24.02.2017, 11:23
Оқылды: 31

Қаратөбеде 13 су өткізгіш құбыр тазартылады

Бұл туралы көктемгі су тасқынына дайындық барысы пысықталған жиында айтылды. Отырысқа Қаратөбе ауданының әкімі Асхат Шахаров төрағалық етті.

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдос Әмірғалидің айтуынша,аудан аумағында облыстық маңызы бар 41 шақырым және аудандық маңызы бар 215,2 шақырым жолдар пайдаланылуда. Аталған жолдардың бойында су өткізгіш 24 дана тұрба бар, оларды қардан, мұздан тазалау жұмыстарын жүргізуге мердігер мекемеге тапсырмалар берілді.

- Қазіргі уақытта 3 арнайы техника (2 МТЗ тракторы, су сорғысы орнатылған цистерна), автокөлік ассенизатор, 2400 дана қапшық, 3000 литр дизелдік отын, 1000 литр АИ-80 маркалы бензин, 3 дана су сорғысы, 2 дана қайық, 1 дана дала шатыры (10 орынды) және «Бақыт жолдары» ЖШС-нің 4 техникасы (К701, ХТА, ДТ, МТЗ тракторлары) бар. Жылдағыдай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мамандарымен ауыл ішінде су жиналған көшелердегі су басу қаупі бар тұрғын үйлердің қар суларын қауіпсіз жерге сорықтыру жұмыстары жүргізілетін болады, ауылішілік жолдардың бойындағы 13 су өткізгіш құбырлар тазартылмақшы,- деді Айдос Әмірғали.

Кезегінде сөз сөйлеген аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрбол Нысанов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында халықты хабардар ету жұмыстары жөнінде тоқталып өтті.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Асхат Шахаров бірқатар мекеме басшыларына тапсырма берді.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале