21.04.2026, 17:30
Оқылды: 14

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту - өңір экономикасының тірегі

Тасқала ауданы әкімдігінің мәжіліс залында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған маңызды кездесу өтті. Жиынға аудан әкімдігі өкілдері, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кооператив мүшелері қатысты. Бұл кездесу мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қолдау тетіктерін халыққа кеңінен түсіндіруге бағытталған маңызды алаңға айналды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту - өңір экономикасының тірегі (3)

Кездесуді Тасқала ауданы әкімі аппаратының басшысы Әсел Ибраева жүргізіп, жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауларында кәсіпкерлікті дамыту, бизнесті қолдау және оның құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше мән берілетінін атап өтті. Президент ел экономикасының тұрақты дамуы шағын және орта бизнестің үлесін арттырумен, жаңа жұмыс орындарын ашумен және халық табысын көбейтумен тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту - өңір экономикасының тірегі (4)

Осыған орай, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіру, олардың тиімділігін арттыру және әрбір азаматтың осы мүмкіндіктерді толық пайдалануына жағдай жасау – бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі.

Жиынның негізгі мақсаты – шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған мемлекеттік бағдарламалардың бағыттарымен таныстыру, олардың артықшылықтарын түсіндіру және жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелердің шешу жолдарын қарастыру. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен сала мамандары арасында ашық диалог орнатып, тәжірибе алмасу да басты назарда болды.

Шараға Батыс Қазақстан облысынан келген сала мамандары қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Мейрам Қабдығалиев мемлекеттік бағдарламаларға тоқталса, ауыл шаруашылығы басқармасының өкілі Кеңес Қайдашев аграрлық саладағы мүмкіндіктерді кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар, Самал Темирова жұмыспен қамту тетіктері мен әлеуметтік бағдарламалар туралы баяндама жасады. Ал Ибрай Ахмуратов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сауда саласындағы өзекті мәселелер жөнінде ақпарат берді.

Жиында қаржы институттарының рөліне де ерекше назар аударылды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өкілі ауыл шаруашылығын несиелендіру мүмкіндіктерін түсіндірсе, «ҚазАгроҚаржы» АҚ маманы лизингтік қаржыландыру тетіктеріне тоқталды. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі мемлекеттік қолдау бағдарламалары, субсидиялау және кепілдендіру құралдары туралы жан-жақты мәлімет ұсынды.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту - өңір экономикасының тірегі (1)

Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Әсіресе, қаржыландыруға қол жеткізу, субсидия алу шарттары, кооперацияны дамыту және ауыл кәсіпкерлігін өркендету мәселелері кеңінен талқыланды.

Мамандардың айтуынша, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға толық мүмкіндік бар. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Бекжан Бақытжанұлы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале