Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «WestKZ Digital Future» атты студенттік форум өтті.

Университеттің «Цифрлық экономика және тұрақты даму» институты мен Батыс Қазақстан облысының цифрландыру басқармасы бірлесе ұйымдастырған шараға білім ордасының оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Нұркен Губашев, БҚО Цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Нұрғиса Қамашев, БҚО Полиция және Экономикалық тергеп-тексеру департаменттерінің өкілдері, IT саласының мамандары, сала сарапшылары және университет оқытушылары мен студенттері қатысты.
Биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – жастар арасында жасанды интеллект технологиялары, ҚР Цифрлық кодексі талаптары және цифрлық қоғамдағы жауапты мінез-құлық қағидаттары туралы жүйелі түсінік қалыптастыру, студенттердің цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи технологияларды қауіпсіз әрі тиімді қолдану дағдыларын дамыту.
Форум барысында өңірлік деңгейдегі цифрлық технологияларды дамыту және мемлекеттік басқарудағы заманауи үрдістер, жоғары білім берудегі цифрлық трансформация, дипфейктер және жаңа қауіптер, цифрлық қауіпсіздік шаралары туралы баяндамалар оқылды.

Шара соңында цифрлық ортаны дамытуға өз үлестерін қосып, білім беру бастамаларына белсенді атсалысып жүрген IT бағытындағы оқытушылар мен студенттер алғысхаттармен марапатталды.
БҚАТУ баспасөз қызметі