Бүгін өңірлік коммукация қызметінің ақпарат алаңында БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отарәлиев облыстағы эпизотиологиялық ахуал туралы баяндады.

БҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов биылғы санақ нәтижесі мамыр айының басында белгілі болатынын хабарлады. Алгоритм бойынша күні бүгінге 3281 бас киік өлексесі жойылды. Оның дені табиғи тұрғыда қартаю себебінен өлді деп есептелінеді. Ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев Жәнібек, Бөкей ордасы, Казталов және Жаңақала аудандарында малдың ауруға шалдығып жатқанын хабарлады.

– Облыс бойынша аусыл мен түйнеме ауруына қарсы вакина 100 пайыз жүргізіледі. Төрт аудан бойынша түліктер пастереллезге қарсы толық екпе алады. Инфекция киіктердің өрісінен таралуда. Аталған ауданда 40 мыңнан астам мал болса, соның 15 пайызы, 5484 бас ауру жұқтырған. Бүгінге дейін 3732 бас түлік емделді. Яғни 70 пайызы сауығып шықты. Ветеринариялық дәрігерлер емдеу шараларын тиісті деңгейде атқарып жатыр. Қазіргі уақытта 28 ірі қара, 180 бұзау, 11 қой өлген. Оның барлығы аурудан өліп жатыр деуге болмайды. Күні кеше елді мекендерді аралап шықтық. Қыс аяғы ұзап кеткесін, бір жағынан мал ағзасы күресе алмай жатыр.
Ақжайық ауданында ірі қара ринотрахеит ауруына шалдыққаны белгілі. Оның себебін анықтадық. Былтыр күзде Атырау облысынан жеті бас малды алып келген. Ринотрахеит инфекиясы солардан таралған. Ал бұл аурудың осы өңірінде өршіп тұрғаны белгілі. Оңтүстік аудандардағы малдан анықталған клиникалық белгілер осы аурудікіне ұқсас, – деді Абзал Бралиев.
Облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат Отарәлиев сегізінші сәуірде 20-ға жуық киіктің өлексесі табылғаны жөнінде хат түскенін айтты. Салаға жауапты мамандар киік мүрделерінен сынама алып, оны инфекциялық аурулардың ұлттық ғылыми орталығына жолдаған. 23 сәуірде сынама қорытындысы бойынша киіктердің пастереллез ауруына шалдыққаны белгілі болған.

– Киіктердің пастереллез ауруына шалдыққаны туралы министрлікке ақпарат жіберілді. Бүгінде жауап күтіп отырмыз. Біз өз бетімізбен ауру киіктерді оқшаулауға құқығымыз жоқ. Оларды емдеуге де әлеуетіміз жетпейді. Төрт түлікке пастереллез ауруына қарсы вакцинациялау жұмысын жүргізу керек. Ал оңтүстік аудандардағы мал ауруына келсек, ол жақтағы түліктен де сынама алынып, ғылыми орталыққа жіберілді. Егер одан қандайда ауру анықталса, сату және тасымалдауға шектеу қойылады. Шаруа иелері малдарын жайылымға шығармай, карантин режімінде ұстайды, – деді инспекция басшысы.
Нұртай Текебаев
«Орал өңірі»