22.04.2026, 23:00
Оқылды: 10

Жәнібек ауданына қарасты үш ауылда аудан әкімінің есеп беру кездесуі өтті

Апта басында Талов ауылдық округінде халық алдындағы есептік кездесу өтті. Жиынға Жәнібек ауданы әкімі Тимур Шиниязов, дербес бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.

678114452_1605950868201248_8328731375190181543_n

Кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес ашық әрі еркін форматта ұйымдастырылды.
Жиында ауылдық округ әкімі Асқар Сәрсенғалиев сөз алып, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, өткен кезеңде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.
Аудан әкімі Тимур Серікұлы өз кезегінде аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, олардың маңыздылығын атап өтті.
Баяндамалардан кейін кездесу сұрақ-жауап форматында жалғасты. Ауыл тұрғындары күнделікті тұрмысқа қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Атап айтқанда, Светлана Гоман ұялы байланыс сапасына тоқталып, электр қуаты сөнген кезде Beeline желісінің істен шығатынын айтып, тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін үш фазалы генератор орнату қажеттігін жеткізді.
Ал Гулназ Утенова мәдениет саласында қызмет атқаратынын айтып, тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында көтерме жәрдемақы алуға көмек сұрады.
Көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, тиісті жауаптар берілді.
Есептік кездесу Жақсыбай ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиынға аудан әкімі Тимур Шиниязов, дербес бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында ауылдық округ әкімі Алмат Қаратаев баяндама жасап, 2026 жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.
Оның айтуынша, есепті кезеңде жұмыспен қамту бағытында бірқатар шаралар жүзеге асырылып, ауыл тұрғындары әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға тартылды, жастар тәжірибесі ұйымдастырылып, бірнеше азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Қыс мезгілінде жауын-шашынның мол болуына байланысты ауылішілік жолдарды уақытылы тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу мақсатында Жақсыбай су қоймасында мұз жару, қорғаныс шаралары ұйымдастырылып, арнайы техника мен жұмыс топтары жұмылдырылды.
Наурыз мерекесі жаңадан салынған мәдени-спорттық кешенде жоғары деңгейде өтіп, ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көктемгі санитарлық айлық аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Инфрақұрылым бағытында Жақсыбай–Еңбек елді мекендері арасындағы жолды жөндеу, су арналары бойынша құжаттарды реттеу және суару жүйесін жетілдіру жұмыстары жоспарлануда.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлікті дамытуға ниет білдіруде.
Ауыл шаруашылығы саласында мал басын көбейту, асыл тұқымды мал алу, егістік алқаптарын кеңейту бағытында жұмыстар қолға алынған. Қуаңшылықтың алдын алу және мал азығын дайындау мақсатында қосымша жерлер игерілуде.
Сондай-ақ, ауыл түлектері тарапынан әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға қолдау көрсетіліп, елді мекеннің көркеюіне үлес қосылуда, -деді ол.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ауылішілік және елді мекендер арасындағы жолдардың жағдайы, оларды күтіп ұстау, жол сапасын жақсарту мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, науқас тұрғындарды аудандық ауруханаға жеткізу, яғни медициналық тасымалдауды ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Бұдан бөлек, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де тұрғындар тарапынан көтерілді.
Көтерілген барлық мәселелер назарға алынып, тиісті түсіндірмелер берілді.
Кездесудің қорытынды кезеңі Борсы ауылдық округінде өтті.
Аудан әкімі Тимур Серікұлы өз баяндамасында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарлар мен басым бағыттарды атап өтті. Сонымен қатар, ауылдық округтерді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және инвестиция тарту мәселелері назарда екенін жеткізді.
Одан соң ауыл әкімі Зинхар Бақтығалиев округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Ауыл шаруашылығы округ экономикасының негізгі тірегі болып қала береді. Шаруа қожалықтары мал басын көбейтіп, асылдандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыспен қамту шаралары іске асырылып, кәсіпкерлікке қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, ауылға инвестиция тарту бағытында нақты қадамдар жасалып, жаңа серіктестік тіркелген.
Білім беру және денсаулық сақтау салаларында да тұрақты жұмыс бар. Екі мектеп пен балабақша, медициналық пункттер тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.

674120683_1605950934867908_845790686204337413_n
Ауылдың санитарлық тазалығы мен абаттандыру жұмыстары тұрақты бақылауда. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, ауыл ішіндегі тазалық жұмыстары жүргізілді. Қыс мезгілінде орын алған қиындықтарға қарамастан, жолдарды тазалау, электр желілерін қалпына келтіру, төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынды.
Қысқаша айтқанда, округте атқарылып жатқан жұмыстар баршылық, дегенмен шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Тұрғындар тарапынан жол сапасы, жұмыссыздық және электр желісінің тұрақтылығы мәселелері көтерілді.
Жиын соңында көтерілген әрбір мәселе бойынша тұрғындар жеке қабылданып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бану Самат

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале