14.04.2026, 14:30
Оқылды: 92

Шыңғырлаулық оқушылар «Күншуақ» бағдарламасына қатысты

image-14-04-26-09-51

 

Жақында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Хамидулла Ислямкулов, аудандық балалар саз мектебінің дәстүрлі ән класының оқытушысы Аманғали Сатпанов өз шәкірттерімен бірге облыстық «Ақжайық» телеарнасының «Күншуақ» бағдарламасына қатысып, ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы жұмыстарды кеңінен таныстырды.

Бағдарлама барысында 28 сәуір күні ауданымызда өтетін «Даламның үні – домбыра» атты облыстық оқушылар арасындағы дәстүрлі ән байқауы туралы жан-жақты ақпарат берілді. Ауқымды шара жас дарындарды анықтауға, олардың өнерін шыңдауға және дәстүрлі ән мұрасын кеңінен дәріптеуге бағытталған.

Эфир аясында ауданымызда дәстүрлі ән өнерін дамыту және оны жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, аудандық мәдениет,тілдерді дамыту,денешынықтыру және спорт  бөлімі тарапынан жүйелі түрде ұйымдастырылып келе жатқан шығармашылық байқаулар, шеберлік сағаттары мен концерттік бағдарламалар ұлттық өнерге деген қызығушылықты арттыруға зор ықпал етуде.

Осы ретте бөлімнің бас маманы Хамидулла Ислямкулов өз пікірінде:

— «Дәстүрлі ән – халқымыздың баға жетпес рухани мұрасы. Оны сақтау және дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда ауданымызда бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығының артуы бізді қуантады. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды жалғастырып, талантты жастарға қолдау көрсету басты назарымызда болады», – деп атап өтті.

Дәстүрлі ән өнері – ұлттың болмысын айқындайтын асыл қазына. Оны сақтау, дамыту және келер ұрпаққа жеткізу мақсатында аудан көлемінде кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас таланттардың өнерін шыңдауға және мәдени ортаның жандануына оң әсерін тигізуде.

Сара Адилова

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале