Қаратөбе ауданында көктем айларында сенбілік ұйымдастыру жақсы бір дәстүрге айналып келеді. Биылғы жылы да тазалық айлығы жарияланып, елді мекендерді қоқыстан арылту, қалдықтарын жинастыру, көшелерді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Осы ретте, ол елді мекен аумақтарының санитарлық жағдайын арттыру, көгалдандыру, абаттандыру мақсатында сәуір айының 1-і мен мамырдың 1-і аралығында аудан көлемінде санитарлық-экологиялық айлығы жарияланғанын айтты. Айлық аясында гүлзарлар егіп, арықтар, аула, көшелерді күл-қоқыстан тазарту жұмыстары атқарылады.

Экологиялық айлыққа байланысты ауыл тазылығы бойынша алда атқарылар жұмыстарды ауыл әкімі Ермек Сайновтан білген едік.
-Тазалық айлығында әр отбасы өз үйінің аумағын абаттандыру бойынша шаралар жүргізуге, әсіресе ғимараттың қасбетін, дуалды жөндеп, сырлау және қамтылған жабайы өскен бұталардан, тұрмыстық қалдықтар мен қыс мезгілінен қалған малдың қалдықтарынан тазартуға шақырамыз.
Қаратөбе ауылдық округі аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметімен айналысатын кәсіпкерлік субъектілері бар. Атап айтар босақ жеке кәсіпкер «Асылжан», Нұрбек Қалиахметов және аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі осы жұмыстарды жүзеге асырады. Келісімді бағалары да қолжетімді.
Сонымен қатар, қазіргі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, полигонға шығару, полигонды жайластыру жұмыстарын үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап сатып алу құқығынсыз «Асылжан» жеке кәсіпкерлігіне сенімгерлік басқаруға беріліп отыр. Қаратөбе аудандық мәслихатының 2022 жылғы 9 желтоқсандағы шешімімен бекітілген тарифке байланысты «Асылжан» жеке кәсіпкерлігі тұрғындардан 1 м куб қатты тұрмыстық қалдық үшін 184,76 теңге, мекемелерден 2015,6 теңге төлем алатынын хабарлаймыз, – деп округ әкімі Ермек Бекболатұлы тұрғындарды ауыл тазалығына бей-жай қарамауға шақырды.
Қаратөбе ауылдық округі әкімі аппараты елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу әрекеттері, ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 20 АЕК мөлшерінде, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатындығын ескертеді.
Дегенмен, тазалықты сақтау тек ұйымдастырылған шаралармен шектелмеуі керек. Көп жағдайда қоқысты бейберекет тастау, табиғатқа немқұрайлы қарау секілді келеңсіз әрекеттер әлі де кездеседі. Бұл – қоғамның ортақ мәдениетінің деңгейін көрсететін маңызды мәселе. Сондықтан әр адам өз ауласынан бастап, қоғамдық орындарға дейін тазалықты сақтауға жауапкершілікпен қарауы қажет.
Серікбай Жәлелұлы