23.04.2026, 18:00
Оқылды: 6

БҚАТУ-ға Қытай елшілігінің өкілдері келді

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Қытай Халық Республикасының Ақтөбе қаласындағы елшілігінің өкілдері келді. Шетелдік делегацияны университеттің басқарма төрағасы-ректордың орынбасары, оқу жұмыстары жөніндегі проректор Нұркен Губашев қабылдады.

photo_5424644940572070518_w

Бас елші Го Юй мен оның әріптестеріне ыстық ықыласын жеткізген проректор Нұркен Маратұлы университеттің Қытай мемлекетімен, соның ішінде қытайлық университеттермен әріптестік байланыста екенін атап өтті. Өз кезегінде ҚХР-ның Ақтөбе қаласындағы елшілігінің бас елшісі Го Юй Жәңгір хан университетін еліміздегі беделді әрі жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде танитынын айтты.

– Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде халықаралық байланыстар жоғары деңгейде дамығанын да жақсы білеміз. Осы ретте Қытай еліндегі ауыл шаруашылығы саласы мамандарын даярлайтын Ганьсу университеті де сіздермен бірлесе жұмыс жасауға ниетті. Біз сондай халықаралық әріптестікке дәнекер болып, екі ел арасындағы байланысты нығайта түскіміз келеді, – деді бас елші.

БҚАТУ-дың халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Замзагүл Сұлтанова қонақтарға университеттің бүгінгі тынысы, ғылыми әлеуеті, халықаралық байланыстары туралы айтып өтті. Соның ішінде Жәңгір хан университеті Қытайдағы Тарим университетімен, Солтүстік-батыс ауыл шаруашылық және орман шаруашылығы университетімен, Қытай мұнай университетімен және Бейжің орман шаруашылығы университетімен әріптестік байланыста екенін мәлімдеді.

photo_5424644940572070524_w

Кездесу барысында елшілік пен университет өкілдері екі ел арасындағы халықаралық қарым-қатынас, жоғары білім саласы бойынша екіжақты атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде әңгіме өрбітті. Жәңгір хан университетінің басшылығы Қытайдың ауыл шаруашылығы университетімен әріптестік байланыс орнатуға қызығушылық танытып, әсіресе ғылым бағыты бойынша ізденістерге ерекше мән беретіндерін жасырмады. Бас елші батысқазақстандық жоғары оқу орнының басшылығын Қытайда өтетін ректорлар мен проректорларға арналған семинарға қатысуға шақырды. Сонымен қатар университет студенттері мен оқытушыларына қытай тілін үйрету, университет базасында Конфуций институтын ашу туралы ұсыныс білдірді. Қос тарап тиімді ынтымақтастық орнату тетіктерін талқылап, алдағы уақытта да байланыста болуға уағдаласты.

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале