11.04.2026, 17:30
Оқылды: 8

«Қазақстан балалары шексіз әлемде»

«Қазақстан балалары шексіз әлемде» жас дарындарға жол ашқан байқау «Қазақстан балалары шексіз әлемде» балалар киносының республикалық фестивалінің облыстық кезеңі қашықтан өткізу ережесіне сәйкес ұйымдастырылып, өңіріміздегі дарынды оқушыларға өз қабілеттерін танытуға зор мүмкіндік берді. Аталған байқауға Ақсуат негізгі мектебінің 6-сынып оқушысы Арман Ринатұлы (жетекшісі – Айдана Алмағамбетова) қатысып, бақ сынады.

image-10-04-26-03-30

Фестивальдің басты мақсаты – балалар кинематографиясын қолдау және насихаттау, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін анықтап, дамыту, олардың өзін-өзі көрсетуіне қолайлы жағдай жасау болып табылады. Сонымен қатар, кинематография арқылы білім алушылардың бойына моральдық-адамгершілік, эстетикалық және этикалық құндылықтарды қалыптастыру, жас буынның рухани, зияткерлік және шығармашылық дамуына ықпал ету, дарынды балалар мен жастарды анықтап, қолдау және оларды қосымша біліммен қамту көзделген.
Арман Ринатұлы "Үздік ғылыми-көркем фильм" номинациясы бойынша республикалық кезеңге жолдама алды. Кішкентайынан атқа мініп, қазақы болмысты терең түсініп өскен ол нағыз ауыл баласының бейнесін айқындайды. Оның өнерге деген қызығушылығы мен талпынысы ерекше, ал шығармашылыққа деген құштарлығы байқау барысында анық көрінді.
Мектеп директоры Ұлболсын Бахитова өз пікірінде:
«Арман білім ордасындағы болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушының бірі. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеген ортада тәрбиеленіп келеді. Оның бойындағы табандылық пен өнерге деген сүйіспеншілік үлкен жетістіктердің бастауы.
Жетекшісі Айдана Алмағамбетова да оқушының қабілетін дұрыс бағытта дамытып, байқау талаптарына сай тыңғылықты дайындық жүргізгені байқалады. Осындай шәкірттеріміздің жетістігі біздің ортақ мақтанышымыз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ мектеп басшысы байқау ережесіне сай қатысушыларға жауапкершілікпен қарау, әрбір баланың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік беру маңызды екенін жеткізіп, Арманға алдағы уақытта да сәттілік тіледі.
Осындай байқаулар жас таланттардың қанатын қатайтып, олардың үлкен өнер жолына қадам басуына себепкер болатыны сөзсіз. Өңіріміздегі талапты жастар еліміздің жарқын болашағының кепілі.

Светлана Ешматқызы
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале