Деркөл кентіндегі Олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің спорт залында мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері қатысуымен ұлттық спорт ойындардан жарыс өтті. Оны облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық ұйымы бірлестігі ұйымдастырды. Аталған іс-шара ел Тәуелсіздігінің 35 және Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына арналды.

Ұлттық ойындарды ұлықтау шарасы қызықты өтті. Қатысушылар асық атты, арқан тартты, ләңгі тепті, бестас ойындарын ойнады. Желтоқсаншы қыздар арқан тартуда ешкімге дес бермеді. Ер-азаматтар асық ойнауды ұмытпапты. Ләңгі тебу кейбір ардагерге қиындау соққаны рас. Ал қазір ұмытыла бастаған бестас ойыны көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Бір тасты жоғарыға лақтырып, ол қайта алақаныңызға қонғанша жердегі тастың алдымен – біреуін, содан кейін лақтырғанда – екеуін, сосын – үшеуін, соңында бесеуін қағып алуыңыз керек. Бұл ойыншылардан шапшаңдықты, қырағылықты, ептілікті қажет етеді. Көзге де пайдалы жаттығу болады. Бұрынғының балалары осындай ойын ойнайтын. Жас өрендер арасында осындай ұлттық ойындарды насихаттау қажет.

Жарыс нәтижесінде командалық есеппен «Германиядағы кеңес әскерінің тобы ардагерлері» қоғамдық бірлестігі – бірінші, «Батыс Қазақстан облысының Азаматтық альянсы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі – екінші, ал желтоқсаншы ардагерлер үшінші орынды иеленді. Асық атудан Қобылан Тасболатов («Германиядағы кеңес әскерінің тобы ардагерлер» ҚБ), ләңгі тебуден Ерәлі Тілекқали (Олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы), бестас ойынынан Сәния Шүнішқалиева, Жанат Танабаева үздік деп танылды. Жеңімпаздарға мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ «Батыс-Желтоқсан» қоғамдық ұйымы бірлестігінің төрайымы Күнзила Мақсотова алпыстың асқарына шыққан қос желтоқсаншы – Теректі ауданындағы Абай ауылындағы мектептің мұғалімі Жанболат Ешовқа, журналист-педагог Гүлбаршын Әжігерееваға құттықтаухат табыс етіп, иықтарына шапан жапты.
Гүлнәр Шәңгерей,
Орал қаласы