Дүйсенбінің тымық кеші. Қауырт жұмыстан кейін сәл дамыл алатын шақ. Жырсүйер қауым осы кеште аудандық кітапханаға жиналды. Сырға толы, жырға толы кештен сусындауға жиналды. Кітапханашы Әнуар Аманжолов Төлеген Айбергеновтың автобиографиялық жазбаларынан, өлеңдерінен үзінді келтіріп, жып-жинақы жүргізген кеш келместің кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне аттанған заңғар ақын Мұхтар Шахановты үнсіз еске алумен басталды. Өлеңнің құдіретіне, ақынның алыбына тағзым да бұл.

Руханияттың шырағданын алаулату миссиясы жүктелген кітапханашылар көптеген игі жобаларға ұйытқы болып жүр. Солардың бірі – тұсауы кесілген осы акустикалық кеш. Жанды дауыста шырқалған ән, жалынды жыр, жанды толқытқан әуен, ерекше атмосфера, оқырман сырын тоғыстырған мұндай шара алдағы уақытта үздіксіз өткізілмек. Бұл жөнінде аталмыш кеште алғысөзін жиналғандарға арнаған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Роза Мұсағалиева айты. Ол Төлеген Айбергеновтың «Туған елге» өлеңін оқып беріп, жыр керуенін шерулетті.

Бұл шарада Тұрсынай Сейтжанова, Мәншүк Ғабдіраш, Ерке Бақтиярова сынды кітапханашылармен бірге аудан орталығындағы мектептердің ұстаздары мен оқушылары да Т.Айбергеновтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Сонымен қатар Қабыл ауылынан осы кешке арнайы келген жас әнші Мәдина Нұрсейілова ақынның сөзіне жазылған «Мен сені ойлайтынмын», аудандық мәдени-демалыс орталығының әншісі Әнуар Нұрғалиев «Ойлай бер мені» әндерін жанды дауыста шырқап берді.
Жыр тұнған осы кешті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова өлең-сөздің адам баласының жанына берер қуатын, сезімнің тереңін толқындатар ғаламат күші жайында тебірене сөз қозғады.
– Төлеген Айбергенов – дүниеге өзінің аппақ, тап-таза пейілімен келіп, сол көңілмен кеткен ақын. Ғұмыры қысқа болса да, сағыныш атты алапат сезімнің мәнін жырымен ұғындырып, өзі де мәңгілік сағынышқа айналған қазақтың маңдайалды азаматының шығармашылығына осындай дара кеш арнаған кітапханашыларға рахмет! Поэзияның құдіреті сол – оны сүйген адамның жаны әркез сұлу, кіршіксіз таза болады. Ішкі жан дүниеміз өлең оқып тынышталады, – деп түйіндеген оның сөзінен соң Гүлмира Саринаның орындауында ақынның сөзіне жазылған «Сағыныш» әні залды кернеп кетті.
...Мен бұны саған жазып отырмын, арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде...
Әлия Шарапиева
Ақжайық ауданы