Башқұртстан астанасы Уфа қаласында Жеңістің 81 жылдығына арналған волейболдан «Победа 81» халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі додаға 2012–2013 жылы туған жасөспірім ұлдар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Халықаралық турнирде әр елден келген талантты жас волейболшылар бақ сынап, шеберлік пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетті. Осындай тартысты бәсекеде ел намысын қорғаған “Жайық” волейбол клубының жас өрендері лайықты өнер көрсетіп, екінші орынды иеленді.
Қайрат Масанғалиев пен Михаил Замодеенко шәкірттерінің дайындығының да шеберлігінің де жоғары деңгейде екенін дәлелдей білді. Турнир барысында «Жайық» командасы тек ақтаулық волейболшыларға ғана есе жіберді.
Жекелей марапаттар да оралдық ойыншылардың еншісінен табылды. Атап айтқанда, Рамазан Ибрагим «Үздік тосқауылдаушы» атанса, Ермекбай Қолқанат «Үздік байланыстырушы» номинациясын жеңіп алды. Бұл жас спортшылардың жоғары дайындық деңгейі мен ойын өрнегінің айқын көрінісі.

Жалпы, жасөспірімдердің бұл жетістігі жүйелі жаттығу мен табанды еңбектің нәтижесі. Халықаралық аренада тәжірибе жинақтап, ел абыройын асқақтатып жүрген жас спортшылардың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыратынына сенім мол.
Түгелбай Бисен
«Орал өңірі»