БҚО-да полиция мемлекеттік нөмірін изолентамен өзгерткен жүргізушіні ұстады, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Сурет: Polisia.kz
Орал қаласында патрульдік полиция батальоны қызметкерлері патрульдеу барысында Toyota Camry көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің алдыңғы мемлекеттік тіркеу нөміріндегі әріпті әдейі изолента арқылы өзгертіп, жалған нөмірмен көлік құралын басқарғаны анықталды. Бұл құқық бұзушылық жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу. Аталған дерек бойынша жүргізуші жауапқа тартылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.
Заңнамаға сәйкес, көрінеу жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен көлік құралын басқарғаны үшін бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу, сондай-ақ бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру көзделген. Мұндай құқық бұзушылықтар жолдағы тәртіпті бұзып қана қоймай, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысына кедергі келтіріп, қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндіреді.
Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және заң талаптарын бұзбауға шақырамыз. Естеріңізде болсын: әрбір құқық бұзушылықтың өз салдары бар!