5.04.2026, 15:30
Оқылды: 6

«Баракатқа» қолдау болады

Таяуда Астанада футзалдан өткен Х ел чемпионатында өңіріміздің намысын қорғаған бәйтеректік «Барақат» футбол құрамасы қола медаль еншілеген еді. Елге оралған команда мүшелерін аудан әкімі Марат Тоқжанов қабылдады.

image-05-04-26-11-28

Қабылдауға команда капитаны әрі қақпашы Переметный ауылының тұрғыны Бекзат Иманғазиев, шабуылшы Аманжол Мергенов, қорғаушылар Тілеген Сақыпкереев пен Манас Махамбетов, шабуылшылар Рысбек Қоныров, Ықылас Махамбетов және Мұрат Баубеков келді.
Кездесу барысында команданың жетістіктері, ауыл спортының өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлары жан-жақты сөз болды. Аудан әкімі спортшылардың кәсіби деңгейге ұмтылысын жоғары бағалады. Команда жетекшісі болып табылатын Аманжол Мергенов қаржылық қолдау болса, жерлестеріміз әлі талай додадан олжалы оралуға қауқарлы екенін айтты.
- Біздің жігіттер — ауылдың қарапайым балалары. Бірақ біз миллиондаған бюджеті бар, Ресейден немесе Беларуссиядан легионерлер алдыртатын командалармен иық тіресіп ойнап жүрміз. Олар бізді айрықша ойын өрнегін күтпеуі мүмкін, бірақ біз алаңда кімнің мықты екенін дәлелдеп келеміз. Бізге тек жүйелі қолдау мен жаттығуға мүмкіндік болса жеткілікті,-деді ол.
Аудан басшысы қажет қолдау болатынын, команданың ресми түрде аудан атынан шығуына қатысты мәселені облыс деңгейінде талқыланатынын жеткізді. Алайда материалдық бағытқа сеніп, ішкі тәртіпті, дайындықты бәсеңсітіп алмауды да тапсырды.
- Ақша бәрін шеше бермейді. Жағдай жасалған сайын комфортқа бой үйреніп, психикалық тұрғыдан босаңсып кетпеу керек. Намыс болса, нәтиже болады. Сенімді ақтау үшін бұрынғыдан да көбірек еңбектену керек. Ең алдымен, өздеріңе үлкен алғыс білдіргім келеді. Әрқайсыңның жұмыстарың, отбасыларың, бала-шағаларың бар. Соған қарамастан, тамаша дайындықпен, ерекше ойын өрнегін көрсетіп, футболдан аудан намысын республикалық деңгейге көтеріп отырсыңдар. Қазақстан чемпионатында үшінші орын алу — бұл үлкен жетістік. Сендердің бойларыңнан қарапайымдылық пен тектілік көрініп тұр. Нағыз спортшыға тән мінез де осы. Жастар сендерге қарап бой түзейді. Сондықтан жаттығуды күшейтіп, тәртіпті бірінші орынға қойыңдар. Тәртіп бар жерде береке де, жеңіс те болады. Алда әлі талай асулар бар, тек биіктен көрінулеріңе тілектеспін. Ауданымыздың атын шығара беріңдер, - деді Марат Лұқпанұлы.
Айта кету керек, «Баракат» футзал командасы 2022 жылы құрылған. Аз ғана уақыт ішінде спортшылар бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 2023–2024 жылдары БҚО жоғарғы лигасында топ жарса, 2024–2025 маусымында қола жүлдеге ие болды. Ал 2025–2026 жылдың маусымында БҚО суперлигасы чемпионы атанды. Биылғы республикалық чемпионаттағы қола жүлде – осы жүйелі еңбектің заңды нәтижесі.
Кездесу соңында аудан әкімі команданың жеңіп алған кубоктарын музей қорына тапсыру туралы ұсыныс білдірді. Бұл – өскелең ұрпақ үшін үлкен мотивация, спортқа деген қызығушылықты арттыратын маңызды қадам. Сонымен қатар «Баракат» командасының мүшелеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Гүлжаз Баделова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале