21.04.2026, 21:00
Оқылды: 101

Жеңісті жақындатқан жанкешті еңбек

Жыл сайын мамыр айы келгенде барша халық Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің қадірін тағы бір еске алады. Бұл күн – тек майдангерлердің ғана емес, тылда тынымсыз еңбек еткен жандардың да ерлігі ұлықталатын ерекше мереке. Бүгінгі таңда тыл ардагерлері еліміздің мақтанышы, жас ұрпаққа үлгі боларлық еңбек майталмандары. Олардың ерлігі — тарихта мәңгі қалады. Тыл еңбеккерлері майданды астықпен, етпен және басқа да өнімдермен қамтамасыз етті. Трактор тізгінін ұстаған әйелдер мен жасөспірімдер егін алқабында еңбек етті.

image-21-04-26-03-57

Сол тыл ардагерлерінің бірі  бүгінде Алмаз ауылында тұрып жатқан Уакила Сүйеуғалиқызы Абилова.

Уакила анамыз 1933 жылы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, ерте есейді. Жас қыз анасы Балатаймен бірге қойшы ауылға барып, қой сауып, қозы көгендеп, ірімшік пен құрт жасап, оны күнге жайып, тынымсыз еңбек етті. Бұл  сол кездегі ауыл балалары үшін үйреншікті тіршілік еді. Күн ұзаққа созылған ауыр еңбек кешке дейін жалғасып, жиналған өнімді жауапты адамдар алып кететін.

Әкесі Сүйеуғали Нұрекенов басқарма қызметін атқарып, «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген ұранмен елге қызмет етті. Осындай еңбекқор отбасында тәрбиеленген Уакила бес бауырымен бірге еңбектің қадірін ерте түсініп өсті. Таң сәріден кеш батқанша қойшы ауылдың тынымсыз тірлігі жас қыздың жігерін шыңдап, төзімділігін арттырды.

Жеңіс туралы сүйінші хабар ауылға жеткенде, қуаныштан толқымаған жан қалмады. Бұл  көз жасы мен маңдай тердің, қайсарлық пен үміттің жеңісі еді.

Соғыстан кейінгі жылдары да Уакила ана еңбек майданынан қол үзген жоқ. Ол Шыңғырлау ауданының Шілік совхозында трактор айдап, шөп шауып, шөмеле жинап, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосты. Қандай жұмыс болса да, тосылмай атқарып, адал еңбегімен елге танылды.

1954 жылы Шыңғырлау өңірінің азаматы Зейнеш Абиловқа тұрмысқа шығып, отбасын құрды. Жұбайы механизатор болса, Уакила ана да совхоздың алдыңғы қатарлы жұмысшыларының бірі болды. Еңбектен қол үзбей жүріп, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Енесі Күнзира да ауылға сыйлы, ісмер, еңбекқор жан болып, жас келінге бағыт-бағдар беріп, тәрбиесіне зор ықпал етті.

Бүгінде Уакила анамыз 93 жасқа келіп, Алмаз ауылында ұрпақтарының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Саналы ғұмырында көргені мен түйгені мол қарияның әрбір сөзі кейінгі ұрпаққа өнеге.

Уакила ананың бүгінгі ұрпаққа тілегі:

– «Біз көрген қиындықты сендер көрмеңдер. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бірліктеріңді жоғалтпаңдар. Еңбектен қашпаңдар, білім алыңдар. Тәуелсіз елдің қадірін біліңдер. Біз Жеңісті жақындату үшін еңбек еттік, ал сендер сол бейбіт өмірді бағалаңдар, қарақтарым», – деп батасын берді тыл ардагері.

Уакила ананың замандасы, Ұлы Отан соғысы ардагерінің жұбайы Қадиша анамыз да өткен күндерді тебіреніспен еске алады:

– «Біздің буынның көргені аз болған жоқ. Соғыс жылдары әйелдер мен балаларға да оңай тимеді. Бар ауыртпалықты бірге көтердік. Уакила секілді еңбекқор, төзімді жандардың арқасында ауыл тіршілігі тоқтаған жоқ. Бүгінгі жастар бейбіт өмірдің қадірін түсініп, елге адал қызмет етсе екен деймін. Бірлік бар жерде – тірлік бар», – дейді.

Еңбек те, ерлік те ескерусіз қалмайды. Ұрпаққа үлгі болып, жыл өткен сайын жаңғыра түседі.

Жеңіс тек қарумен келген жеңіс емес, ол тылдағы төккен тердің, төзім мен табандылықтың жеңісі. Бүгінде балаларының, немере-жиендерінің ортасында отырған Уакила ана сынды жандардың өмір жолы  ұрпағымыз үшін өшпес өнеге, тағылымы мол тарих.

 

Светлана Байтенова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале