22.04.2026, 18:00
Оқылды: 14

Мақсат — өнімді терең өңдеу

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов Янайкин, Көшім және Щапов ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Ашық диалог форматында өткен жиында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы жоспарлар пысықталды.

image-22-04-26-08-57

Ауданның экономикалық көрсеткіші 7,1 млрд теңгеге жетті. Бәйтерек ауданы облыс бюджетіне 8,3 млрд теңге аударып, донорлық аймақ мәртебесін нығайтты. Облыс бойынша өндірілетін егін өнімінің 60-65%-ы осы ауданға тиесілі. Биыл егістік көлемі тағы 2 мың гектарға ұлғайды. «Ауыл аманаты» бойынша аудан республикада алдыңғы қатарда. 1 млрд теңгеден астам қаржы игеріліп, тұрғылықты халықтың тұрақты табыс көзі артқан.

Янайкин ауылдық округі бойынша Богатск ауылына газ тарту құжаттары дайын. Скворкин ауылында ұялы байланыс пен интернет сапасын жақсарту үшін Beeline антеннасы орнатылады. Салықтан артылған 5 млн теңге мектептің спорт алаңын жөндеуге жұмсалмақ.

Көшім ауылдық округінде жаңа мәдениет ошағының құрылысы биылғы жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Өркен және Ақсу ауылдарында ауыз су мәселесі шешілді. Ескі зауыт орнына жаңа инвестор келіп, қайта өңдеу кәсіпорны ашылмақ.

image-22-04-26-08-57-3

Щаповта құны 450 млн теңге болатын ірі инвестициялық жоба (кемпинг, сервис орталығы) іске асырылуда. Мамыр айының соңына дейін ауылда 35 бейнебақылау камерасы орнатылып, тазалық мәселесі қатаң бақылауға алынады.

«Біздің мақсат — тек шикізат сату емес, өнімді терең өңдеуді жолға қою. Сүт өңдеу, жылыжайлар мен кооперацияны дамыту — басты бағытымыз» деген аудан басшысы Марат Тоқжанов жиын барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділік танытып отырған ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.

image-22-04-26-08-57-2

Жиын барысында тұрғындар ескі мектеп, тәртіп пен тазалық және түнгі тыныштық сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі Марат Тоқжанов Үлкен Шаған ауылындағы мектеп мәселесі Министрлік деңгейінде талқылануда екенін, қараусыз жүрген мал иелеріне және заңсыз қоқыс тастағандарға ауыл әкімдері тікелей айыппұл сала алу құқығы барын және мотоцикл мінген жасөспірімдердің мәселесіне қатысты ата-аналары жауапқа тартылатынын айтып, нақты жауап берді.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале