28.04.2026, 12:30
Оқылды: 8

«Білімнің бәйгеторысы»

«Атамекен» өнер ордасында білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған «ҚР Білім беру ісінің үздігі», Ы.  Алтынсарин төсбелгісінің және «Құрмет» орденінің иегері, ардагер ұстаз Ерсайын Сапаровтың еңбек жолы мен басқарушылық тәжірибесіне арналған «Білімнің бәйгеторысы» атты кітабының тұсаукесері өтті. 

DSC02133

Ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнаған білікті басшы, ұлағатты ұстаз Ерсайын Сапаровтың мерейтойына арналған ауқымды іс-шара «Басқарудағы тәжірибе мен тағылым» атты дөңгелек үстел отырысымен басталып, ғибратты тұлғаның өмірі мен еңбегін насихаттауға арналған жиын мазмұнды ой алаңына айналды. Ой-пікірлер мен әсерлі естеліктер ағытылған алаңға   ардагер ұстаздар, мектеп басшылары, түлектер мен ата-аналар жиналды. Кездесудің басты ерекшелігі – қатысушылар Ерсайын Қадырұлының өзімен тікелей пікір алмасып, басшының өмірлік ұстанымы, басқару мәнері, ұжыммен жұмыс істеудегі қағидаттары кеңінен сөз болды.

Спикерлердің сөзінен түйгеніміз, Ерсайын Қадырұлы басшылық еткен жылдары дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты уақыт талабына сай жаңғырып, білім мен тәрбиені ұштастырған жаңа үлгідегі оқу орнына айналды. Оның қажырлы еңбегінің арқасында білім ошағы  дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат кешені дәрежесіне көтерілді. Мектептің жыл сайын жаңарып, материалдық-техникалық әлеуетінің нығаюы, оқу-тәрбие үдерісінің сапалы жолға қойылуы – басшының ұйымдастырушылық қабілетінің айқын көрінісі. 1991 жылы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағытындағы тереңдетілген сыныптар ашылып, шалғай аудандардан келген балаларға арналған 350 орындық интернат іске қосылған. Ал 1993 жылы мектептің лицей мәртебесін алуы – ұжым еңбегінің лайықты бағасы.

Уақыт өте келе бұл білім ошағы дарынды жастардың ордасына айналды. 1999 жылы дарынды балаларға арналған мектеп аталса, 2008 жылы С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей кешені мәртебесін алған.

DSC02321

Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан шәкірттердің жетістігі – ұстаз еңбегінің өлшемі. Осы орайда Ерсайын Қадырұлы басқарған ұжымның жетістігі аз емес. «Алтын белгі» енгізілген алғашқы жылдардан бастап 13 жыл ішінде бұл білім ұясының 57 түлегі «Алтын белгі» иеленіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, мектеп республика бойынша алдыңғы қатардан көрінді. 2009 жылы ҰБТ-дан орташа 112,26 ұпай жинап, республикада ІІ орынды иеленсе, кейінгі жылдары да бұл көрсеткіш тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталды.

Мектептің білім сапасы мемлекеттік деңгейде мойындалып, Қазақстан Республикасының үздік 100 мектебінің қатарына енуі, «Ең үздік жаңашыл мектеп» атағына ие болуы – соның дәлелі. Ерсайын Қадырұлы – тек мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, білім саласындағы тәжірибесін кеңінен бөліскен басшы. Халықаралық деңгейде де белсенділік танытып, АҚШ-тың Аризона штатындағы Туссон қаласында тәжірибе алмасса, Қытай астанасы Бейжіңде өткен халықаралық конференцияға қатысты.

Дөңгелек үстелде әріптестері 27 жыл Сәкен мектебін басқарған Ерсайын Қадырұлының талапшылдығы мен адамгершілігі үйлескен ерекше қасиетін атап өтсе, түлектер ұстаздан алған білім мен тәрбиенің өмір жолындағы маңызын ерекше ықыласпен жеткізді. Ал ата-аналар мектептегі тәртіп пен сапаның жоғары деңгейде болғанын ризашылықпен еске алды.

Бірнеше бөлімнен тұратын ауқымды іс-шара аясында ардагер ұстаз Ерсайын Сапаровтың еңбек жолына арналған «Білімнің бәйгеторысы» атты кітаптың тұсауы кесілді. Мектеп түлектерінің қолдауымен жарық көрген тағылымы терең кітаптың тұсаукесу рәсімін ақын, Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Халиолла және облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин жасады.

Дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының қалыптасу жолы, жетістіктері, ұстаздың өмір жолы мен өнегесі кеңінен қамтылған мазмұнды кітаптың ауторы – Нұрлан Сәдір.

Ақын Бауыржан Халиолла мектеп қабырғасында өткен балалық шағын еске алып, сол кездегі мектеп директоры Ерсайын Сапаровтың  талап қойғыштығы мен мектепті жоғары дәрежеге көтеру жолындағы тың ізденістері, шәкірттерге деген қамқорлығы, мейірімі туралы естеліктерімен бөлісті.

– Жалпы, адам баласы өмірден өткеннен кейін айтылар жылы сөз бен мадақты көзі тірісінде есту – екінің бірінің маңдайына жазыла  бермейтін бақ. Бүгінгі кеш – сол сирек бақ бұйырған жанның, ерен еңбегі ел жадында жаңғырып тұрған тұлғаның мерейін асырып тұрған тағылымды сәт. Сонау тоқсаныншы жылдары Сырым ауданының Қособа ауылынан келіп, Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп-интернаттың табалдырығын аттадым. Ол кезең – қантпен шай ішу арман болған қиын уақыт еді. Сол жылдарда ауылдағы шопанның баласы болсын, тағдыр тауқыметін ерте тартқан жетім бала болсын – бәріне құшағын айқара ашқан қасиетті мекен еді. Мен де сол балалардың бірі болдым. Бірақ сол кездегі жоқшылыққа қарамастан, интернаттың ішінде біз ештеңеден таршылық көрмедік. Киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ, уайымсыз балалық шақты бастан өткердік. Мұның бәрі – білікті, іскер басшы Ерсайын Сапаровтың еңбегі еді. Кішкентай ғана қазақ мектебі сол кезде үлкен оқу орындарының өзі жасай алмаған істі атқарды. Интернат ішінде оқушыға қажеттінің бәрі болды. Тігін шеберханасы, аяқ киім жөндейтін орын, өнер үйірмелері бәрі де жұмыс істеді. Бұл – бүгінгі күн-нің өлшемімен қарағанда да таңғаларлық жағдай. Ерсайын ағай күн сайын 8.30-да мектеп есігінің алдында тұрып, әр оқушының киіміне, тазалығына, тәртібіне дейін қадағалайтын. Шашың өсіп кетсе де, аяқ киімің шаң болса да, кері қайтаратын. Бүгін ойласам, бұл – тәртіп емес, бұл – тұлға қалыптастыру мектебі екен. Сол тәрбиенің жемісін біз бүгінде көріп жүрміз. Қайда барсақ та, сол мектептен алған өнеге өмірі-мізге бағыт-бағдар болып келеді, – деді Бауыржан Ергенұлы өз сөзінде.

DSC02280

Әсерлі кеш Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония ұжымының концертіне  ұласты.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале