28.04.2026, 10:30
Оқылды: 19

БҚО-да сиыр етінің бағасын асырып сатқан кәсіпкер жауапқа тартылды

Орал қаласында кәсіпкерлік нысанының сиыр етінің бағасын асырып сатқаны анықталды, - деп жазады Kazinform.

ЖП согым, ет (9)

Сурет: сайт архивінен 

БҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың мәлім еткеніндей, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарына енгізілгені мәлім.

Оның сөзіне қарағанда, 2025 жылғы желтоқсанда ҚР Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 19-дан 31 позицияға дейін кеңейтілді. Аталған тізбеге сүйекті сиыр еті, сүйексіз сиыр еті, қой еті (сүйексіз етті қоса алғанда) және жылқы еті (сүйексіз етті қоса алғанда) енгізілді.

— «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізу кезіндегі шекті сауда үстемесінің мөлшері өндірушінің босату бағасынан немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауға тиіс. Дегенмен, бұл талапты барлық бизнес нысандары бірдей сақтай бермейді. Атап айтқанда, Оралда кәсіпкерлік нысаны сиыр етінің жауырын бөлігін 29,4 пайыз сауда үстемесімен сатқан. Осыған байланысты департамент кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғап, жеткізуші айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Э.Қиматова.

Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуі байқалған жағдайда тұтынушылар e-Otinish платформасы арқылы немесе департаментке мекенжай бойынша жүгіне алады. Өтінішке тауардың бағасы көрсетілген фотосуретін және бар болса, тауарды сатып алғаны туралы чекті қоса беру қажет.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ірі компанияның көкөніс бағасын асырып сатқаны анықталғанын жазған болатынбыз.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале