21.04.2026, 16:00
Оқылды: 22

Жүректерді тербеген жыр дуэлі

Тасқала аудандық театр ғимаратының киелі сахнасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық «Тәуелсіздік танытқан жыр» атты поэтикалық дуэль көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Бұл тағылымды кеш Тасқала ауданы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облыстық филиалының бірлескен бастамасымен «Әдебиет күні» аясында өтті.

фото 1

Кештің шымылдығы аудандық балалар музыка мектебінің «Қос ішек» ұлт аспаптар ансамблінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйімен ашылып, көрерменді бірден ұлттық рухқа бөледі. Күйдің асқақ үні кештің мазмұны мен мәнін айқындап, поэзия мен өнердің үйлесімді үндестігін паш етті.

Шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысының жолдауларында көрсетілген ұлттық құндылықтарды дәріптеу, тәуелсіздік жылдарында қол жеткізілген жетістіктерді жас ұрпақ санасына сіңіру, туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрметті арттыру, сондай-ақ поэзия арқылы елдік рухты көтеру болды. Әсіресе, Тасқала ауданының тәуелсіздік жылдарындағы даму жолы, табиғи ерекшелігі мен тарихи келбеті ақындардың жырларында кеңінен көрініс тапты.

фото 3

Поэтикалық дуэльге ақындар додасына ұсынған 19 жас ақынның арасынан үздік деп танылған 8 талантты жас ақындар әр ауданнан келіп бақтарын сынады. Олар – Абзал Есенғазы (Қазталов ауданы), Әнуар Аманжолов (Ақжайық ауданы), Төрехан Нәсиев (Жәнібек ауданы), Жанарыс Шәки (Тасқала ауданы), Абылайхан Мақсотов (Ақжайық ауданы), Азамат Бақиев (Жаңақала ауданы), Ернасыл Рысқалиев (Қазталов ауданы) және Арнұр Жұмабай (Тасқала ауданы).

Бұл кештің құрметті қонағы ретінде халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласы мен Тасқала ауданының құрметті азаматы, белгілі ақын Айтқали Нәріков арнайы шақырылып, жас ақындарға ақ батасын берді.

Қазылар алқасының құрамында қазақ әдебиетінің белгілі өкілдері мен қаламгерлері болды. Қазылар алқасының төрайымы – ақын, ұстаз, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дариға Мұштанова. Сонымен қатар халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғайсағали Сейтақ, белгілі журналист, өлкетанушы Қабжан Қазбек және жас ақын, ұстаз Лұқпан Меңдібек болды.

фото 6

Кеш барысында Тасқала ауданының әкімі Талғат Асқарұлы сахнаға көтеріліп, қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Сонымен қатар Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директоры Дариға Мұштанова мен ақын Айтқали Нәріков те жас дарындарға қолдау білдіріп, әдебиеттің қоғамдағы маңызына тоқталды.

Поэтикалық дода бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар алдын ала дайындаған тәуелсіздік тақырыбындағы және туған өлкенің жетістіктерін жырлаған екі өлеңін ұсынды. Бұл кезеңде әр ақынның тақырыпты игеру деңгейі мен көркемдік шеберлігі сараланды.

Екінші кезеңде ақындар өз шығармаларын көпшілікке қайта ұсынып, сахна мәдениеті мен оқу шеберлігін көрсетті. Ал үшінші кезеңде қатысушылар жұптасып, тақырыптық үйлесім тапқан өлеңдерін оқып, нағыз поэтикалық дуэль форматында өнер көрсетті. Бұл бөлім көрермен үшін ерекше қызықты әрі тартысты өтті.

Төртінші, яғни шешуші кезеңде үздік деп танылған 4 ақын жүлделі орындар үшін бақ сынады. Бұл кезеңде де ақындар жұптасып, өзара мықтылығын дәлелдеуге тырысты. Жас ақындардың өнерін тамашалаған көрермен қауым әрбір жырға шынайы ықыласпен қолдау білдіріп, әдеби кештің көркін қыздырды. Әр ақынның өзіндік үні, ой тереңдігі, тіл көркемдігі анық байқалып, олардың болашағынан зор үміт күттіретіні сезілді.

Кеш соңында поэтикалық дуэльдің жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Ынталандыру сыйлығына Жанарыс Шәки, Ернасыл Рысқалиев, Арнұр Жұмабай және Абзал Есенғазы ие болды.

Жүлделі үшінші орынды Әнуар Аманжолов қанжығасына байлады. Ал екінші орын Жаңақала ауданының намысын қорғаған Азамат Бакиевке бұйырды. Бірінші орынды Жәнібек ауданының жас ақыны Терехан Насиев жеңіп алды. Ал байқаудың бас жүлдесі Абылайхан Мақсотовқа табысталды.Жас ақындар дипломдармен, қаржылай сыйлықтармен және арнайы ынталандыру марапаттарымен марапатталды.

Салтанатты марапаттау рәсіміне қазылар алқасының мүшелері мен құрметті қонақтар қатысып, жас таланттардың шығармашылығына жоғары баға берді. Олар ақындардың әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы мен поэзиядағы ізденістерін атап өтіп, болашақта үлкен жетістіктерге жететініне сенім білдірді.

Бұл рухани кеш тек ақындар додасы ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеген, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тереңінен ұғындырған тағылымды шара болды. «Тәуелсіздік танытқан жыр» поэтикалық дуэлі – жас таланттардың қанатын қатайтып, қазақ поэзиясының жаңа буынын танытқан маңызды мәдени оқиға ретінде ел жадында сақталары сөзсіз. Поэтикалық дуэльдің әсерлі сәттерінен кейін рухани шаралар легі Тасқала ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жалғасын тапты. Мұнда «Қалам мен қоғам» атты Ақ Жайық өңірі қаламгерлерінің оқырмандармен кездесуі өтіп, әдебиетсүйер қауым үшін мазмұнды әрі тағылымды кеш ұйымдастырылды.

Кездесуге арнайы келген белгілі қаламгерлер – Дариға Мұштанова, Айтқали Нәріков, Ғайсағали Сейтақ және Қазбек Қабжан – өздерінің өмір жолы, шығармашылық ізденістері, әдебиеттегі тәжірибесі туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Жылы жүздесу еркін форматта өтіп, жас оқырмандар мен әдебиетке қызығушы жастар қаламгерлермен ашық диалог құру мүмкіндігіне ие болды.

Әдеби кеш барысында жастар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Қаламгерлер қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағыттары, ақын-жазушының қоғамдағы рөлі, шығармашылықтағы жауапкершілік пен ізденіс туралы ойларын ортаға салды. Әсіресе, жас буынға бағыт-бағдар берер тағылымды пікірлер айтылып, олардың шығармашылыққа деген ынтасын арттыра түсті.

Кештің көркі қаламгерлердің өз туындыларын үзінді оқуымен әсерлене түсті. Дариға Мұштанованың терең философиялық ойға құрылған жырлары, Айтқали Нәріковтің сыршыл да салиқалы өлеңдері, Ғайсағали Сейтақтың ұлттық рухты асқақтатар шығармалары және Қазбек Қабжанның көркем тілімен өрілген туындылары көрерменге ерекше әсер сыйлады. Залда отырған қауым әрбір өлеңді ықыласпен тыңдап, рухани бір серпіліс алып, бір сәт әдеби әлемге саяхат жасағандай күй кешті. Аталмыш шараның өтуіне аудандық кітапхана ұжымы да бір кісідей атсалысты. Олар дайындаған мазмұны терең көрме де көпшіліктің назарына ұсынылды. Одан бөлек, кітапханашылар жыр сүйер қауымға ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Бұл кездесу тек шығармашылық кеш қана емес, қалам мен қоғамның өзара байланысын терең түсіндіретін, ой мен пікір алмасуға құрылған тағылымды басқосу болды. Қаламгерлер әдебиеттің қоғамдағы маңызына тоқталып, сөз құдіретінің адам тәрбиесіндегі, ұлттық сананы қалыптастырудағы орнын ерекше атап өтті.

фото 5

Шара соңында Тасқала ауданының әкімі сөз алып, өңірге арнайы келіп, рухани кештің мазмұнын байытқан қаламгерлерге алғыс білдірді. Әдебиетке қосып жүрген сүбелі үлестері үшін оларға арнайы алғыс хаттар табысталып, қазақы дәстүрге сай иықтарына шапан жабылды. Бұл – қаламгерлерге көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.

«Қалам мен қоғам» атты бұл кездесу – әдебиет пен оқырман арасындағы алтын көпірді нығайтқан, рухани байланысқа серпін берген мазмұнды шара ретінде есте қалды. Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале