Сабира Төлешова пианиномен әйгілі композитор Моцарттың шығармаларын орындады.
Нұрым Қайырболатұлы,
«Орал өңірі»