Бүгінгі таңда жастар ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Бұл туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында бірнеше рет атап өтіп, «Жастар – елдің тірегі, мемлекетіміздің болашағы» екенін ерекше назарға алған болатын.

Мемлекет басшысы жастардың белсенділігі мен жауапкершілігі қоғамның сапалы өзгеруіне тікелей әсер ететінін айтады. Осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі – “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып жатқан игі бастамалар.

Солардың жарқын көрінісі ретінде Шыңғырлау және Бөрлі аудандары жастарының жолдастық кездесуі өтті. Шыңғырлау-Бөрлі аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл шара тек сенбілік шеңберінде шектелмей, кең ауқымды рухани әрі әлеуметтік мәні бар кездесу алаңына айналды.

Бұл – достықтың, бірліктің, табиғатқа деген жанашырлықтың және жастар энергиясының шынайы мерекесі болды.
“Таза Қазақстан – таза болашақ!” атты бірлескен экологиялық акцияның негізгі мақсаты жастарды табиғатты қорғауға баулу, олардың экологиялық жауапкершілігін арттыру, екі аудан жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Шара Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, ерекше патриоттық рухта өтті.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Жоламанова бұл кездесудің маңыздылығына тоқталып: «Сіздерді “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып отырған Шыңғырлау және Бөрлі аудандары жастарының жолдастық кездесуінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын.Осындай игі бастамалар арқылы біз бір-бірімізден тәжірибе алып, жаңа идеялармен бөлісіп, ортақ мақсатқа бірге қадам басамыз.Сондықтан сіздердің белсенділіктеріңіз, табиғатқа деген жанашырлықтарыңыз бен азаматтық ұстанымдарыңыз еліміздің ертеңіне қосылған үлкен үлес.Баршаңызға сәттілік, көтеріңкі көңіл-күй және жарқын жетістіктер тілеймін! Еліміздің дамуына қосар үлестеріңіз арта берсін", - деп атап өтті.

Сонымен қатар аудан әкімі Мұрат Өмірәлиевтің атынан Бөрлі жастарына алғыс хат табысталып, олардың белсенділігі мен ұйымшылдығына жоғары баға берілді. Бұл – жастар еңбегінің еленіп, олардың қоғамдағы рөлінің артып келе жатқанын көрсететін маңызды белгі.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жастардың бойында отансүйгіштік, еңбекқорлық және жауапкершілік қасиеттері болуы тиіс» деп атап өткен болатын. Шыңғырлау мен Бөрлі жастарының бұл бастамасы дәл осы құндылықтардың нақты көрінісі.

Кездесу барысында тазалық жұмыстары ғана емес, ұлттық ойындардан сайыстар, түрлі спорттық жарыстар, сондай-ақ заманауи креативті ойындар ұйымдастырылды. Кешкі уақытта алау жанындағы еркін форматтағы кездесу жастарға өзара пікір алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге, мотивациялық әңгімелер айтуға мүмкіндік берді. Мұндай бейресми орта шынайы достықтың қалыптасуына, жаңа жобалардың туындауына ықпал ететін маңызды алаң.
Аталған шараның тағы бір ерекшелігі оның тек бүгінмен шектелмей, болашаққа бағытталғанында. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Бөрлі мен Шыңғырлау жастары бастаған бұл экологиялық әрі әлеуметтік бастама облыстың басқа аудандарына жолданып, кең ауқымды челленджге айналмақ.
Бөрлі ауданы жастармен жұмыс жөніңдегі ресурстық орталығының әдіскері,акцияға қатысушы Жасқанат Ерсайынов:
"Бүгінгі шара жай ғана кездесу емес, бұл – көршілес екі аудан жастарының арасындағы достықтың, өзара ынтымақтастық пен бірліктің жарқын көрінісі.Жобаға қатысу себебіміз біз туған жеріміздің көркеюіне өз үлесімізді қосқымыз келеді.Негізгі мақсатымыз әрине жастарды экологиялық және қоршаған ортаны қолдауға шақыру.Біздің бастамамыз экологиялық мәдениетті насихаттау, табиғатты қорғау жобаларын жүзеге асыру және қоғамның экологиялық белсенділігін арттыру шараларын да қамтиды",- деді.
Қорытындылай келе, “Таза Қазақстан” акциясы аясында өткен бұл кездесу жастардың қоғамдағы белсенділігінің, жауапкершілігінің және бірлігінің айқын дәлелі. Мұндай бастамалар ел болашағының жарқын болуына, экологиялық мәдениеттің қалыптасуына және ең бастысы саналы, белсенді ұрпақтың өсіп шығуына негіз қалайды.

“Таза Қазақстан – таза болашақ!” ұраны тек сөз жүзінде емес, нақты іспен дәлелденіп жатқан игі бастама екені сөзсіз.
Бұл іс-шаралар жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін нығайтып, табиғатты таза ұстауға үлес қосуға шақырады.
Светлана Усалимова,
Шыңғырлау ауданы