3.04.2026, 17:45
Оқылды: 90

Кооперативтер арқылы мал шаруашылығын несиелеу басталады

Жақында «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес  өтті.  Жиынды облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жүргізді.  Кеңеске жобалық кеңсе мүшелері мен тиісті сала басшылары қатысты.

мамандар галереясы мал шаруа (8)

Келелі кеңесте «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға шағын несие беру және тауарлы несие тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары атап өткендей, бағдарлама іске қосылғаннан бері өңірде ет өндірісі ішкі қажеттілікті толық қамтып отырғандықтан, бұл саланы несиелеу өзекті болмады. Өткен жылдың 17 желтоқсанында облыстық жобалық кеңсе отырысында бағдарлама негізінде шағын несиелеу және лизинг беру мәселесі қаралып, басым бағыттар бекітілді.  Олар:

1. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту;

2. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу;

3. Сүтті бағыттағы мүйізді ірі қара шаруашылығы;

4. Өсімдік шаруашылығы;

5. Құс шаруашылығы;

6. Шағын кәсіпкерлікті дамыту;

7. Бал ара шаруашылығы;

8. Балық шаруашылығы;

9. Қой шаруашылығы (меринос тұқымды қойлар) және  бордақылау;

10. Етті бағыттағы мүйізді ірі қара малын бордақылау (ауыл тұрғындары біріккен АШӨК арқылы).

«Басым бағыттардың 9, 10-тармақтарында ауыл тұрғындары біріккен кооперативтерге етті мүйізді ірі қара мен қойларды бордақылау үшін несие беру тетігі қолдау тапты. Енді бағдарламаны пайдаланып, етті бағыттағы мал шаруашылығын несиелеу басталады», – деді Қалияр Шадиярұлы.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев өз баяндамасында 2023-2025 жылдары өңірге бөлінген 14,8 млрд теңгенің 10,7 млрд теңгесі игерілгенін, яғни 1461 шағын несие берілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде 1884 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде 2025 жылы бөлінген 5,5 млрд теңгенің 1,7 млрд теңгесіне 144 несие рәсімделіп, 280 жұмыс  орны  құрылды.

Кешенді талдау нәтижелері өңірдің ауыл шаруашылығын, әсіресе, мал шаруашылығын дамытуға бейім екенін көрсетті. Осыған байланысты кооперативтер арқылы ірі қара мен қой шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Осыған байланысты кеңесте аудандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Атап айтқанда, ет бағытындағы мал шаруашылығын несиелеу алгоритмін әзірлеу, кооперативтерге қойылатын талаптарды нақтылау және ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын күшейту міндеттелді. Оған қоса, бірқатар аудандарда кемінде 25 жеке шаруашылықты біріктіретін кооперативтерді қаржыландыру ұйымдастырылмақ.

Жаңа жоба-жоспар таныстырылды

Қазіргі кезде елімізде мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданды. Соған орай облыста ауыл тұрғындарын кооперативтерге біріктіру арқылы етті бағыттағы мүйізді ірі қара және қой шаруашылығын бордақылауды несиелеуді жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығы басқармасы бағдарламаны тиімді пайдалану және нәтижелі жүзеге асыру бойынша облыстық жобалық кеңсеге жоба-жоспарын ұсынды. Онда өңірімізде етті мал шаруашылығына (МІҚ, ҰММ) бейімделген Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Сырым және Қаратөбе аудандарында (кем дегенде, әрқайсысы 25 жеке қосалқы шаруашылықты қамтитын, жұмыс істеп тұрған 5 кооператив) қаржыландыру  көзделген.

мамандар галереясы мал шаруа (3)

Басқа аудандар, яғни облыс орталығына жақын орналасқан Бөрлі, Бәйтерек, Тасқала, Теректі және Шыңғырлау аудандары сүтті мал шаруашылығына бейімделген. Сондықтан аталған аудандарға сүт өндірісін дамыту бойынша несие беріп, қала және өңір тұрғында-рын сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету ұсынылды. Осы аудандарда ет бағыты бойынша мал шаруашылығымен айналысуға ниет білдірген тұрғындарға аудандық жобалық кеңсенің ұсынысы негізінде аудандарға арналған лимиттер көлемінің 50/50 пропорциясын (50%-ы – етті, 50%-ы – сүтті мал шаруашылығына бағытталады) сақтай отырып, қаржыландыру мүм-кіндігі қарастырылады. Етті мал шаруашылығын дамыту, соның ішінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несиелеу арқылы кооперациялық тұрақты жүйе қалыптастыру жолдары назардан  тыс  қалмайды.

Жекелерді кооперацияға тарту маңызды

Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға тарту, ол үшін кооперативке біріккен жеке тұрғындарды 10,8 млн теңге көлемінде асыл тұқымды немесе тауарлы ІҚМ аналық мал басын көбейту мақсатында несиелеу  жоспарда  бар.

Кооперативтер 34,6 млн теңгеге несиеленіп, оған асыл тұқымды аналық мал басын (МІҚ, ҰММ) алып, бордақылауға бұқашықтар/қошқарлар алуына жағдай жасалады. Жеке қосалқы шаруашылықтардан келген бұқашықтарды өсіріп, бордақылау алаңына өткізуі керек. Осы жерде кооператив және оның мүшелері мемлекеттік субсидияны (1 келісіне 300 теңге) ала отырып, өзара келісімге сәйкес бөліседі. Мал бордақылау алаңы бұқашықтарды/қошқарларды одан әрі бордақылап, қайта өңдеу кәсіпорнына өткізеді. Кооператив бағдарлама аясында 34,6 млн теңгеге лизинг ала отырып, техникамен және құрал-жабдықтармен қамтылады. 2,5%-дық лизинг – кооперативтің және оның мүшелерінің жеке жем-шөп базасын ұйымдастыруға үлкен көмек болып отыр. Кооператив лизингісінің 50%-ы субсидияланады. Қой шаруашылығы да осы жолмен несиеленеді. Ережеге сәйкес микрокредиттер мал шаруашылығы бағытына 40%-дан аспайтын көлемде, қайта өңдеу саласына 20%-дан кем емес мөлшерде жұмсалуы қадағалануы тиіс.

«Тауарлы несие» насихаты үстесін

Жиында «Тауарлы несие» беру жұмысын жандандыру, тұрғындарға түсіндіру, әр ауданда ауылдық округтер санына қарай тауарлы несие беруді ұйымдастыру мәселесі қозғалды. «Биыл облыс бойынша 28 отбасыға 19,2 млн теңгеге 51 бас МІҚ және 1,5 млн теңгеге 10 бас ҰМҚ, 2,2 млн теңгеге 6 бас жылқы түрінде тауарлы несие берілген. Бұл бағытта Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Бәйтерек және Теректі аудандарында жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Өзге аудандарда қозғалыс бәсең. Бұл бағыттағы жұмыстың орындалуы ҚР Ауыл шаруашылығы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің бақылауында. Аудандық ауыл шаруашылығы және жұмыспен қамту бөлімдері тауарлы несие алушылардың санаттарын (категорияларын) бақылауға алуы керек», – деді Рүстем Зұлқашев.

Жалпы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алушылар және тауарлы несие алушылар жұмыс орындарын ашқан кезде жергілікті мансап орталықтары арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру жағы назарда болуы керек.  Жиында жергілікті жерлерде тауарлы несие беру жұмысын сапалы ұйымдастыру тапсырылды.

Кеңесті қорытындылаған Қалияр Айтмағамбетов берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауда болатынын айтты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің аграрлық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды құрал ретінде өз тиімділігін көрсетіп  отырғанын  жеткізді.

 

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале