24.04.2026, 13:00
Оқылды: 11

Әлемді сүйсіндірген Сүлейман

29 сәуір – Халықаралық би күні

 

Осыдан біразырақ уақыт бұрын әлеуметтік желілерде оралдық 12 жастағы Сүлейман Сұлтанның халықаралық байқауда топ жарғаны туралы ақжолтай жаңалық тарады.  Бір сәтке көз алдыңызға елестетіп көріңіз...  Алып сахна, жарық    шамдар, әр елден келген таланттар, ал ортасында қазақтың ұлттық биін билеп тұрған 12 жастағы бала.  Біздің дәстүрлі «Елдің ертеңі» айдарының кезекті кейіпкері – жас өнерпаз Сүлейман Сұлтан. 

WhatsApp Image 2026-04-02 at 09.01.37 (1)

Ол 2013 жылы 22 сәуірде Орал шаһарында жарық дүниеге көрінген. Атаанасы да биші. Сүлейманның алдында Бейбарыс есімді ағасы бар.

Бұл жолы жас биші Қытай астанасы – Бейжің қаласында өткен халықаралық байқауда топ жарып, кубок иеленді. Әлемнің әр түкпірінен келген қатысушылар арасында қазақ биін орындаған Сүлейман қазылар алқасының ең жоғары бағасына ие болып, үздік орындаушы атанды.

Бейжіңдегі байқау жас өнерпаздың есінде ерекше әсер қалдырған.

– Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әр қатысушының дайындығы, сахнадағы өзін-өзі ұстауы бірден байқалды. Көрермендердің қолдауы да ерекше әсер сыйлады, олар әр өнер иесін жылы қабылдап, шынайы қошемет көрсетті. Шамамен 30-40 адам бақ сынады. Ең қызығы – жас ерекшелігіне қарай бөліну болған жоқ, сондықтан сахнада әртүрлі буын өкілдері өнер көрсетіп, бұл жарысқа өзіндік ерекше реңк берді. Мен де сайысқа тыңғылықты дайындалдым. Әрбір жаттығу, әрбір қайталау бекер кетпегенін сахнаға шыққанда сезіндім. Өз еңбегімнің нәтижесін көріп, іштей риза болдым. Дегенмен, шынымды айтсам, бірінші орын аламын деп ойлаған жоқпын. Бәсекелестердің де деңгейі өте жоғары болды.

Сондықтан осы жеңіс мен үшін күтпеген, бірақ шексіз қуаныш сыйлаған сәттердің бірі болды, – дейді Сүлейман.

Балауса бишінің айтуынша, қазылар алқасы оның сахнадағы сабырлылығына, еркін қимылына ерекше назар аударған. Ал бастапқыдағы толқу көрерменнің қошеметінен кейін біртіндеп басылған.

– Көрерменнен шабыт аламын. Сахнаға шыққанда өзімді еркін сезініп, қайта ашыла түсемін, – дейді ол.

Бейжіңдегі байқауға Сүлейман қазақ биін арнайы дайындап барған. Айта кетерлігі, дәл осы би бұған дейін де оған жеңіс әкелген. Мәселен, Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен халықаралық байқауда осы қойылыммен бірінші орын алған.

– Би – мен үшін өнер ғана емес, тұтас бір өмір салтына айналған әлем. Әр қимыл, әрбір ырғақ арқылы өзімді еркін сезініп, ішкі жан дүниемді жеткізе аламын. Әсіресе, қазақ биін билегенде бойымды ерекше бір рух, ұлттық қуат кернейді. Сол себепті жарыстарда да көбіне осы бағытты таңдаймын. Өйткені қазақ биі арқылы өз болмысымды толық ашып, көрерменге шынайы әсер сыйлай аламын деп есептеймін, – дейді жас чемпион.

Шын мәнінде, Сүлейман үшін халықаралық сахна таңсық емес.

Ол бұған дейін де әлемдік фестивальдерде еліміздің атын танытып, маңдайы жарқырап жүр.

Мәселен, Испанияда өткен Fiestalonia Milenio фестивалінде алтын медаль жеңіп алған. Ал 2024 жылы Каталонияда ұйымдастырылған фестивальде Қазақстан атынан өнер көрсеткен жалғыз биші Сүлейман болатын.

Ол додаға Африка, Малайзия, Германия, Украина, Литва секілді 20-дан астам елдің жас таланттары қатысқан. Фестиваль президенті Қазақстанға арнайы келіп, Ақтөбедегі іріктеу барысында Сүлейманды өзі таңдап, Испанияға сапарын толық қаржыландырған. Сонымен қатар ол Бішкек қаласында өткен халықаралық байқауда бас жүлдені иеленіп, тағы бір мәрте өзінің шеберлігін дәлелдеген.

Жас таланттың өнер жолындағы басты тірегі – оның әкесі әрі ұстазы Сұлтан Дәуітов. Ол – Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының көркемдік жетекшісі, балетмейстер.

Әкесінің айтуынша, Сүлейманның биге деген қызығушылығы ерте оянған.

«Сүлейман үш жасынан бастап біздің концерттерімізді көріп өсті. Анасы да биші. Кішкентайынан бізбен бірге гастрольдерге барып жүрді. Бес жасқа келгенде өзі сахнаға шығуды сұрады. Содан бастап оның өнер жолы басталды. Бұрын футболға да барып жүрді. Бірақ жарыстар мен гастрольдер көбейген соң, биді таңдады. Менің би үйрететін кіші құрамым жоқ, сондықтан ол бірден кәсіби бишілермен бірге солист ретінде жұмыс  істей бастады», – дейді әкесі.

Сүлейманның өзі де бұл таңдаудың саналы түрде жасалғанын айтады:

– Әкем ансамбльмен билейтін, соны көріп жүріп, бірге билегім келетінін айттым. Бір тойға алып барды, сол жерде биледім. Содан кейін биге біржола бет бұрдым. Ол кезде ата-анам мұны уақытша қызығушылық деп ойлаған. Бірақ мен кәсіби түрде айналысқым келетінін түсіндім. Қазір жасым он екіде, билеп жүргеніме сегіз жылдай болды, – дейді балауса биші.

Әкесі ұлының би қойылымдарын әдейі күрделі деңгейде дайындайтынын айтады. Ал Сүлейман үшін әкемен жұмыс істеудің де өзіндік тәртібі бар.

– Би кезінде әкеме тек бапкер ретінде қараймын. Айтқанын тыңдаймын. Ал үйде ол мені еркелетеді, сөйлесеміз. Сахна мен үйдегі қарым-қатынас бөлек, – дейді ол.

Бір қызығы, кейіпкеріміздің есімі де ерекше. Үйдегі екі ұлының біреуіне Бейбарыс Сұлтан, екіншісіне Сүлейман Сұлтан деп есім берген әкесі ұлдарының болашақта осы ұлы тұлғалар сияқты болғанын қаласа керек. Ұлдың үлкені – Бейбарыс оқуда озат, бірнеше тіл білетін зерек оқушы.

Қазір Сүлейман Орал қаласындағы эстетикалық бағыттағы гимназияда оқиды. Дүние жүзі тарихы пәні мен спортқа қызығушылығы жоғары. Оқу мен өнерді қатар алып жүру кейде қиын болса да, жас өнерпаз  барлығына үлгеруге тырысып  жүр.

– Көп жағдайда балалар өз жасына сай жеңіл, қарапайым қойылымдармен шектеліп жатады. Ал Сүлейманның әр нөмірі – терең ойластырылған, техникалық тұрғыдан күрделі, мазмұны жағынан «ересек» деңгейдегі туындылар. Мұндай байқаулар Сүлейман үшін тек жарыс алаңы ғана емес, үлкен халықаралық тәжірибе мектебіне айналды. Ол әр елден келген бишілердің дайындығын, сахна мәдениетін, өзіндік стилін көріп, кәсіби тұрғыда көп нәрсе үйренді. Бұл тәжірибе оның шығармашылық көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге ұмтылуына жол ашты. Алдағы уақытта да халықаралық конкурстарға қатысуды жоспарлап отырмыз. Көп жағдайда бізді ұйымдастырушылар өздері шақырады. Бұл – еңбектің бағаланғанының бір көрінісі.

Жас бишілерге айтарым – ең алдымен, дұрыс бағыт-бағдар беретін, кәсіби деңгейі жоғары педагог табу керек. Себебі мықты ұстаз – болашақ жетістіктің берік іргетасы, – дейді Сұлтан.

WhatsApp Image 2026-04-02 at 09.01.38 (3)

Бүгінде қазақтың ұлттық биін әлем сахнасында танытып жүрген жас таланттың жолы енді ғана басталғандай. Егер осы қарқыннан таймаса, Оралдан шыққан жас өнерпаз ертеңгі күні үлкен халықаралық сахналардың тұрақты жұлдызына айналары анық. Біз де оған бек сенімдіміз.

Жан Аят,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале