22.04.2026, 11:15
Оқылды: 16

Ірімшік өндіруші кәсіпкер

Орал қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Самал Айтқұлова мемлекеттік қолдауға сүйеніп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Ол кәсібін Ақжайық ауданындағы Алғабас ауылында тұрғанда бастады. Кейін қалаға көшіп келгеннен кейін сүйікті ісін жалғастырды.

c03c98c5-cf17-4634-992b-3d71ad177421

Самал ауылда тұрғанда мал асырап, сүт өнімдерін өндірді.  Жұбайы Асыланбек Хамзин екеуі 60 сиыр  өсірді. Сиырларды өзі сауып, сүттен құрт, май-қаймақ, сүзбе жасайтын. Қазір көпшіліктің көзі ашық, дүкендегі жасанды қоспасы көп өнімдерден гөрі табиғи тағамдарды тұтынғанды жөн көреді. Сондықтан қолдан жасалған сүт өнімдеріне сұраныс кеміген емес. 2023 жылы отбасы қалаға қоныс аударды. Алайда  ауылда бастаған кәсібін тастаған  емес. Мемлекеттің қайтарымсыз қаржылай гранты кәсіпкерлікті  дамытуға үлкен демеу болды. 2021 жылы  Самалдың «Кәусар» жеке кәсіпкерлігі  1 млн 250 мың теңге грант қаржысын алып, оған ірімшік жасауға қажетті ыдыстар, тоңазытқыш сатып алды.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бизнес-жоспарды өзіміз жасап, тапсырғанбыз. Атамыз экономика ғылымдарының майын ішкен ғалым еді. Оның құрастырған кітабы бойынша өзіміз жоба-жоспар жасақтадық. Осылайша 2024 жылы 2,5%-бен бес  жылға  9 миллион 250 мың теңге несие алдық. Соның есебінен Ресейдің Ярославль қаласынан ірімшік қайнататын қажетті жабдықтар және тоңазытқыштар  сатып алдық, – дейді Самал.

Кәсіпкер келіншек Оралдағы «Аутопарк» шағынауданындағы бизнес орталықтан орынды жалға алып, өндірістік цех ашты.  Ол өзінің шағын цехы мен дүкенінде екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қаладағы тіршілік бес балалы  отбасыға оңай тимеді. Алайда ауылдың тірлігіне шыңдалған  ерлі-зайыпты кәсіпкерлер алға ұмтылды. Қазіргі кезде аптасына 500 литр сүт өңдеп, одан 48-50 келі  ірімшік түрлерін, сүт өнімдерін өндіруде. Соның ішінде моцарелла, буррата, сулугуни, качотта, рикотта, халлуми және басқа түрлерін тұтынушыларға ұсынады. Сүтті «Ринго-Милк» шаруа қожалығынан тапсырыспен алдыртады. Ірімшік өнімдері негізінен цехтағы дүкенде және Д. Қонаев көшесіндегі дүңгіршекте сатылады.

– Аптасына 500-600 литр сүт аламыз. Соның 100 литрі сүт пен биойогурт өндірісіне жұмсалады. 100 литр сүт халлуми деген ірімшікті жасауға кетеді. Халлумиге қоса рикотта ірімшігін аламыз.  Сонда осы 100 литр сүттен 7-10 келідей ірімшік өндіріледі. Сондықтан да ірімшік жасау процесі күрделі әрі шығыны көп болғандықтан, өнім бағасы арзан болмайды.  Өйткені таза ақуызды пайдаланамыз. Ірімшіктің паста филата деген түрі бар, оны  жасауға 150 литр сүт керек. Одан бірнеше ірімшік түрі: страчателла, буррата, моцарелла, охака, сулугуни сынды созылатын ірімшіктер қайнатамыз. Качотта деген ірімшікті екі аптада бір рет өндіреміз. Оған 150 литр сүт жұмсалады. Ол екі апта тұрып, бабына келетін ірімшік. Ал белпер кнолле деген ірімшікті айына бір рет өндіреміз. Ол да ұзақ тұрып, кебетін өнім, — дейді ірімшік өндіруші. Оның айтуынша, ірімшікті дайындау кезінде ол микробиологиялық, ферментативтік үдерістерден өтеді. Сондықтан да ірімшік дайын өнім сүтпен салыстырғанда  дәмді әрі нәрлілігі жағынан құнды қасиеттерге ие. Оның құрамында ақуыз, май мол, аса бағалы амин қышқылы, В, РР тобындағы А дәрумендері, пантотен қышқылдары, кальций, фосфор тұздары көп. Бұл өнім  барлық жастағы адамға пайдалы. Оның құрамындағы нәрлі заттарды адам ағзасы түгелге жуық (98-99%) сіңіреді. Құрамында май мен ақуыздардың болуына байланысты ірімшіктің калориялылығы 2500-4500 ккал аралығында. Олар толығымен (96%) адам ағзасына сіңеді.

1c2d7d4b-3942-4767-a5f1-52bab4d70d70

Самал ірімшік жасау кәсібін жақсы меңгерген. Сондықтан да шағын цехқа жұмысқа келгенінде қуанып келетінін айтады. «Таңертең ұйқыдан оянғаннан бастап күнделікті жоспарланған ісіме ерекше ыждағаттылықпен кірісемін. Ешуақытта ана шаруам бар, мына жұмысыма қашан үлгеремін деп уайым қылмаймын. Балаларыма да бағыт-бағдар беремін, олар да өздері сабақтарын оқып, үй шаруасына көмектеседі», – деді көпбалалы ана Самал Айтқұлова.

3e42aaa5-b76c-4742-85e0-b564ce7f5452

Оның балаларының алды Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техни-калық университетінің 1-курсында оқиды, кенжетайлары 2-сыныпты бітіреді. Кейіпкеріміз ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдарды жандандырып, сүт өңдеуді өз бетімен терең меңгерген. «Алдына мақсат қойып, соған жету жолында еңбек еткен адамның жолы болары анық. Тек мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті жіберіп алмау керек», – дейді Самал Айтқұлова.  Расында, еңбек етіп, маңдайы терлегеннің қашанда бағы  жанады.

*  *  *

Облыстық еңбек мобильдігі орталығының бөлім басшысы Ринат Мақсотовтың сөзіне сүйенсек, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға мемлекет тарапынан қайтарымсыз 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар беріледі. Соның ішінде халықтың осал топтарындағы  жеті санат бойынша азаматтарға ұсынылады. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын және көпбалалы отбасылар, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған (жұбайы/зайыбы) отбасылар, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар аталған қайтарымсыз гранттық қаржыға үміткер бола алады. Биыл облыста халықтың әлжуаз тобы санатындағы және көпбалалы отбасыларға, барлығы 350 адамға қайтарымсыз гранттар беру жоспарланған. Егер құс шаруашылығымен, бау-бақша өсірумен, мал және жылыжай  шаруашылығымен айналысқыңыз келсе, мемлекет қолдау  көрсетеді. Сонымен қатар өз кәсібін ашқысы келетін жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысанын кеңейтуге және тігіншілік, шаштараз, кондитерлік өнімдер өндіру кәсібін бастағыңыз келсе, мемлекет қолтығыңыздан демейді.  Ең бастысы, еңбекке құлшыныс  болсын.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале