22.04.2026, 11:30
Оқылды: 19

Ешкітау етегіндегі әдеби күн

 

Жақында Тасқала ауданында Ақ Жайық қаламгерлерінің қатысуымен «Әдебиет күні» өтті.

674682396_4297720143835725_6437216566257911957_n

Әдебиет күні аясында аталмыш ауданда «Тәуелсіздік таңындағы жыр» атты поэтикалық дуэль ұйымдастырылып, Ақ Жайық өңіріндегі белгілі ақын-жазушылармен «Қалам мен қоғам» атты кездесу оздырылды. Бұл жобаның өтуіне Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалы ұйытқы болды. Тарихы тым тереңнен тамыр жайған, табиғаты келісті Тасқала ауданының әкімдігі одақтың осы ұсынысын қуана қабылдап, қолдау білдірді. Осының нәтижесінде өңірдің әдеби-мәдени өміріне серпін беретін маңызды жоба Тасқала төрінде бастау алды.

Сәрсенбі таңында аудан әкімі Талғат Шакиров ақын-жазушыларды сый-құрметпен қарсы алды. Аудандық мәдени демалыс орталығының өнерпаздары ұлттық нақышта киініп, ән шырқап, келген қонақтарға дәм ұсынды, ерекше көңіл-күй сыйлады. Дәстүрлі шашу шашылып, қонақжайлықтың айқын үлгісі көрсетілді. Ақын-жазушылар осындай ыстық ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, аудан жұртшылығымен жүздесуге асық екендерін жеткізді. Ауданға арнайылап келген қаламгерлер – ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласы және Тасқала ауданының құрметті азаматы Айтқали Нәріков, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының директор-өкілі, ақын Дариға Мұштанова, ақын, Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ғайсағали Сейтақ, ақын, өлкетанушы, «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі, «Құрмет» орденінің иегері Қазбек Құттымұратұлы. Сондай-ақ Ақ Жайық атырабындағы жас ақындар да болды. Аудан әкімі Талғат Шакиров ақындарға «қош келдің» айтып, оларды аудан тарихымен таныстырып, мәдени-әдеби іс-шаралардың өтуіне әкімдік қашан да қолдау білдіретінін жеткізді. Одан кейін бұл жылы жүздесу аудан әкімдігі ғимаратында жалғасын тапты.

672669036_4297720063835733_8150406879655921937_n

Тасқала төріндегі әдебиет тойы «Тәуелсіздік таңындағы жыр» атты облыстық поэтикалық дуэльден басталды. Аталмыш жыр додасы ҚР Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды. Байқау шарты бойынша қатысушы екі өлеңін алдын ала жолдауы тиіс. Оның бірі Тасқала ауданының тарихын, тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін өлең өрімдеріне қосса, екіншісі, ұлы мәртебелі Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арнау болды. Осы арқылы әдебиет әлемінде қалам тербеген жас буынның шығармашылық әлеуетін арттырып, орта қалыптастыру. Поэтикалық дуэльге  облыстағы 20-ға жуық өлеңсүйер жас өрен қатысуға ниет  білдірген. Қазылар келіп түскен өлеңдерді жан-жақты  саралап, тартымды деген туындыларды таңдап, ауторларды келесі кезеңге өткізген. Соның нәтижесінде сегіз  жас ақын іріктеуден өтіп, жолдама алды. Олардың қатарында жәнібектік Төрехан Нәси, жаңақалалық Азамат Бақи, ақжайықтық Абылайхан Мақсұтов пен Әнуар Аманжол, казталовтық  Абзал Есенғазы мен Ернәсіл Рысқалиев бар. Оған қоса, Тасқала топырағынан түлеп келе жатқан жергілікті қос жас ақын Жанарыс Шәки мен Арнұр Жұмабай да болды. Дуэль додасында Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ, Қазбек Қабжан және жас ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Меңдібек Лұқпан қазылық етіп, қатысушыларға әділ бағасын берді. Тасқаланың театр ғимаратында өткен әдеби іс-шарада аудан әкімі Талғат Шакиров сөз алып, барша қатысушыға сәттілік тіледі.

– Қазақстан Жазушылар одағының БҚО филиалы мен Тасқала ауданы әкімдігі бірлесіп, бүгін ауданымызда кең көлемде мәдени-әдеби іс-шара өтуде. Бұл іс-шара Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында көтерген бастамаларын жүзеге асыру негізінде ұйымдастырылуда. Яғни өскелең ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, олардың патриоттық сезімін нығайту. Жас ақындардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, туған өлке тарихы туралы білімдерін кеңейтіп, оны поэзия арқылы кеңінен насихаттау.

Бас жүлд еиегері А мақсұтов

Тасқала өңірінің тарихы тереңнен сыр шертеді. Әрі талай талантты түлеткен киелі мекен. Кешегі тау тұлғалардың ізін жалғап, талантты өрендер де өсіп келеді. Бүгінде Тасқаланың төл перзенті, ақын Айтқали ағамызды білмейтін жан кемде-кем. Былтыр Ақ Жайық атырабында Айтқали ағаның мерейлі жасы дүркіреп өткен еді. Тасқаланың ғана емес, тұтас ұлттың перзентіне айналған тұлғаға туған жері қашан да төр ұсынады. Ақын Ғайсағали Сейтақты Тасқала тұрғындары ерекше құрмет тұтады. Қаламгердің тарту еткен «Жайнай бер, Тасқала!» әні аудан жұртшылығының ұранына айналды. Тасқаладағы «Әдебиет күніне» арнайылап келген барша қадірлі мейман мен көрерменге  алғысымды айтамын, – деді аудан әкімі  Т. Шакиров.

Ақ Жайықтың Айтқалиы Тасқала Ресеймен шекаралас аудан болса да, мұнда төл мәдениетіміз үнемі насихатталып, ұрпақ жадында жаңғырып келе жатқанын тілге тиек етті.

– Бүгінгі жырдың дабылы  қазақ даласынан өтіп, Ресей  жеріне де жетеді деп ойлай­мын. Тәуелсіздік алған жылдан бері ұлттық мәдениетіміз, әдебиетіміз, дәстүріміз, салтымыз қайта жанданып, оған жан бітіп келеді. Өнер мен әдебиеттің дамуының тежелуі – үлкен трагедия. Тә­уелсіздік жылдарында өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз қайта табылды. Бүгінгі «Әдебиет тойы» құтты болсын! – дей келе, дуэльге қатысушы жас ақындарға ақжарма  тілегін  жеткізді.

Дуэльдің бірінші кезеңінде жас ақындар алдымен арнау өлеңдерін оқыды. Одан кейін қазылар ұйғарымымен жұпталып, өзара сөз тартысына түсті. Қанатын кеңге сермеген қаламгерлер Ешкітау етегіндегі еңселі елге әдемі өлең өрнектерін тарту етті. Тәуелсіздік туралы толғаған жырлары да жиналған көпшіліктің көңілінен шығып, ыстық қошеметіне бөленді. Төрт аяғын тең басып, «айналасы теп-тегіс, жұмыр келген» төрт жас ақынның өлеңі  ауторды финалдық кезеңге жетеледі. Шаршы топта суырылған Абылайхан Мақсұтов пен Төрехан Нәси, Әнуар Аманжол мен Азамат Бақи дуэль финалын дүбірге бөледі. Қазылар алқасының төрағасы, ақын-жазушы Дариға Мұштанова жас ақындардың өлеңдері бірінен-бірі кем түспейтінін айтты. Қазылар кеңескен соң, жеңімпаз-жүлдегерлерді дүйім жұртшылыққа жария етіп, марапаттады. Нәтижесінде үшінші орынды Әнуар Аманжол місе тұтса, екінші орынды Азамат Бақи еншіледі. Жәнібектік жас ақын Төрехан Нәси бірінші орынды қанжығаға байлады. Бас жүлдені ақжайықтың Қадырқұл ауылынан келген ақын Абылайхан Мақсұтов жеңіп алды. Қадырқұлдың самал желіне жүрегін тосып, ауылдың қоңыр тірлігін жадына тоқып өскен жігіттің жалынды жырлары қазылар мен көрерменнің көңілін баурады. Барша жеңімпаз бен жүлдегерлерге алғысхаттар, қомақты қаржы сертификаттары табысталды.

Тасқала ауданындағы «Әдебиет тойы» ақындар дуэлінен кейін «Қалам мен қоғам» атты тағылымды кездесуге ұласты. Аудан әкімдігіндегі мәжіліс залының төріне Айтқали Нәріков, Дариға Мұштанова, Ғайсағали Сейтақ, Қазбек Құттымұратұлы жайғасып, оқырманмен сырлы сұхбат құрды. Бұл іс-шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазиз жүргізіп отырды. Әдебиет әлеміне жаны ынтық, өлең-жыр сүйер оқырман қатысып, ақындардың әңгімесін тыңдады. Алдымен өңір әдебиетінің ақсақалы, Ақ Жайықтың Айтқалиы өз өмір жолынан сыр шертіп, осы шығармашылық сапардың маңыздылығын айтып, іс-шара шымылдығын түріп берді.

«Мен Тасқала ауданына қарасты Алмалы ауылында дүниеге келіп, Оян ауылындағы орта мектепте білім алдым. 20 жасымда мектепті аяқтап, 30 жасымда институтты тәмамдадым. Білім жолындағы жылдардың осынша созылуы менің оқуға деген ынта, қабілет-қарымымның төмендігінен емес. Ол сол кезеңдегі тұрмыс тауқыметінің әсері еді. Қазір ғой, ұрпақ алаңсыз оқу оқып, қалаған мамандығына түсе алады. Біраз жыл ауылдық кітапханада меңгеруші болып қызмет еттім. Кейін сол кездегі Орал педагогикалық институтын оқып бітіріп, облыстық «Орал өңірі» газетінде еңбек жолымды жалғастырдым. Редакциядағы қызметпен қоса, шығармашылықты да қатар алып жүрдім. Газет оқырмандарына түрлі бағытта мақала ұсынып, жастық жігеріммен әркез шыңдала түстім. Қазіргі қоғамның үнпарақ бетін парақтап, көркем шығармаларды көптеп оқуы маңызды.  Өнермен, соның ішінде әдебиетпен жастар жиі шұғылдануы керек» деп ақыл-кеңесін де ортаға салды ақын.

Ал белгілі өлкетанушы, журналист, ақын Қазбек Құттымұратұлы ақпарат саласында 1995 жыл-дан бері еңбек етіп келе жатқанын айтып, батыс өңірі баспасөз тарихының бастауы екенін әңгіме өзегіне айналдырды.

«Облыстық «Орал өңірі» газетінің әр санының алғашқы бетінде «Газет 1917 жылдан бастап шығып келеді» деген сөйлем тұрады. Өзім осы үнпарақта қызмет ете жүргенде, «Орал өңірінің» ең алғашқы саны туралы зерттеу жүргіздім. Менің осы ойымның үлкен жобаға айналуына «Жайық Пресс» ЖШС-ның сол жылдардағы басшысы Жантас Сафуллин септігін тигізді. Біз бұрын газет атауының тарихы «Известия» – «Хабар» деп білуші едік. Осы атаумен шығатын үнпарақтың алғашқы санын қанша іздегенмен, оны Оралдан, тіпті Қазақстаннан табу қиынға түсті. Сөйтіп Мәскеудегі мұрағатқа арнайы барып таптық. «Хабар» газетінің бірінші нөмірінде «Газет осыған дейін Ордадан шығатын «Ұран» газетінің негізінде ашылды» деген хаттама көзге оттай басылды. «Ұранды» терең зерттей түскенде, оның артында ғасыр тарихы барын аңғардық. 2012 жылы Мәскеуден араб әліппесімен жарыққа шыққан «Қазақстан» газетінің көшірме нұсқасын алдыртып, оны тәржімалап, жинақ шығардық. Онда Ғұмар Қараш секілді тұлғалардың түрлі материалы бар екен.  Кейін Жантас Набиоллаұлының қолдауымен 2012 жылдың соңында өлке тарихы туралы мақала-зерттеулерден сыр шертетін «Дана.kaz» журналы жарыққа шықты», - деп Қазбек Құттымұратұлы Ақ Жайық өңірінің қазақ баспасөз тарихында алар орны ерекше екенін жеткізді.

674676681_4297720127169060_338206380178463586_n

Кездесу барысында ақындар өз шығармашылықтары­нан өлеңдер оқып берді. Ақын, журналист Ғайсағали Сейтақ Тасқала топырағына жат емес. Ол осы өлкеде біраз жыл қызмет атқарып, аудан жайында өлеңдер жазған. «Жайнай бер, Тасқала!» және ауданның  басты символы саналатын «Ешкітау» туралы өлеңі  де сол кезеңдерде шабытты шуақпен жазылса керек.

Жиын соңында аудан әкімі Талғат Шакиров ақындарға алғыс айтып, оларға естелік сыйлық табыстады.

 

Нұрым  Ғұмар,

«Орал  өңірі»,

Тасқала  ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале