Жуырда Астана қаласында «Балалар мен жасөспірімдер қозғалысы принципіндегі интерактивті алаңы» атты екі күнге созылған Республикалық форум өтті. Еліміздің әр тарапынан жиналған оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымының көшбасшылары аталған форумның интерактивті алаңдарында жоғары дайындықпен жеке және командалық жобаларын ұсынып, озық қабілетін таныта білді. Нәтижесінде нағыз үздіктер қатарластарынан оқ бойы оза шауып, командалық және жеке есеп бойынша жеңімпаздар анықталды.

Командалық рейтинг бойынша Батыс Қазақстан облысы 1-орын иеленіп, ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, командалық рух пен көшбасшылықтың үлгісін көрсетті. Шымкент қаласы мен Павлодар облысы 2-орында төбе көрсетсе, Алматы қаласы, Қостанай облысы және Солтүстік Қазақстан облысы 3-орынды қанағат тұтты. Ал жеке рейтинг бойынша жерлесіміз, Подстепный ауылының тумасы Жұлдыз Бекмырза ақыл-парасаты, алғырлығы мен белсенділігін көрсетіп, форумның үздік ТОП-10 номинациясындағы көшбасшылардың қатарынан орын алып, мерейі үстем болды.
Елордамызда өткен ауқымды іс-шара жөнінде Теректі ауданы, Подстепный ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Жұлдыз Бекмырза форумның өту барысы, ұйымдастырылуы және алған әсері жайлы бөлісті.
-Астана қаласында өткен форумға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе әрі маңызды қадам болды. Аталған форумның басты мақсаты – мектептегі өзін-өзі басқару жүйесін жаңа белеске көтеру, жас көшбасшылардың шығармашылық әлеуетін шыңдау және олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін дамыту болды. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен шамамен 400-ге жуық үздік оқушы қатысты. Қатысушылар арнайы іріктеуден өтіп, өз белсенділігімен, көшбасшылық қабілетімен және жетістіктерімен танылған жастар болды. Бағдарлама өте мазмұнды әрі жан-жақты ұйымдастырылды. Пленарлық сессия барысында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ж.Д. Сүлейменованың қатысуымен еркін форматта кездесу өтті. Сонымен қатар, инновациялық алаңда оқушылар өздерінің тың идеялары мен әлеуметтік маңызы бар жобаларын таныстырды. Біз экологиялық мәдениет, азаматтық белсенділік, салауатты өмір салты және еңбек бағыттары бойынша TEDx форматында баяндама жасап, өзара пікір алмастық. Одан бөлек форум аясында танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар» ұлттық орталығына барып, тарихи жәдігерлермен таныстық. Жеке өзім де түрлі жобаларға қатысып, белсенділік таныттым. Соның нәтижесінде үздік 10 көшбасшының қатарына ендім. Бұл мен үшін үлкен жетістік әрі болашаққа деген сенімімді арттырды. Ұйымдастырушылар бізді өте жоғары деңгейде қарсы алып, қонақүйге орналастырып, барлық жағдайымызды жасады. Бұл форумның әсерін одан әрі күшейтті,-деді Жұлдыз. Сонымен қатар білімге құштар, озық ойлы жерлесіміз өз арман-мақсаттарын да жасырмады.

-Менің өмірлік ұстанымым – әрқашан алға ұмтылып, өзімді үздіксіз дамыту. Болашақта мен мұғалім болуды армандаймын. Себебі жас ұрпаққа білім беріп, оларды дұрыс бағытқа жетелеу үлкен жауапкершілік әрі құрметті мамандық деп есептеймін, - деді оқушы. Сөзін аяқтай келе жас көшбасшымыз әрдайым үздіктердің қатарында болып, өз еңбегімен биік жетістіктерге жетіп, жарқыраған жұлдыздай танылғысы келетінін жеткізіп, аталмыш форумдар оның арман-мақсаттарына жету жолында үлкен мотивация беретінін айтып өтті.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, жас жерлесіміздің өзінің ұшқыр ойын, қабілетін көрсете біліп, жүйріктердің қатарынан табылғанына қуаныштымыз. Білімге құштар жастар – еліміздің болашағы. Озат жерлесіміздің шыңдалуына мүмкіндік туып, өзін сан қыры – алғырлығы мен белсенділігін сын сағаттарда көрсете білген ынта-жігерін мақтан тұтамыз. Нағыз көшбасшыға лайық қабілеттерді бойына ұштастырған Жұлдыздың болашағы жарқын боларына сеніміміз мол.
Қаламқас Саясатова
Теректі ауданы