7.04.2026, 10:15
Оқылды: 16

Жасыл  инвестиция: Ботаникалық  бақ –  шаһардың  өкпесі

 

DSC08939

Енді  қалаларды  көгалдандыру  ғылыми  негізде  жүзеге  аспақ.  Алматыдағы  ботаника  және  фитоин-тродукция  институтының  ғалымдары  «Green  Science  KZ»  білім  беретін  және  экологиялық  ағартушы-лық  сипатқа  ие  жобаны  қолға  алған.  Мамандар  өңірлердің  климаттық  және  экологиялық  жағдайы-на  зерттеу  жүргізіп,  сол  жерде  өсетін  өсімдік  пен  ағаш  түрлерін  іріктеуде.  Орал  қаласының  аумағына  да  ғалымдар  жаңа өсімдіктер мен тал-теректерді егуде.

Алғашқы  семинар – Оралда

Ботаника және фитоинтродукция институтының ғалымдары Орал қаласындағы ботаникалық бақта шаһарды көгалдандыру жөніндегі ғылыми ұсынымдарын таныстырып, оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға Орал қаласы әкімдігінің, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, БҚО аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілдері, тәлімбақтар, жобалау ұйымдары мен көгалдандырушы компаниялардың мамандары қатысты.

Алматыдағы ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнара Ситпаева өз сөзінде институт жүргізген зерттеу нәтижелерін іс жүзінде енгізу ғылыми білімді тәжірибеге енгізудің маңызды құралы деп атап өтті. Сондай-ақ қала құрылысының өзекті мәселелерін шешуге, қаланы көгалдандырудың тиімділігін арттыруға, аумақтардың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге тікелей үлес  қосатынын  айтты.

– Қазақстан қалаларын ғылыми-практикалық негізде көгалдандыруға бағытталған мұндай семинар елімізде бірінші рет өтуде. Бүгінгі ғылыми жұмыс – «Жасыл даму контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуы: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» бағдарламасы бойынша 2023-2025 жылдары жүргізілген жұмыстың қорытындысы. Соның ішінде көптеген міндеттің бірі Орал қаласындағы көгалдандырудың қазіргі жағдайын анықтау болды. Яғни көгалдандыру үшін қолданылатын өнімдердің түрлері, оның тиімділі-гін арттыру үшін қабылданған шаралар кірді. Әрине, екі жылдық зерттеу нәтижесінде біз, біріншіден, Орал қаласын көгалдандырудың негізі саналатын ең төзімді өсімдіктерді анықтадық. Бо-таниктер Орал қаласын көгалдандыруға пайдалана беру үшін 94 таксонды* ұсынды. Жаңа түрлерді енгізу үшін тағы 95 таксон ұсынылды. Орал шаһарын көгалдандыруда емен ағаштары кеңінен қолданылады. Сонымен қатар қараағаштың түрлері мен теректер бар. Елдің батысындағы бұл шаһар алуан түрлі өсімдік өсіретінімен көшбасшы саналады. Бұл, ең алдымен, қаланың экологиялық және климаттық жағдайына байланысты болса керек. Алайда жасыл кеңістікті күтіп ұстау және көгалдандыру бағытында белгілі бір өсімдіктерді пайдалануға қатысты сұрақтар бар. Мысалы, қалалық мәдениет және демалыс саябағындағы жасыл желектер ғылыми әдіс-тәсілдерді қажет етеді. Жалпы алғанда, Орал – жасыл қала. Бірақ енді мұнда өсімдіктердің жаңа түрлерін өсіріп,  оларды  нақты ғылыми-практикалық тәсілдермен баптап, күткен жөн. Зерттеу барысында тек Оралда емес, сонымен қатар Қазақстанның басқа қалаларында да көгалдандыруда жиі кездесетін қателіктер анықталды. Мәселен, қылқан жапырақты ағаштар шамадан тыс көп өсіріледі. Оларды отырғызуға сәйкес келмейтін жерлерге егіп қояды. Біз экзотикалық немесе сан түрі бар өсімдіктерді өсіруге құмар болмау  керек деп  санаймыз. Ең бастысы, жергілікті жағдайды ескеру керек және олардың жерсінуіне басымдық бер-ген жөн,  – деді Гүлнара Тоқбергенқызы.

Мемлекет басшысы елдегі қалалар мен елді мекендердегі барлық көгалдандыру жұмысы ғылыми-зерттеу институттарының әзірлемелеріне негізделуі керек деген еді. Осы мақсатта аймақтардағы алты ботаникалық бақты біріктірген мемлекеттік ботаникалық бақтардың желісі құрылды. Талапқа сай  көгалдандыру қаражатты да айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. «Оралдағы ботаникалық бақ жақында ашылды. Оны салудағы бастапқы идея өсімдіктерді сынақтан өткізу, ортаға бейімдеу және қалаға өсіруге ұсыну болды. Менің ойымша, бұл – өте жақсы идея. Өйткені қалаларды тиімді көгалдандыру үшін ботаник-интродуктор мамандардың өсімдіктерді көпжылдық интродукциялық сынақтар барысында жинақтаған тәжірибесі мен ғылыми әзірлемелерін пайдаланудың маңызы зор», – деді институт директоры.

zhp-botanicheskij-sad-202505

Өсімдіктердің  ассортименті  бар

Жоғарыда атап өткендей, семинарды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» Chevron компаниясы­мен бірлесіп өткізді. Сондайақ Орал қаласы ботаника­лық  бағының негізін қалаушы әрі жетекшісі Қайрат Кәрімов семинардың өтуіне қолдау көрсетті. «Жасыл­дандыруға ғылыми  көзқарас тек ағаш отырғызу емес, бұл – қалалардың тұрақты және жайлы болашағына салынған инвестиция. Сондықтан біздің компания ботаника және фитоинтродукция институтының нақты секторға көмектесе алатын жасылдандыру және ормандарды қалпына келтіру саласындағы білімді тарату бастамаларын қолдайды», – деп атап өтті Chevron компаниясының әлеуметтік серіктестік жөніндегі аға кеңесшісі  Лейла  Айтмұханова.

«GREEN SCIENCE KZ» жобасының мақсаты – ғылыми негізделген көгалдандыру қағидаттарын табиғи шешімдердің іргетасы ретінде енгізу. Жоба білім беру және  экологиялық ағартушылық сипатқа ие және ғылыми негізделген көгалдандыру қағидаттарын таратуға, сондай-ақ өсімдік ресурстарын орнықты пайдалануды енгізуге бағытталған. Семинарда ботаника және фитоинтродукция институты ғалымдары Батыс Қазақстанның аридті климаты жағдайында жасыл желекті өсіру, күтіп-ұстау жөніндегі ұсынымдарын баяндады. Сондай-ақ Орал қаласын көгалдандыруға қажетті ағаш-бұталы өсімдіктердің ғылыми негізделген ассортиментін таныстырды.

Олар бұл еңбекте өңірдің табиғи климаттық ерекшеліктерін, өсімдіктердің топырақтың тұздануына, ылғал тапшылығына және антропогендік жүктемеге төзім­ді­лігін ескерген. Ғалымдардың ұсынымдары уәкі­летті мемлекеттік құрылымдардың, жобалау және мердігерлік ұйымдардың қолдануына  арналған.

Мысалы, ботаника және  фитоинтродукция институтының дендрология зертханасының меңгерушісі Айнұр Есжанова https://biokadastr.kz платформасын таныстырды.

Онда басқарушылық шешімдер мен ғылыми зерттеулерді қолдау үшін флора мен фауна деректері, визуализациялар, карталар мен есептер біріктірілген. Осы зертхананың аға ғылыми қызметкері Инга Бабай Орал қаласындағы жасыл желектерді күтіп-баптау жөніндегі ұсыныстарды  баяндады.

– Орал қаласын зерттеу барысында шаһардың жасыл қорының негізін құрайтын ағаш өсімдіктерінің ассортименті анықталды. Біз ағаш өсімдіктерінің 102 таксонын тіркедік. 165 таксон өсімдігінің кестесі түзілді. Көгалдандыру үшін жергілікті питомниктерден алынған материалдарды пайдалануды ұсынамыз. Еуропаның тәлімбақтарында өсірілген өсімдіктер өңірдің климатына бейімделмеген. Өсімдіктер­ді  оңтүстік өңірлерден сатып  алмаған жөн. Өйткені тәлімбақта көшет орындарын  қазу және отырғызуға арналған қолайлы уақыттың  вегетацияның басталу мерзі­міне сәйкес келмейді. Қаланы көгалдандыру үшін өнеркәсіптік елді мекендердің санитарлық нормалары ескерілуі тиіс. Яғни әрбір тұр­ғынға жалпы қолданыстағы  14-тен 24 шаршы метрге дейін  жасыл желек келуі тиіс, – деді Инга Валерьевна. Ғалым өз сөзінде ағаштарды отырғызу, санитарлық жолмен кесу, суару, зиянкестер мен аурулардан қорғау жөнінде жан-жақты баяндады.

Әріптесінен соң сөз алған институттың аға ғылыми қызметкері Велта Масалова Орал қаласын көгалдандыру  үшін ұсынылған ағаш өсім­діктерінің ассортиментін та­ныстырды. Оның айтуынша,  зерттеу нәтижесінде шаһар­ды көгалдандыру барысында ағаш-бұта өсімдіктерінің 97 таксоны анықталған. Өсімдіктердің сипаттамасында  олардың табиғи ареалы көрсетілген. Сондай-ақ олардың  түтін мен газға, ыстыққа,  тұзға төзімділігі немесе тө­зімсіздігі, мол және жиі суаруды немесе жерасты суларының жақын болуын қа­жет ететіні сияқты басқа да қасиеттері сипатталған. Ассортиментте Орал қаласында өсіруге ұсынылатын ағаш-бұта өсімдіктерінің 189 атауы бар. Шаһарда өсіруге төзімді өсімдіктердің қатарында маньчжур өрігі, кәдімгі  өрік, сопақ беже (айва), кәдімгі бөріқарақат, амур бөріқарақаты, түкті шие, алқызыл долана секілді өзге де өсімдіктер  бар.

«Ғылыми  ұсыныстардың  маңызы  зор»

– Қаланы көгалдандыру  мен оның экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды бастама көтеріп отырған ұйымдасты-рушыларға алғыс білдіреміз. Орал қаласының әкімдігі жүйелі көгалдандыруды дамытуды және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыруды көздейтін бастамалдар­ды әрқашан қолдайды. Әсіресе, ғылыми қауымдастықтың нақты зерттеу нәтиже­лері мен өңіріміздің климатына және топырақ ерекшелігіне сай тиімді ше шімдерді ұсынуы аса маңызды. Бүгінгі семинар аясында ғы­лымға негізделген ұсыныстар – ағаш, бұта өсімдіктері­нің ассортименті, оларды отырғызу мен күтіп-баптау жөніндегі тәжірибелік кеңестер өте маңызды. Қазіргі таңда Орал қаласында көгалдандыру жұмысы кезең-кезеңмен атқарылуда. Шаһар көшелері мен қоғамдық орындарда ағаш отырғызу, жасыл аймақтарды көбейту, саябақтар мен гүлзарларды жаңарту тұрақты түрде жүргізіліп отыр. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстар ғылыми негізде ұзақ мерзімде жоспарға  сай жүргізілгенде ғана нәтижесін береді. Сондықтан бүгінгі кездесу ғылым мен тәжірибені ұштастырып, ортақ мақсатта жұмылудың жарқын үлгісі деп есептеймін.

Ботаника және фитоинтродукция институты дайындаған өсімдіктердің ассортименті мен көгалдандыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар Орал қаласын әсем әрі халыққа қолайлы шаһар ретінде қалыптастыруға зор үлес қосады деп есептеймін.

Осындай маңызды жобаны жүзеге асыруға атсалысып отырған ботаника және фитоинтродукция институтына,  «Орал ботаникалық бағы»  қоғамдық қорына және Chevron компаниясына алғыс  айтамын, – деді Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин.

Орал қаласы ботаникалық бағының негізін қалаушы және жетекшісі Қайрат Кәрімов экологиялық маңызы зор ғылыми жобаға қолдау білдірді. «Семинардың аймақтың кәсіби қауымдастығын біріктіргеніне қуанышты-мын. Бұл жоғары сапалы, ғылыми негізделген көгалдандыруға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Мазмұнды іс-шараның  Орал ботаникалық бағында өтуі орынды. Біз бұл бақты өсімдіктерді зерттеу және  қолданысқа енгізудің ғылыми-практикалық платформасы ретінде қарастырамыз.

Қаланың көгалдандыру жүйесін нығайту үшін ботаника  және фитоинтродукция институтымен тығыз ынтымақтастық орнатамыз деп сенемін», – деді Қайрат Боранбайұлы. Семинар соңында «Ботаника және фитоинтродукция институты» РМК мен «Орал ботаникалық бағы» қоғамдық қоры өзара меморандумға қол қойды. Сонымен қатар іс-шараға қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Айта кету керек, жоба аясындағы семинарлар алдағы күндері Алматы мен Атырау қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысында өтеді. Жоба биылғы қыркүйек айында  Астана қаласында өтетін іс-шарада  қорытындыланбақ.

*Таксон  –  белгілі  бір  дәрежедегі  туыстық  қатынастағы  өсімдіктер  тобы  және  оған  сол  немесе  басқа  дәрежедегі   белгілі  бір  таксономиялық  катего-рия  берілуі  үшін  жеткілікті  түрде  оқшауланған.  Яғни  «таксон» ұғымы  өсімдіктердің  нақты  топтарына  –  түрге,  тұқымдасқа  және  т.  б.  бөледі.  Мысалы,  таксондар  – амур  барқыт  түрі,  барбарис  тұқымдасы,  рутовые  тұқымдасы  немесе  юлиана  бөріқарақат  түрі,  бөріқарақат  тұқымдасы.

Ясипа  Рабаева,

"Жайық Пресс"

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале