
Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде өнерсүйер қаратөбеліктер Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Мәдени – ағарту бірлестігіне» қарасты «Ардагер» клубы ұйымдастырған «Бабалар үні» домбырашылар ансамблі мен халықтық «Ағалар әуені» вокалды тобының концертін тамашалады.
Аталмыш концерт «Бабалар үні» домбырашылар ансамблінің орындауындағы атақты күйші Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйімен бастау алды.
Домбырашылар ансамблі Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Сүгір бабаларымыздан мирас болып келген күй өнерін насихаттап, жұмыстанып келеді. Ансамбльдің жетекшісі – шебер домбырашы, жерлесіміз Амангелді Жанахметов, көркемдік жетекшісі – сырнайда сүйемелдеуші Нұртай Жәнібекұлы.

Концерттік бағдарламада өнер көрсеткен «Ағалар әуені» вокалды тобы қазақ және орыс халық әндерін кеңінен насихаттап келеді. Репертуарларында 70-тен астам ән бар. Аталмыш топ 2015 жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ұйымдастырылған Республикалық ««Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» - атты фестивальде жүлделі орынды иеленіп, лауреат атанып, Конгрессхолда өз өнелерін көрсеткен. 2017 жылдың маусым айында Ресей Федерациясының Самара қаласында өткен «Поволжье» ән фестивалінде бас жүлдені иеленген.
«Ағалар әуені» вокалды тобына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министірлігінің 2018 жылғы 13 ақпандағы №41 бұйрығы бойынша жоғары орындау шеберлігі және көркемдік шығармаларды дамытуға қосқан үлесі үшін «Халықтық» атағы берілген. Топтың жетекшісі Ануар Таумов, музыкалық жетекшісі Нұртай Бейімбетов.
Концерттік бағдарламада «Бабалар үні» ансамблінің орындауындағы Дәулеткерейдің күйі «Қос алқа», Нұрғиса Тілендиевтің «Дала поэмасы», Ахмет Жұбановтың «Би күйі», Құрманғазының күйі «Адай», Сейілхан Құсайыновтың «Мереке» күйлері, аталмыш ансабльдің жетекшісі Амангелді Жанахметов орындаған Есжанның күйі «Соқыр Есжан», Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін орындаған ансамбльдің әншілері Ануар Тауымов пен Шоқан Машановтың, халық әні «Ақкербезді» орындаған термеші Ұлжан Қисметованың, халық әні «Ақбақайды» орындаған Тілекқабыл Құбашевтің өнерлері әнсүйер қаратөбеліктердің көңілінен шығып, үлкен кошеметке бөленді.
«Ағалар әуені» вокалды тобының орындауындағы Е.Хасанғалиевтің «Айналдым елім», Ф.Оңғарсынованың сөзіне жазылған Қ.Құрманәлінің әні «Жайық толқындары», Д.Қажымовтың «Ақжайық – ару мекенім», халық әні «Бір бала», Ш.Ниязбековтың сөзіне жазылған Ө.Байділдаевтың «Туған ел», С.Сейфуллиннің «Тау ішінде», С.Бәйтерековтың сөзіне жазылған Ш.Сариевтің «Қазақстан қыран далам», С.Едігенің «Өмір термесін» орындаған Шоқан Машановтың, Сырымдық Бауыржан Мұстафиевтің сөзіне жазылған Әділбек Сүлейменовтың «Ауылдан хат», С.Адамбековтың сөзіне жазылған Ә.Еспаевтың «Ақмаржан» әнін орындаған Ануар Таумовтың, «Ауыл кеші көңілді» әнін орындаған «Алтын алқа» иегері, жерлесіміз Маншук Ермуханованың, Е.Хасанғалиевтің «Асыл арман» әнін орындаған Серік Карабалиннің өнеріне қаратөбеліктер дән риза болды.
Қасиетті Қаратөбе өңіріне келіп, өз өнерлерін ортаға салған ардагерлердің ізгі істеріне үлкен ризашылығын білдірген аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев қаратөбеліктерді күмбірлеген күйлерімен, әсем әндерімен тербеген өнерлі ардагерлерге алғыс хат пен сыйлықтар табыстап, «Өнерлеріңіз үстем болсын. Сәттілік тілеймін. Ізгілікті істеріңіз алға бас берсін» - деген ізгі тілегін жеткізді.
Ардагерлердің концерттік бағдарламасы жерлесіміз Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен аяқталды.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы