
Шыңғырлаулық Айзере Жауынбай – әдеби кітаптар оқуға жаны құмар жеткіншектің бірі. Аталмыш аудандағы Келешек мектебінің 8-сыныбында оқитын ол күн сайын кітап оқуды әдетке айналдырған. Былтыр Казталов ауданында ұйымдастырылған облыстық «Мен оқыған 30 кітап» байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Айзере бүгінде облыстық поэзия байқауына қатысуға дайындалып жүр. 55-ке жуық әдеби кітап оқыған кейіпкерімізбен Шыңғырлау ауданына іссапарымыз барысында аз-кем тілдескен едік.
Көпбалалы Есеновтер отбасында жарық дүниеге көрінген Айзере – үйдің тұңғышы. Өзінен кейінгі үш бауырына қамқор болып, оң-солын танытып жүр. Қолдары қалт еткенде отыра қалып мерзімді басылымдарды үзбей оқитын ата-анасы Саламат пен Асылгүл дастарқан басында ұл-қыздарынан, әсіресе Айзереден «Қазір қандай кітап оқудасың?», «Қандай кейіпкерлері бар?», «Шығармадағы қай оқиға саған ерекше әсер етті?» деп нақтылап отырады екен. Кейіпкеріміздің әкесі Саламат Есенов отбасылық шаруа қожалықтың жетекшісі болса, анасы Асылгүл Охасова бала тәрбиесімен айналысады. Перзенттеріне «Артық білім – кітапта» екенін ұғындырып жүрген ата-ананың қолдауымен және Шыңғырлау ауданындағы Келешек мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазы Гүлнафис Сейілханованың бағыттауымен балауса қыз бала 5-6-сыныптарда 60-100 бет аралығындағы кітаптарды оқыса, бүгінде 200-400 бет аралығындағы көркем әдеби кітаптарға ден қойған. Былтыр «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы аудандық байқаудан бірінші орын, ал кейін облыстық «Мен оқыған 30 кітап» байқауына қатысып, оданбас жүлдені иеленген болатын.
– Әртүрлі ауторлардың кітаптарын оқып, салыстырғанды жақсы көремін. Мәселен, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының, сондай-ақ Сайын Мұратбеков шығармаларының тәрбиелік мәні зор. Әсіресе Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» аутобиографиялық романында аутордың балалық шағынан, ес біле бастаған, мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына ұшқан ұясы ықпал еткенін баяндай отырып, қазақтың салтдәстүрін, ғұрпын, ұстанымын, дүниетанымын әсерлі бейнелеген. Осы мемуарлық шығарма, бір сөзбен айтқанда, тұтастай тұнып тұрған тәрбие, өнеге. Жазушы Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» хикаят-монологында ауыр науқасқа шалдығып, жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады. Сал ауруына шалдыққан адамның өзі өмірге мұндай құштарлық танытқанда, дені сау адам неге кейде еріншектік, жалқаулық танытып, алдынан қиындық кездескенде бордай үгілетіні қалай деген ойға қаласың.
Сүйіп оқитын ауторларымның бірі – Ғабит Мүсірепов. Ана туралы шығармаларын оқығанда, соңы қалай аяқталар екен деп бітіргенше тағатсыздана асыққан едім.
Кітап оқи бастаған кезде өзімнің шыдамдылығымды сынадым. Екі ай уақыт ішінде 30 кітапты оқып шығу, әрине, оңай емес. Бірақ бастаған ісімді орта жолда қалдырғанды ұнатпаймын, алдыма мақсат қойған соң, қалайда жетуге тырысатын әдетім бар. Сол себепті кітап оқи бастасам, міндетті түрде уақыт созбай аяқтауға тырысамын, – дейді Айзере Жауынбай.
Кейіпкеріміздің сыныптастары да кітап оқуға құштар екен. Әсіресе Айзере қызымыз «Мен оқыған 30 кітап» облыстық байқауынан қатарының алды болып оралған соң құрбы-құрдастары «Қандай шығарманы оқуға кеңес бересің?», «Жақсы кітаптардың тізімі бар ма?» деген секілді кеңес алып, кітапханаға бірге барып, көркем әдебиетті таңдаған сәттер жиі болған. Сондай-ақ ол сабақтан тыс уақытта би үйірмесіне қатысады, аудандық үлгілі «Еркем-ай» би ансамблінің белді бишісі. Шыңғырлау ауданындағы Келешек мектебінің мақтаулы шәкірттерінің бірі – Айзере Жауынбайдың сабақ үлгерімі де өте жақсы.
Ұстаздарынан мақтауды жиі еститін жасөспірім замандастарына Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма» повесін және Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманатын» оқуға кеңес беріп, өзін толғандыратын бірқатар мәселені атап өтті.
– Жасыратыны жоқ, қазір көбі, яғни жасы да, жасамысы да телефонмен уақыт өткізуге әуес. Олар уақытының қалай өтіп кеткенін байқамай қалып жатады. Әсіресе мектеп оқушыларының дені сабақтан шыққан соң үйлерінде кеш батқанша телефон қарайды. Әртүрлі әлеуметтік желіде отырып, ойын ойнайтындары да аз емес. Осы орайда неге үйірмелерге барып, өнер үйреніп, спортпен айналыспасқа деген ой келеді. Аудан-ауылдардың өзінде би билеп, домбыра, қобыз тартып, ән салуды үйрететін үйірмелер бар. Адамға өнер ешқашан артық етпейді. Оқушы кезінен сахнаға шығып, көптің алдына сөйлеуді, өнер көрсетуді меңгергені дұрыс. Қала берді, спорттық секцияларға барып, денсаулықтарын шынықтыруға болады.
Ұлдар каратэ, бокс үйірмелеріне қатысып, өзін қорғауды үйренуі керек. Өйткені ол болашақта өзін ғана қорғап қоймай, әскерге барып, Отанды да қорғауға дайын болуы шарт, – деді кейіпкеріміз.
Бүгінгі білімді, тәрибелі, озат оқушы – ата-ананың немесе мектептің ғана мақтанышы емес, болашақта мемлекетіміздің зияткерлік әлеуетін арттырып, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптастыратын тұлға. Сол себепті «Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» Айзередей жастарымыз көбейе бергей.
Гүлсезім Бияшева,
«Жайық Пресс»