Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Кенесары Нұршинов және ауданға арнайы келген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев Мұратсай ауылының тұрғындарымен кездесті.

Аталмыш кездесуге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайроллин мен аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Руслан Карин де арнайы барып қатысты.
Кездесу барысында суармалы жер мәселесі талқыға салынды.
Ауыл тұрғындардың қазіргі таңда егін егуге арналған жерлер толықтай нысандық жоспарына сай кәсіпкерлерге қолданысқа берілсе, жекенің малы жайылымсыз қалады деген қорқынышы бар екен. Мысалыға, қазір ордалық кәсіпкерге Жалғас Ахметовке 100 гектар жер берілген. Ал аталмыш суармалы жер статусында 800 гектар астам жер болса керек.
Ауыл тұрғыны Алматбек Жақатов:
-Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының басымды бөлігі аталмыш суармалы жердің аумағында жайылуда. Әрине, мына жерде өз кәсібімді жүргізем деген азаматтарға біздің тараптан еш қарсылық жоқ. Дегенмен, қарапайым халықтың жағдайын кім ойлайды? Альтернатива ретінде жайылысқа ұсынатын жер бар ма? Оған қоса "қазіргі таңда екпе шөппен айналысам дейтін кәсіпкер жергілікті тұрғындарға арзандатылған бағада мал азығын ұсынады ма?» деген сұрақ туындайды, - деді.
Рүстем Зұлқашев:
-Қолымызда бар ақпаратқа жүгінер болсақ, Мұратсай ауылындағы тұрғындар саны 900-ге жуық болса, қолдағы ірі қара мал саны 1200-ге жетер- жетпес екен. Ендігі таңда, үкімет бір ірі қараның жайылымына тоғыз гектар жер ұсынуы тиіс. Жалпы ауылға қазіргі таңда жоғардағы көрсетілген ірі қара санын және қойды есепке алатын болсақ 11347 гектар жер қажеттілігі бар екен. Аталмыш жер көлемін резервте тұрған жерді қосып, ауыл тұрғындардың қолданысын беруге дайынбыз. Дегенмен, бұл жерде басқа да мәселе бар. Мысалыға, қолда бар ақпарат бойынша шаруа қожалық болып тіркеліп отырған азаматтар малын ауылдың малына арналған жерінде бағуда екен. Былайша айтқанда ауыл ішінде бағуда. Неге жергілікті тұрғындар осы мәселені өзара көтермейсіңдер? Жиын жасау қажеттілігі бар деген ойдамын. Мысалыға, үкімет тарапынан ол кісіге жер берілді ғой. Үкіметтен берілген субсидияға да қол жеткізген кәсіпкерлердің тарапынан болуы мүмкін. Оған қоса, басқа қожалықтармен келісе отырып қожалыққа берілген жерді жауып пайда көруде. Бірінші кезекте ішкі мәселені өзара шешу қажеттілігі бар. Өкінішке орай қазіргі таңда мемлекеттік мекемелердің қолданыссыз жатырған жерді қайта алу жолдары аз. Сондықтан, тұрғындар жиын өткізіп, тиісті мекеме қызметкерлерін шақырып хаттама тұрғызып, құзырлы органдарға жүгінсе, ауыл тұрғындарының жеке малына арналған жер мәселесі өз шешімін табады деген ойдамын.
Ал жергілікті тұрғындарға арзандатылған бағамен мал азығын ұсыну мәселесі бойынша Жалғас Ахметовтің ісі алға басса, бас тартпайды деген ойдамын, - деді басқарма басшысының орынбасары.

Көрші ауданның жерін Мұратсай ауылдық округіне беру мәселесін мұратсайлық Мирас Есенбаев көтерген болатын.
-Жуырда өңір басшысының орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ағамыздың қатысуымен өткен жиында су қоймасына шекаралас жерді ауылдық округке беруді ұсыныс тастаған болатынбыз. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары бұл мәселе бойынша жұмыстанатындығы туралы жеткізді. Былайша қарағанда сол жерлерге суармалы аумақ статусын беріп, ал қазіргі Мұратсайдағы жерді жеке тұрғындар малының жайылымына қалдырса жақсы болар еді, - дейді ол.
Рүстем Зұлқашев:
-Иә, Қалияр Айтмұхамбетов аталмыш мәселе бойынша тиісті органдарға тапсырма берді. Дегенмен, бұл мәселе оң нәтижесін табуы екі талай. Қазір кім отырған жерін береді? Әрине, келісім барысында басқа жер ұсынармыз. Тағы да басқа келісімге шақырармыз. Келісті дегеннің өзінде басқа ауданның жерін басқа ауданның меншігіне беру оңай іс емес.

Өз тарапымыздан «жұмыстанбаймыз» деп айтпаймыз. Бар мүмкіндігімізді саламыз. Дегенмен, үміт артып қалмауыңыз керек, - деді Рүстем Зұлқашев.
Сонымен қатар, жиын барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді. Оған қоса кооператив құру бойынша ұсыныс та айтылды.
Темхар Рахметолла
Суретке түсірген автор