15.04.2026, 10:15
Оқылды: 11

Бөрліде «Stand-up» жанрында әзіл кеші өтті

Бөрлі аудандық Жастар ресурстық BOLASHAQ COWORKING орталығының ұйымдастыруымен жастар арасында «Stand-up» жанрында әсерлі әрі көңілді кеш өтті. Бұл кеш – жай ғана әзіл айту емес, жастардың шығармашылық әлеуетін, тапқырлығы мен сөзге шешендігін танытқан ерекше алаң болды.

репортаж Стендап

Stand-up – қазіргі таңда әлемге кең тараған әзіл жанры, сөз бен ойдың сахнасы. Оның түп-тамыры XIX ғасырдағы Еуропа мен Америкадағы комедиялық қойылымдардан бастау алады. Кейін бұл бағыт ХХ ғасырда АҚШ-та қарқынды дамып, жеке орындаушының сахнада тұрып, өз өмірінен, қоғамдағы құбылыстардан алынған әзілдері арқылы көрерменмен тікелей байланыс орнататын ерекше өнер түріне айналды. Бұл жанрдың басты ерекшелігі – шынайылық пен еркіндік. Stand-up комиктер алдын ала жазылған мәтінмен қатар, көрерменмен диалогқа түсіп, импровизация жасай алады. Яғни, бұл – тек әзіл емес, ой мен пікірді жеткізудің ерекше формасы.
Негізінде, stand-up қазақ халқына жат емес. Өйткені қазақ – ежелден сөзге шешен, әзілге жақын халық. «Өнер алды – қызыл тіл» деген даналық сөздің өзі-ақ сөз құдіретінің қаншалықты биік бағаланғанын көрсетеді. Халық арасында: «Әзіл айтсаң да, әдеппен айт», «Күлкі – көңілдің ажары» деген қанатты сөздер бар. Бұл – қазақтың әзілді тек көңіл көтеру емес, тәрбиелік мәні бар құрал ретінде қарастырғанының дәлелі. Сахнадағы әр қатысушының өнерінен осы ұлттық ерекшелік айқын байқалды. Олар тек күлдіріп қана қоймай, өмірден алынған мысалдар арқылы ой салып, көрерменнің көңілінен шықты.
Аталған кеш студент жастар үшін шабыт пен серпіліс сыйлаған ерекше шара болды. Осындай форматтағы кездесулер жастардың өзін еркін ұстауына, ойларын ашық жеткізуіне және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор мүмкіндік береді. Бөрлі колледжі мен Ақсай техникалық колледжінің студенттері сахнада студенттік өмір, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым – қатынас, сандық технологиялардың өмірге әсері тақырыптары төңірегінде әзілге толы өнерлерін көрсетті. Қатысушыларға қойылған талаптар да жоғары болды. Әр қатысушы 3-7 минут ішінде тек өз авторлық материалымен өнер көрсетуі тиіс болды. Сонымен қатар, сахна мәдениетін сақтау, көрерменге құрметпен қарау, қоғам нормаларына қайшы келетін әзілдерден аулақ болу – басты шарттардың бірі болды. Қазылар алқасы өнерпаздарды әзілдің мазмұны мен күлкілілігі, орындау шеберлігі, сахнада өзін ұстауы және көрерменнің қолдауы бойынша бағалады.
Байқау қорытындысы бойынша Бөрлі колледжінің студенті Батырхан Есенгелдиев І орын, Ақсай техникалық колледжінің студенті Санжар Берікқали ІІ орын иеленді. Ал ІІІ орынға Ақсай техникалық колледжінің студенттері Ернияз Еснияз бен Бекарыс Ғиззат ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.

Айжарық Нұр
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале