2.05.2026, 10:00
Оқылды: 8

«Жайық» чемпиондар лигасына дайындалуда

Отандық волейболда жаңа жауапты кезең басталды. Орал қаласының «Жайық» волейбол клубы Азия құрлығындағы ең беделді жарыстардың бірі – AVC Чемпиондар лигасына дайындықты бастады.

318eed2c-7493-4aea-b59d-304efc0a412d

Былтырғы маусымда ел чемпионы атанған ұжым алдағы сынға тыңғылықты әзірлік жүргізу мақсатында Түркияның Анталия қаласына оқу-жаттығу жиынына аттанды. Жаттығу жиыны мамырдың 9-на дейін жалғасады. Одан соң команда Индонезияға аттанады. Түркияда оралдық команда сапына шетелдік жоғары деңгейлі ойыншы қосылады.

Айта кету керек, «Жайық» былтыр ұлттық біріншілікте ғана емес, Орталық Азия Чемпиондар лигасында да топ жарып, халықаралық аренада өзінің бәсекеге қабілетті екенін көрсетті. Бұл жетістіктер ұжымның жүйелі жұмысының нәтижесі екенін аңғартады. Енді Виктор Козик жетекшілік ететін команда құрлықтық деңгейдегі додада да жоғары нәтиже көрсетуге ниетті.

Биылғы AVC Чемпиондар лигасы жаңа форматта өтпек. Атап айтқанда, командалар жарысты бірден ширек финал кезеңінен бастайды. Мұндай жүйе әр кездесудің маңызын арттырып, тартыстың ширай түсуіне ықпал етпек. «Жайықтың» алғашқы қарсыласы турнирді қабылдаушы Индонезия елінің мықты клубтарының бірі.

Құрлықтық додаға Жапония, Таиланд, Иран, Катар, Оңтүстік Корея және Индонезия мемлекеттерінің жетекші клубтары қатысады. Демек, бәсекелестік деңгейі айрықша жоғары болары сөзсіз.

Жарыс 13 мамыр күні басталады. Турнир қорытындысында финалға шыққан екі команда 2026 жылғы клубтар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алады. Бұл әрбір қатысушы клуб үшін үлкен мүмкіндік әрі зор жауапкершілік.

Еске салсақ, өткен жылы Қазақстан атынан алғаш рет қатысқан «Ақтөбе» волейбол клубы топтық кезеңнен сүрінбей өткенмен, ширек финалда қарсыласына жол берген еді. Осы ретте биыл «Жайық» клубының алдында ел намысын абыроймен қорғау міндеті тұр.

Түгелбай Бисен

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале