
Сырым ауданы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалық етуімен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, облыстық және аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен шаруашылық жетекшілері қатысты. Кеңесті ашқан Серік Тоқмамбетов жиынның маңыздылығына тоқталып, қатысушыларды ашық пікір алмасуға шақырды.
– Батыс Қазақстан облысы – еліміздің дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы – тұрғындардың тұрмыстіршілігіне тікелей әсер ететін экономиканың маңызды саласы. Сондықтан былтыр атқарылған жұмысты қорытындылап, биылғы жоспарларды талқылаудың маңызы зор, – деді Қалияр Шадиярұлы.
Жиында мал шаруашылығы, көктемгі дала жұмысы, тұқым мәселесі жан-жақты талқыланды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев жерді тиімді пайдалану, жайылым тапшылығы, өсімдік шаруашылығындағы өзекті мәселелер, екпе шөп көлемін арттыру және суармалы алқаптарды дамыту жөнінде нақты деректер келтірді. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өңірлік филиалының директоры Марат Сәрсеев агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа несиелеу тетіктері мен қаржы өнімдері туралы баяндады.
Кеңес барысында облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев соңғы жылдары мал ауруларының алдын алу бағытында атқарылған іс-шаралар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, аудандарда мал қорымдары мен ветеринариялық пункттер салынды. Ветеринарлар көлікпен қамтылып, жалақылары артты. Сонымен қатар ол мал дәрігерлеріне қойылатын талаптардың күшейетінін атап өтті. Өңір үшін өзекті мәселенің бірі – бруцеллез ауруы екені де жасырын емес.
Жиында мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Разиева ауыл шаруашылығы саласына қатысты салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіндірді.
Кездесу барысында шаруашылық жетекшілері өздерін толғандырған сауалдарды қойып, тиісті мамандардан нақты жауап алды. Жиын соңында Қалияр Айтмұхамбетов шаруа қожалықтарының өкілдерін жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Мүсірбек Әлібекұлы,
"Жайық Пресс"