22.04.2026, 11:00
Оқылды: 19

Бөрліде жеделсатыларды жаңғырту қарқын алды

Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласындағы көпқабатты үйлердің лифтілері мен ыстық және суық сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылуда. Нақтырақ айтсақ, былтыр «Ақсай жаңғырту» ЖШС-ның қолдауымен 10 үйге (154 788 000 теңгеге) жаңа жеделсаты орнатылып, бірқатар үйдің сумен жабдықтау жүйесі күрделі жөндеуден өткен. Бөрлі ауданына іссапарымыз барысында біз «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобалармен таныстық.

«Ақсай жаңғыртудың» жобалары

WhatsApp Image 2026-04-22 at 11.52.53

«Ақсай жаңғырту» ЖШС директоры Замир Мырзағалиевтың (суретте) айтуынша, аталмыш серіктестік Бөрлі ауданы бойынша 2014-2025 жылдар аралығында 126 нысанға күрделі жөндеу жүргізген. Оның 104-і жолаушы лифтілерін ауыстыру жобасы болса, 21-і көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын ауыстыру және біреуі көппәтерлі тұрғын үйді толық күрделі жөндеуден өткізу жобасы-тұғын. Жүзеге асырылған жобалардың жалпы құны 1,9 млрд теңгені құраған. Бүгінде 22 лифтіні ауыстыру бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар жобалық-сметалық құжаттама дайын тұр, бұл жобалар 344,2 млн теңгені қажет етеді. Сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру үшін өтінімдер қабылданып жатыр. Атап айтқанда, биыл 10 лифтіні ауыстыру, көппәтерлі жеті тұрғын үйдің шатырын күрделі жөндеу және екі үйдің сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жоспарланған.
– «Ақсай жаңғырту» компаниясы негізінен көпқабатты үйлердің шатырларын, лифтілерді және сумен жабдықтау жүйелерін толық ауыстыру бойынша жұмыстар атқарады. Өзіңіз білесіз, бірнеше жыл бұрын салынған көпқабатты үйлердің инфрақұрылымы да тозады. Сол үйлерде тұратын пәтер иелерінен өтініш, шағымдар толастамаған соң, жүйелі жұмыстарды қолға алдық. Олар «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» мемлекеттік бағдарлама аясында үйлерін күрделі жөндеуден өткізуге бірауыздан келісім беріп, тиісті құжатқа қол қойған соң жұмыс жалғасады. Осы орайда айта кетсек, көппәтерлі тұрғын үйлердегі ыстық және суық сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту жұмыстарын былтыр алғаш рет бастаған едік. Осы бағытта Ақсай қаласындағы 10шағынаудан, №8 үйде ыстық және суық сумен жабдықтау жүйелеріне 8 млн 59 мың теңге қаржы жұмсалды. Болашақта бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны артпаса, азаймайтыны анық. Өйткені олар аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызды жобалар, – деді Замир Борисұлы.

Жылдан-жылға қымбаттайды

Ақсай шаһарының 10 шағынауданындағы №8 үйдің тұрғындары кейінгі жылдары ыстық судың орнына жиі жылы су ағатынын және оның өзі кейде сыздықтап тұратынын айтып, бірнеше мәрте шағымданған. Аталмыш үйдің тұрғыны Камила Абдуллинаның (суретте) айтуыша, ол бұл үйге осыдан жеті жыл бұрын көшіп келген. Осы уақыт аралығында сумен жабдықтау жүйесінде ақаулар жиі орын алып, ыстық су көбіне қанжылым күйде келіп тұрған. Тұрғындар тарапынан ПИК-ке шағым айтқанымен, ол мәселе уақытша ғана шешіліп, бірнеше айдан соң қайта туындаған. Ал былтыр тамыз айында ыстық су мүлдем келмей қалыпты. Содан тұрғындар бірауыздан аудан әкіміне жолығып, мәселелерін шешіп беруді сұрайды. Сол кезде аудан әкімі «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы туралы айтып, тұрғындар келіссе, көпқабатты үйдің инфрақұрылымын күрделі жөндеуден өткізуге болатынын айтады. Осылайша, тұрғындардың келісімімен сумен жабдықтау жүйелерін ауыстыру жұмысы күзде басталып, жаңа жыл қарсаңында пайдалануға береді.

WhatsApp Image 2026-04-22 at 11.53.28
– Модернизация бағдарламасына қатысып, осындай ауқымды қаражат арқылы үйімізге жүргізілген жөндеу мемлекеттің нақты қолдауының жемісі деп білеміз. Егер мұндай қаражат болмаса, біз, яғни осы үйдің тұрғындары осындай көлемдегі жөндеуді өз күшімізбен атқара алмас едік. Себебі қазір құрылыс материалдары да, жұмыс күші де қымбат. Тұрғындар мұндай игілікке дән риза. Ыстық су да, салқын су да уақтылы, жоғары қысыммен келеді. Енді тұрғындар үшін басты талап – ортақ мүлікті ұқыпты ұстап, төлемді уақтылы жүргізуіміз керек, – деді К. Абдуллина.
Бұл үйге күрделі жөндеуді «Көктем» ПИК жүргізген. Оның төрағасы Юрий Юннің айтуынша, жөндеу барысында ғимараттың кіреберісінен бастап құбырлары, тыйғыштары, жертөледегі су айдайтын сорғылар түгел ауыстырылған. Заманауи инфрақұрылымдық құрылғылар орнатылған. Қазір ол тұрғын үйге келіп тұрған судың қысымы мен температурасын қадағалап отырады. Күрделі жөндеуден соң пәтер иелерінен жылу жүйелеріне, сумен жабдықтауға қатысты арыз-шағым мүлдем түспеген.
– Көпқабатты үйлерге күрделі жөндеу қажет болса, тұрғындар уақыт өткізіп жүрмегені абзал. Өйткені құрылыс материалдарының бағасы күннен-күнге қымбаттап тұрғандықтан, жұмысы да қымбаттай береді. Мәселен, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында осы үйді жөндеуге әр тұрғын жылына 86 мың теңге төлейді. Олардың қалтасына салмақ түспейтіндей, бір жылға немесе 24, 36 айға бөліп төлеуге болатындай мүмкіндік қарастырылды. Бір жыл мерзімге рәсімдегендер айына 7500 теңгеден төлеуде. Тұрғындардың дені бұл қаржыны бірден төлеп тастады. Жалпы су жабдықтарын ауыстыруға 8 миллион 59 мың теңге жұмсалды, 90 пәтер иесіне теңдей бөлінді, – деді Юрий Леонтьевич.

Бөліп төлеген тиімді

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында Бөрлі ауданындағы көпқабатты үйлердің тозығы жеткен жеделсатылары да алмастырылуда. Жеделсатыларды ауыстыруды «Береке» ПИК жүзеге асыруда. Аталмыш пәтер иеле­рі кооперативінің төрайымы Эльмира Өтешеваның мәліметінше, кейінгі екі жылда көпқабатты үйлердің тозығы жеткен 14 лифтісі ауыстырылса, биыл үш жеделсатыны алмастыру жоспарланып отыр.

73c92b89-bd0d-4a80-8810-ef064d4f08ee
– Жеделсатыларға жай және күрделі жөндеу жүргізіледі. Яғни жай жөндеу кезінде сынған әйнектерін темірге алмастырамыз, есіктерін ауыстырамыз, тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін құрылғыларын тексереміз және өрт қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында лифтінің шахтасын тазалаймыз. Ал күрделі жөндеу кезінде жеделсаты толық ауыстырылады. Орнатылған лифтілерге тұрғындар дән риза. Бір лифтінің бағасы шамамен 11-12 миллион теңгенің айналасында шығады. Тұрғындардың қалтасына салмақ түспейтіндей, жеті жылға бөліп төлеуге болады. Бастысы – пайызсыз. Пәтер иелері «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасының тиімділігін түсініп, өтініштер көптеп түсуде. Жалпы модернизация бойынша «Береке» ПИК өте өнімді жұмыс істеп келеді. Аудан әкімінен жыл сайын сертификат аламыз. Ол сертификат арқылы көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандырып, балалар ойын алаңын салып, архитектуралық нысан орнатудамыз, – деді Эльмира Аманкелдіқызы.
Бөрлі ауданындағы «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бұл бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ал бұл жобалар аудандағы инфрақұрылымды одан әрі жақсартуға серпін берері сөзсіз.

Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале