19.04.2026, 14:37
Оқылды: 18

Теректілік жас спортшы – Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері

Қарағанды қаласында өткен дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында теректілік жас спортшы Мәжік Әділхан 42 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.

Мәжік Әділхан

Подстепный ауылының тумасы бұл додада жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қарсыластарымен тартысты белдесулер өткізіп, финалға дейін жетті. Әділханның бұл жеңісі аудан абыройын асқақтатып, жас буынға үлгі боларлықтай табандылық пен еңбекқорлықтың нәтижесін көрсетті. Жас спортшының жетістігі – оның жеке еңбегінің ғана емес, бапкері, «Теректі» спорт клубының әдіскері Азамат Мәжіктің жүйелі дайындығының жемісі. Ұстаз бен шәкірттің бірлескен еңбегі осындай биік белестерге жетелеп отыр. Әділханның күміс жүлдесі – үлкен спорттағы алғашқы қадамдардың бірі. Алдағы уақытта ол республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда да ел намысын қорғап, жаңа жетістіктерге жетеді деген сенім мол. Бұл жеңіс – Теректі ауданы үшін үлкен мақтаныш. Жас спортшыға спорттық жолында сәттілік тілейміз.

Теректілік спортшы аудан намысын абыроймен қорғады

Жуырда Түркістан қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген спортшылар қазақ күресі мен самбо бойынша бақ сынап, өз шеберліктерін көрсетті. Осы жарыста «Теректі» спорт клубының спорт нұсқаушысы Баубеков Мұрат жоғары нәтижеге қол жеткізіп, аудан мерейін үстем етті.

Баубеков Мұрат

Ардагерлер арасындағы қазақ күресінен 35–39 жас санатында 74 келі салмақ дәрежесінде ол жүлделі ІІ орынға ие болды. Бұған қоса, спорттық самбо сайысында 71 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын алып, қос бірдей жүлдемен оралды. Бұл жетістіктер – табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі. Мұрат жарыс барысында өз шеберлігін көрсетіп қана қоймай, Теректі ауданының намысын лайықты деңгейде қорғады. Оның жеңісі аудан спортшыларына серпін беріп, жас буынға үлгі болары сөзсіз. Жеңімпазымызды жарқын жеңісімен құттықтай отырып, алдағы жарыстарда бұдан да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіреміз. Теректілік спортшылардың табыстары ауданның спорттық дәстүрін нығайтып, ел рухын көтере беретініне сенім мол.

Майра Нұрымжанқызы
«Теректі» спорт клубының әдіскері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале