16.04.2026, 10:00
Оқылды: 116

Күшік кезінде бәрі жақсы, бұралқы ит қайдан шығады?!

ЖП ИТ

Қазақстанда жануарларға қатысты заңнама тағы да өзгерді. ҚР Парламенті Мәжілісі «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулерді қабылдады.

Түсінікті тілмен айтқанда, үкімет 5 күн ішінде иесі табылмаған иттерді эвтаназия әдісімен “мәңгілік ұйқыға” жібермек. 

Соңғы жылдары ел ішінде қаңғыбас иттердің шабуылы, ауыл-аймақтағы малға қауіп, балаларға төнген қатер секілді мәселелер жиілеп кетті. Сырым ауданында бұралқы иттердің қойға шапқан, адам қапқан жағдаяттары болмады емес, болды. Осындай ахуал билікті нақты қадамдарға итермеледі.

Жаңа түзетулердің басты мақсаты – қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Яғни жергілікті атқарушы органдарға қауіпті жануарларға жедел әрекет ету мүмкіндігі беріледі. Бұл – бір жағынан дұрыс шешім. Себебі адам өмірі – бірінші орында.

Алайда мәселенің екінші жағы да бар. Обал деген дүние. Бұл біздің ұлт үшін қадірлі ұғым! Біріншіден, эвтаназиядан басқа да қаңғыбас иттердің “шабуылын” тоқтату жолдары бар. Олар - стерилизация, панажайлар, ең бастысы жауапты иелік мәдениетін қалыптастыру. Бізде осы мәдениет жоғалып бара жатыр ғой…

Заң да қайбір қатыгездіктен шықпақ дейсің?! Осылайша иелердің жауапкершілігін күшейткісі келеді. Себебі, ит асырау – ермек емес, міндет. Жануардың да ақысы, қақысы бар. Пана болуға міндетті қожайыны. Оны қараусыз жіберу, бақылаусыз көбейту – бүгінгі проблеманың түп-тамыры. Егер әр иесі өз жануарына жауап берсе, қаңғыбас ит мәселесі де мұншалық ушығып кетпес еді.

Сондай-ақ жануарларға қатыгездік көрсеткендерге жазаны қатаңдату мәселесі де өзекті. Бұл – қоғамдағы адамгершілік деңгейінің көрсеткіші. Әлсізге күш көрсету – заңмен ғана емес, сана арқылы тоқтауы тиіс.

Иә, қаңғыбас ит мәселесі – бүгінгі қоғамның ең өткір тақырыптарының біріне айналды. Бұл мәселе жуырда Жымпиты ауылдық округінде өткен жиында да көтерілді. Округ әкімі Мейрам Қайырғалиев келтірген деректер шынымен де ойландырмай қоймайды.

Қорқынышты сандар бар. 2025 жылы Жымпиты ауылдық округі бойынша 108 ит жойылған. Ал 2026 жылдың небәрі үш айында 37 иттің өмірін оқ қиған.

Иә, қоғамдық орындарда шұбырып жүріп, жолай өткендерге ырылдап, үріп, қауіп тудырған жағдайлар болған шығар.

Бірақ үру мен қабу – иттің фытыратында бар қасиет емес пе?

Ал жүздеп, ондап жануар көзін жою – адамның жаратылысына қаншалықты сай?

Итті атпақ түгілі, теппеген, “Итті тепкен – ырысты тебеді” деп, жануарға да жанашырлықпен қараған қазақ едік. Бүгін сол түсініктен алыстап бара жатқан жоқпыз ба?

Округ әкімі бұл қадамға амалсыздан барғанын жасырмады. Оның айтуынша, мәселенің түп-төркіні – жауапсыздықта.

“Итті асырадыңыздар ма, қарғыбауға үйретіп, аулаларыңызда тамақтандырып, үйшігінің қасына байлап бағыңыздар. Бұралқы ит те – біреудің иті. Иесі ие болмаған соң, босып, ақыры оққа ілінді”, – деді ол.

Рас сөз.

Ойлансақ, былтыр сеспей қатқан 108 жануардың, биыл оққа ұшқан 37 иттің обалы – сол жануарларға ие болмаған қожайындарының мойнында емес пе?

Қаңғыбас ит – өздігінен пайда болмайды. Ол – кеше ғана біреудің ауласында жүрген, кейін қараусыз қалған тіршілік иесі. Иесі жауапкершіліктен қашқанда, оның зардабын бүкіл қоғам тартады.

“Қыз кезінде бәрі жақсы” дегендей,  “Күшік күнінде бәрі жақсы, бұралқы ит қайдан шығады?!”

Бір анығы – мәселені оқпен не “ажал инесімен” түбегейлі жол емес. Бүгін 37 ит атылды, ертең оның орнына тағы 37 ит пайда болуы мүмкін. Себебі себеп жойылған жоқ.

Себеп – жауапсыздық.

Ендеше шешім де сол тұстан басталуы тиіс. Әркім өз жануарына ие болса, әр аулада тәртіп болса, мұндай қасіретті сандар да болмас еді.

Б. Шерім, 

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале