30.04.2026, 17:45
Оқылды: 13

А. Балаева: Балалар – басты құндылығымыз

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

nRZWHoI6eHEG5jN1jR5yrdxeTamwzpkqk5Ly0KQX

Комиссия – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қараусыздық пен панасыздықтың алдын алу саласында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган.

Отырыста бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері қазіргі ахуал бойынша баяндама жасады. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына сәйкес, елімізде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 8 пайызға төмендеген.

Сонымен қатар жиын барысында Ведомствоаралық комиссияның алдағы жұмыс жоспары бекітілді. Құжатта кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу нәтижелері үшін өңірлердің жауапкершілігін күшейту, тәуекел тобындағы балалармен атаулы жұмысты жетілдіру, ведомствоаралық іс-қимыл мен тәлімгерлік институтын дамыту, сондай-ақ жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының өңірлік жоспарларын іске асыру сапасын арттыру шаралары қарастырылған.

Еліміздің барлық өңірінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың құрамы жаңартылғаны атап өтілді. Олардың қатарына азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері енгізілген. Олар кәмелетке толмағандар арасындағы девиантты мінез-құлықтың алдын алу шараларына қатысып, білім беру ұйымдарымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе ретінде кәмелетке толмағандар арасындағы суицид проблемасы қаралды. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.

2024 жылғы шілдеде суицидтік мінез-құлық белгілері бар кәмелетке толмағандарды анықтау және оларды одан әрі сүйемелдеу бойынша бірыңғай алгоритм енгізілді. Бұл құжат мүдделі қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібін айқындап, балаларға уақтылы көмек көрсетуге бағытталған.

Отырыста балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, сондай-ақ осы саладағы ведомствоаралық іс-қимылды жетілдіру мәселелері жеке қаралды. Әр өңір бойынша жағдайға талдау жасалып, себептер, тәуекел факторлары және қолданыстағы шаралардың тиімділігі сараланды.

Денсаулық сақтау вице-министрінің мәліметінше, бірыңғай алгоритм аясында анықтау деңгейінің төмен болуы оның жергілікті жерлерде толық көлемде іске асырылмай отырғанын көрсетеді. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 62% жағдайда себептер анықталмағаны, ал 7,6% жағдайда ішкі отбасылық жанжалдар себеп болғаны белгілі болды.

Осыған байланысты қатысушылар нысаналы профилактиканы күшейтудің, әрбір жағдайды талдау сапасын арттырудың және қиын өмірлік жағдайға тап болған кәмелетке толмағандарды сүйемелдеу тетіктерін одан әрі жетілдірудің маңызын атап өтті.

Оқу-ағарту министрі ведомствоның барлық біліктілікті арттыру бағдарламаларына депрессия, зорлық-зомбылық және буллинг белгілерін тану, сондай-ақ ақпарат беру тәртібі мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмдері бойынша арнайы модульдер енгізілетінін айтты.

«Балалар – біздің басты құндылығымыз, ең алдымен, мемлекеттің адами капиталы. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия жай ғана консультативтік-кеңесші орган емес. Бұл – балалардың зорлық-зомбылық пен буллингке ұшырамауы, қауіпсіз ортада өмір сүріп, қарым-қатынас жасауы, заңсыздықтың құрбаны болмауы және өздері де заң бұзбауы үшін барлық күш-жігерімізді үйлестіріп, бір арнаға тоғыстыратын алаң. Осы бағыттағы профилактикалық және превентивті жұмыс – комиссиямыздың басты миссиясы әрі дені сау, саналы және мықты жас ұрпақ тәрбиелеудің маңызды факторы», — деді Аида Балаева.

Жиын соңында Премьер-министрдің орынбасары ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіруге, балалардағы дағдарыстық жағдайларды ерте анықтау тиімділігін арттыруға, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің рөлін күшейтуге, ата-аналармен және педагогтермен профилактикалық жұмысты дамытуға, сондай-ақ тәуекел тобындағы оқушыларды мониторингтеу және сүйемелдеу саласында жүйелі цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.

Мектептерді білікті педагог-психолог мамандармен қамтамасыз етуге және республикалық әрі өңірлік деңгейде профилактиканың тұрақты әрі кешенді моделін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале