Бүгін Орал қаласындағы «Дарын» оқу-білім орталығында 5–8 сынып оқушыларына арналған «ProEco» экологиялық жобалар конкурсының облыстық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бұл байқаудың басты мақсаты – қоршаған орта мәселелеріне бейжай қарамайтын, зерттеуге бейімі бар дарынды оқушыларды анықтап, олардың ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету.

Аталған конкурс жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды. Қатысушылар түрлі бағыттар бойынша өз жобаларын ұсынып, табиғатты қорғау, экожүйені сақтау және туған өлкенің ерекшеліктерін таныту тақырыптарын жан-жақты ашты.
Соның ішінде «Мені қоршаған әлем – ғажайып әлем» бағыты бойынша Ақсуат негізгі мектебі мектебінің 7-сынып оқушысы Аят Шалабаев ерекше белсенділік танытып, жүлделі ІІІ орынға ие болды. Оның ғылыми жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Ұлболсын Бахитова.
Жас зерттеушінің «Әлемдегі ең кішкентай сарқырама» тақырыбындағы жобасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды. Жоба аясында оқушы табиғаттың бірегей құбылыстарының бірі – шағын сарқырамалардың ерекшеліктерін зерттеп, оны көркем әрі мазмұнды түрде жеткізе білді. Атап айтқанда, бейнетүсірілімдер, шағын деректі фильмдер, көркем әңгімелер мен фотоэсселер әзірленіп, табиғат сұлулығы шығармашылық тұрғыда паш етілді.
Зерттеу нысаны ретінде таңдалған Қараағаш сарқырамасы (Қыз әулие) – Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы аумағында орналасқан ерекше табиғи нысан. Биіктігі небәрі 2–3 метрді құрайтын бұл сарқырама өзінің шағындығына қарамастан, табиғи сұлулығымен және тарихи маңызымен ерекшеленеді.
Сарқырама Қарағаш ауылдық округі аумағында орналасқан және Қыз әулие бұлағынан бастау алады. Оның суы мөлдір әрі өте салқын болып келеді. Бұл нысанның пайда болу тарихы да қызықты: XIX ғасырдың соңында, нақтырақ айтқанда 1898 жылы Нұрмағамбет болыс өз жылқысын суару мақсатында бөгет салдырған. Соның нәтижесінде қазіргі таңда табиғи ескерткішке айналған сарқырама қалыптасқан.
Сонымен қатар, бұл жер Салиха есімді ару туралы аңызбен байланыстырылады. Аңыз бойынша, оның құрметіне Қыз әулие аталып, маңында қасиетті орын – қабірі орналасқан. Осылайша, сарқырама тек табиғи нысан ғана емес, тарихи-мәдени мұра ретінде де бағаланады. Бүгінде ол экологиялық, ғылыми және мәдени маңызы бар қоршаған ортаны қорғау нысандарының тізіміне енгізілген.
Жоба жетекшісі Ұлболсын Бахитова бұл жұмыс туралы өз ойын былай білдірді: «Бұл жоба арқылы біз тек теориялық біліммен шектелмей, өзіміз тұрып жатқан өңірдің табиғи ерекшеліктерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік алдық. Оқушының зерттеу қабілеті артып, туған жерге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі нығайды. Ауылымызға жақын орналасқан сарқыраманың тарихы мен табиғи құндылығын зерделеу біз үшін үлкен тәжірибе болды», – деді ол.
Жалпы, мұндай байқаулар жас ұрпақтың ғылыми ойлауын дамытып қана қоймай, олардың табиғатты аялауға деген көзқарасын қалыптастырады.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы