16.04.2026, 20:00
Оқылды: 12

ТЕХНИКА ТІЛІ – ШЕБЕРЛІК КІЛТІ

М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі аясында Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында республикалық кәсіптік шеберлік байқауының облыстық кезеңі өтті.

5d430003-50c3-4e51-8a02-4a0bd866647f
Аталған байқаудың басты мақсаты арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің мәртебесін арттыру, қатысушылардың озық педагогикалық тәжірибесін насихаттау және республикалық чемпионатқа лайықты үміткерді анықтау болып табылады.
Чемпионатқа Жалпақтал, Бөрлі және М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша білім беретін техникалық және кәсіптік оқу орындарының педагогтері қатысты.

Салтанатты жиында алғашқы құттықтау сөзді колледж директоры Берік Ихсанов алып, бұл байқаудың тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті шыңдауға үлкен мүмкіндік екенін атап өтті. Ол өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласы үшін білікті мамандар даярлауда ұстаздардың еңбегі ерекше маңызды екенін айтып, қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жоғары нәтижелер тіледі.

81c62630-bddd-447c-8875-4e03f2f493b5

Сондай-ақ, ардагер ұстаз Қабаш Жүнісов құттықтау сөз сөйлеп, биылғы жыл жұмысшы мамандықтарына ерекше көңіл бөлінгенін, ел көлемінде техникалық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған игі бастамалардың жүзеге асып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, жұмысшы мамандықтар ел экономикасының дамуына, өндірістің өркендеуіне зор үлес қосады. Ол бүгінгі байқаудың маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқау нәтижесінде жүлделі І орын Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Самат Сұлташевке бұйырса, ІІ орынды М.Б.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Рүстем Қойбағаров иеленді. Ал ІІІ орыннан Бөкейордасы колледжінің өндірістік оқыту шебері Ернар Серіков көрінді. Қатысушы сертификатын М.Б.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің өндірістік оқыту шебері Асхат Құрманғалиев иеленді.
Аталған додада қатысушылар өздерінің кәсіби шеберліктерін жоғары деңгейде көрсетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде үздік деп танылған жеңімпаздар алдағы республикалық кезеңде облыс намысын қорғайтын болады.

 

Бану САМАТ

Ғұмар елі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале