Сырым ауданына қарасты Жосалы ауылдық округінің тұрғындары да ауылдарын көгалдандыруға бейіл.

Ауыл тұрғыны, ел азаматы Саян Үсенов Қоңыр ауылының сыртқы бетінен болашақ аллеяға орын таңдап, алғашқы ағаштарды егіпті.
Кеше туған ауылына сәлем беруге келген шорт - тректен Әлем кубогының иегері, Азия ойындарының чемпионы Абзал Әжіғалиев те құр тұрған жарамас деп, қолына күрек алып, өзінің атаулы талын отырғызды.
Сол секілді Жосалыдағы «Таза Қазақстан» акциясына үлес қосып, Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әскербек Нұрмұханов ардагер ұстаз Асан Жүсіповпен бірге ағаш екті.

А.Жұмағалиев атындағы мектептің директоры Әскербек Тәжғалиевтің айтуынша балаларды еңбекке баулу, атамекенін сүюге үйрету - экологиялық акцияларға қатыстырудан басталады. Сондықтан, жосалылық педагогтар мен шәкірттер де жаңағы алаңқайға бір көшет қадауды азаматтық міндет деп санап отыр.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы