10.04.2026, 15:00
Оқылды: 49

«Aimaq07» ақпараттық жүйесіне инвестициялық  жобалар  енгізілуде

2026 жыл – Цифрландыру және  жасанды интеллект жылы

istockphoto-2156128375-2048x2048

Фото: istockphoto

– Біздің орталық  Ақ Жайық өңіріндегі цифрлық саланың даму бағыттарына жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Жобалық басқару бөлімі облысымыздың өңірлік жобалық кеңсесі болып табылады. Аталған бөлім «Битрикс» жобалық басқару ақпараттық жүйесіне жобаларды енгізеді және олардың жүзеге асырылуына мониторинг жүргізеді. Сонымен қатар жобалық кеңсе «Битрикс» ақпараттық жүйесін пайдалану бойынша практикалық-әдістемелік  көмек  көрсетеді.

Жобалық басқару бөлімінің мамандары ҚР СТ ISO 21502-2022 стандарты бойынша сертификатталған жоба басшысы біліктілігін алған. Жобалық басқару бөлімінің құрамы облыс әкімінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №124 «Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде жобалық басқару кеңсесін құру туралы» өкімімен бекітілген. Осы өкімге сәйкес жобалық кеңсе құрылымында жобалық кеңсе басшысы, әкімшісі, бас менеджері және ішінара менеджерлер бар.

– Махамбет Амантайұлы, «Битрикс» жобалық басқару ақпараттық жүйесіне өңірімізде қандай жобалар  енгізілген?

– Қазіргі таңда аталған ақпараттық жүйе төрт ұлттық жобаның және жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының, жол карталарының  жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Соңғы екі жылда «Битрикс» жобалық басқару ақпараттық жүйесіне 304 жоба енгізіліп, оның 217-сі толық аяқталды, ал 87 жоба іске асырылу сатысында. «Битрикс» жүйесіне «Келешек мектептері», «Қолжетімді интернет», «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту», «Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» атты ұлттық жобалар енгізілген.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 2024-2025 жылдары тоғыз мектеп салу жоспарланған. Бұл күндері сегіз мектептің құрылысы толық аяқталып, бір мектептің Ақсай қаласындағы құрылысы жалғасуда. Одан басқа «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыс бойынша 50 жоба (медициналық пункт, дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт) «Битрикс» жүйесіне енгізіліп, толықтай жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту» бағыты бойынша Казталов аудандық ауруханасы ғимаратын қайта жаңғырту және Ақсай қаласындағы Бөрлі аудандық ауруханасының стационар ғимараттарына қосымша құрылыс салу жобалары ақпараттық жүйеге енгізілді. Аталған жобаларды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының мақсаты – республикалық және облыстық маңызы бар аутомобиль жолдарын мобильді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін цифрлық инфрақұрылым салу. Осы бағытта 2024 жылдан бастап облыстың алты ауданында жеті антенна-діңгек құрылысы жүзеге асырылуда. Олар Сырым, Жәнібек, Теректі, Шыңғырлау, Қаратөбе, Казталов (АДҚ-07-01, АДҚ-07-02)  аудандарында салынуда.

«Энергетикалық және коммуналдық секторды модернизациялау» ұлттық жобасы аясында 2025-2027 жылдары жүзеге асырылатын бірқатар жобалар «Битрикс» жүйесінен орын алды. Ондай жобалар ішінде Орал және Ақсай қалаларының кәріздік тазарту нысандарын қайта жаңғырту жобалары бар. Бұл жобалар қазіргі кезде іске асырылуда және мемлекеттік сараптамадан өткен. Сонымен қатар Мемлекет басшысының 2023-2029 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы бойынша жасақталған жол картасы аясында 73 жоба жүйені толықтырды. Оның ішінде 63 жоба жүзеге асырылды, 10 жоба іске қосылуда.

– Сонда өңірде жүзеге асырылатын барлық жоба «Битрикс» ақпараттық жүйесіне енгізіледі ме? Өткен жылғы жұмыс қорытындысына көңіл тола ма?

– Иә, солай. Президент Әкімшілігі, Үкімет аппараты және орталық атқарушы құрылымдардың тапсырмасына сәйкес өңірде жүзеге асырылатын барлық жоба «Битрикс» ақпараттық жүйесіне енгізілді. Мысалға, «Қазақстан Республикасының су шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары» жол картасы аясында «Битрикс» жүйесіне 59 жоба енгізілді. Оның 8-і толық аяқталып, қалған 51 жоба бойынша жұмыстар  жалғасуда.

Жалпыұлттық жоспар іс-шаралары аясында қолға алынған 26 жоба ақпараттық жүйеге енді. Атап айтқанда, 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен 19 гидротехникалық құрылысты қалпына келтіру және қайта құру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «1300 мектепті қайта жаңғырту және күрделі жөндеу» жобасы аясында 2025 жылы облыстағы алты мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, жүйеге қосылды. «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге  асыру жобасы да толықтай аяқталды. Атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің 2025 жылғы 12 желтоқсандағы хатына сәйкес Ұлттық жобалау кеңсесі жүргізген мемлекеттік құрылымдардың жобалық дамуының апта сайынғы рейтингтік бағалауы шықты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша күллі еліміздің өңірлері арасынан Батыс Қазақстан облысының өңірлік жобалық кеңсесі 3-орынға шықты. Бұл көрсеткіш өңірде жобалық басқару тетіктерінің тиімді енгізілгенін, мемлекеттік құрылымдар арасындағы үйлестіру жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және цифрландыру жобаларын іске асырудағы оң нәтижелерді көрсетеді.

Сонымен қатар жобалық басқару бөлімі өңір басшысы Нариман Төреғалиевтың тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізеді. Негізгі капиталға тартылған инвестициялардың 2026 жылға арналған нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында «Aimaq07» ақпараттық жүйесіне инвестициялық жобаларды енгізу жұмысы жүргізілуде. Аталған ақпараттық жүйе облыс әкімінің тапсырмасымен өңірге тартылған инвесторларға қолдау көрсету және тәуекелдердің алдын алу бағытында қызмет  етеді.

– Сіз басшылық жасайтын орталық өңірде цифрлық трансформация үдерістерін жүзеге асыруға, цифрлық технологияларды енгізе отырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қызмет етеді. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылды?

– Нақты осы айтылған міндет-миссия орталықтың цифрлық жобаларды жүзеге асыру бөліміне жүктелген. Бұл бөлім өңірде цифрлық трансформация үдерістерін іске асыруға, мемлекеттік цифрлық бастамаларды қолдауға ымен қатар бөлімнің негізгі қызметіне заманауи цифрлық технологияларды жүйелі түрде енгізу арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, цифрлық сервистердің сапасын көтеру және өңірдің бірыңғай цифрлық экожүйесін қалыптастыру міндеттері кіреді. Бөлім өз қызметінде үдерістерді аутоматтандыруға, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және тұрғындар үшін электрондық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге басымдық береді. Одан басқа мамандар bko.gov.kz мемлекеттік интернет-ресурстардың тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік сайттардың шаруасын үйлестіру, оларды тұрақты негізде бақылау және мазмұнының өзектілігін қамтамасыз ету  бағытында жұмыстанады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік құрылымдар қызметінің ашықтығын арттыруға және тұрғындардың сапалы әрі сенімді ақпаратпен қамтылуына жол ашады.  Мемлекеттік интернет-ресурстарды сүйемелдеу және мониторинг жүргізу мәселесінде бөлім «IT Hub» IT компаниясымен бірлесіп жұмыстанады. Бірлескен жұмыс аясында сайттардың техникалық тұрақтылығы, ақпараттық қауіпсіздігі және қолданушыларға қолайлылығы қамтамасыз  етіледі.

Цифрлық жобаларды жүзеге асыру бөлімі «Ақылды қала» және «Ақылды өңір» тұжырымдамалар аясында өңірде бірқатар маңызды цифрлық жобаларды іске асырып келеді. Аталған бастамалар қалалық және өңірлік инфрақұрылымды басқарудың тиімділігін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге,  тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осы бағытта өңірде «iKomek 109» бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Бұл жүйе тұрғындардың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, көлік және басқа да әлеуметтік мәселелері бойынша өтініштерін жедел қабылдап, олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Аталған жоба «Ақылды қала» тұжырымдамасының негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Сонымен қатар өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жасанды интеллектпен жабдықталған жаңа бейнебақылау камералары орнатылуда. Осы камералар адам ағынын талдау, көлік қозғалысын бақылау, жол-көлік оқиғаларын анықтау және қоғамдық орындардағы күдікті жағдайларды аутоматты түрде тіркеу мүмкіндіктеріне ие. Жаңа технологиялар жедел әрекет етуге, құқық қорғау құрылымдарының жұмысын жеңілдетуге және жалпы шаһар қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасы аясында деректерді талдау, цифрлық мониторинг және қалалық инфрақұрылымды басқару бойынша жаңа цифрлық шешімдерді енгізу жоспарланып отыр.

– Махамбет Амантайұлы, орталық облыста цифрлық мәдениетті қалыптастыруды, тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруды және жаңа технологияларға деген қызығушылықты дамытуды мұрат етеді. Осы бағытта қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

– 2025 жылы 14 қараша – Цифрландыру күніне орай біздің орталық арнайы ісшара ұйымдастырды. Аталған іс-шара барысында қатысушыларға цифрландырудың мемлекеттік басқарудағы, білім беру мен күнделікті өмірдегі маңызы кеңінен түсіндіріліп, заманауи цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды. Сондай-ақ цифрлық қызметтерді тиімді пайдалану, киберқауіпсіздік және инновациялық шешімдер жөнінде практикалық ақпарат ұсынылды. Мұндай іс-шаралар өңірде цифрлық трансформацияны насихаттауға және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыруға елеулі үлес қосады, – деп айта аламыз.

Цифрлық жобаларды жүзеге асыру бөлімі жастар арасында цифрлық мәдениетті дамыту, ақпараттық технологияларға қызығушылықты арттыру және заманауи дағдыларды қалыптастыру мақсатында киберспорт бағытындағы іс-шараларды  ұйымдастырады. «Uralsk Open Cup 2025 – Counter Strike 2» киберспорт шемпионаты жастар үшін маңызды жарыс алаңына айналды. Аталған турнир командалық жұмыс, стратегиялық ойлау және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Шемпионат барысында «SHERKESH» командасы жеңімпаз атанды. Мұндай дода жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, цифрлық мәдениетті қалыптастыру, киберспортты өңірде дамыту мақсатында өткізілді. Сонымен қатар орталық жергілікті IT компаниялармен және бейінді ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатты. Атап айтқанда, «Torus» IT компаниясымен және БҚО цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, қаланың интерактивті 3D картасы әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Бұл жобалар өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға және ақпараттың қолжетімділігін арттыруға  мүмкіндік  береді.

Цифрлық жобаларды жүзеге асыру бөлімі қоғамдық және білім беру бағытындағы іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысады. Өткен жылы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» республикалық күндері аясында «Кибер Тұмар» атты іс-шара өткізілді. Шара барысында «Киберқауіпсіздік» тақырыбында шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Онда балалардың цифрлық сауаттылығы мен интернеттегі қауіпсіз мінез-құлқына ерекше назар аударылды.

Орал қаласында «Batys Hub» және облыстық цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен студенттер мен жас стартапшыларға арналған «Pizza Pitch» стартап-жобалар байқауы өткізілді. Оған қатысушылар  өздерінің инновациялық идеяларын ұсынып, сарапшылармен, инвесторлармен байланыс орнатты. Бұл байқау жастардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыруға және инновациялық ойлау қабілетін дамытуға  бағытталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағаны мәлім. Цифрлық елге айналуды мақсат етіп қана қоймай, сол стратегиялық жоспарды орындауға нақты қадамдар жасалуда. «Ақпараттық технологиялар орталығы» мекемесі  Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын басшылыққа ала отырып, жасанды интеллект және цифрлық даму саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға атсалысуда. Өңірде жасанды интеллект технологияларын енгізу, деректерді талдау және цифрлық шешімдерді қолдану арқылы басқару процестерін оңтайландыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге, мемлекеттік цифрлық бастамаларды тиімді іске асыруға және тұрғындар үшін қауіпсіз, қолайлы әрі сапалы цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынды. Экономикасы, әлеуеті дамыған елдер секілді Қазақстанда да цифрлық жүйеге ауысып, өнді-рістің дамуы, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында еңбектене береміз.

– Сұхбатыңызға рақмет. Цифрлық елге айналу жолындағы еңбектеріңіз табысты  болсын.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале