Оралда өткен спорттық және жауынгерлік самбодан Ұлттық ұлан чемпионаты мәресіне жетті. Ел көлеміндегі ірі дода Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының кубогына арналды.

Үш күнге жалғасқан тартысты бәсекеде Ұлттық ұланның 100-ге жуық жауынгері боз кілемде бақ сынап, күш пен шеберліктің, төзім мен табандылықтың үлгісін көрсетті. Жарыс барысында әр салмақ дәрежесінде үздіктер анықталып, әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығы мен спорттық деңгейі сынға түсті.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков пен Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов сөз сөйлеп, жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтады. Олар мұндай ауқымды спорттық шаралар әскери қызметшілердің кәсіби дайындығын арттырумен қатар, олардың рухын шыңдауда айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлері үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Екінші орын «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына бұйырса, үшінші орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығының спортшылары қанағат тұтты.

Айта кету керек, осы додада топ жарған үздік спортшылар мамыр айында Семей қаласында өтетін Ішкі істер министрінің кубогында Ұлттық ұланның намысын қорғайтын болады.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі