5.05.2026, 19:00
Оқылды: 6

Бөрлі ауданындағы шекара бөлімшесінде ашық есік күні өтті

Мемлекеттік шекара – еліміздің егемендігі, аумағымыздың тұтастығы мен қауіпсіздігінің басты кепілі. Ал шекарашылар – еліміздің тыныштығын қамтамасыз етеді. Шекара шебінің берік болуы – аса маңызды әрі жауапты міндет. Бұл міндетті Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі абыроймен атқарып келеді.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 12.50.21

«Шекарасы жоқ мемлекет – мемлекет емес» деп бекер айтылмаса керек. Еліміз жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатыны бәрімізге белгілі. Міне, осы ұлан-ғайыр жерді кезінде ата-бабамыз әскер, шекара деген атау болмаса да, көзінің қарашығындай күзетіп, жаудан сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп кеткен. Қазіргі уақытта осы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын шекарашыларымыз күзетіп келеді.
Бөрлі ауданында шекара бойында орналасқан елді мекен қатарында. Ауданымыздың шекарасын Жарсуат ауылдық округінде орналасқан «Ақсай» шекара бөлімшесі күзетеді. «Ақсай» шекара бөлімшесі ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің БҚО бойынша департаментіне қарайды. Ауданымыздың шекара аумағы Жайық және Елек өзендері арқылы өтеді. Бөлімшенің штаттық құрылымы офицерлер мен келісімшарт қызметкерлерінен тұрады. Шекарашылар күнделікті мемлекеттік шекараны күзетіп, шекара режимін сақтап, қызмет барысында мемлекеттік шекарадан заңсыз өтіп кетпеуді қадағалайды. Олар шекараны қызметтік техникалар, байланыс мамандары, кинологтар және қызметтік иттермен бірге күзетеді.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 12.56.57
Жылдағы дәстүрге сай биыл да «Ақсай» шекара бекетінде ашық есік күні өтті. Оған Жарсуат ЖОББМ-нің 10-11-сынып оқушылары қатысты. Әскери киім киіп келген оқушылар шекарашылардың қызметімен және олардың күнделікті өмірімен танысуға мүмкіндік алды. Оқушыларға шекара бекетінде экскурсия жасалып, олар бекеттің жұмысымен, шекарашылардың қызмет барысымен, әскери тәртіп пен жауапкершілік туралы ақпаратпен танысты.
Ең алдымен оқушыларды «Ақсай» шекара бөлімшесінің бастығы, аға лейтенант Еркебұлан Орынбасаров қарсылады. Әрі қарай «Ақсай» шекара бөлімше бастығының орынбасары, лейтенант Виктор Шурхай шекара бекетінде экскурсия жасап, оқушыларды шекарашылардың қызметімен таныстырды. Экскурсия барысында оқушылар шекарашылардың киім үлгілерімен, қару-жарағымен және із кесу қалашығымен танысып, қызметтік итпен қалай жұмыстанатындарын көрді.
- Іс-шарада оқушылар шекарашылардың мемлекеттік шекараны қалай қорғайтынын, олардың негізгі міндеттерін және шекарашылардың не үшін қажет екенін білді. Бұл, ең алдымен, мектеп оқушылары арасында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту үшін қажет. Оқушылар барлық іс-шараларға белсене қатысып, қызығушылықтарын танытты, - дейді «Ақсай» шекара бөлімше бастығының орынбасары, лейтенант Виктор Николаевич.
Бұл шараның басты мақсаты да жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, оларға шекара қызметінің маңыздылығын түсіндіру болды. Іс-шара барысында оқушылар арасында қаруды құрастыру және бөлшектеу бойынша уақытқа жарыс өтіп, ұлдар және қыздар арасында үздіктер арнайы грамотамен марапатталды. Сонымен қатар 10-сыныптың тоғыз оқушысы «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының мүшесі ретінде «Жас шекарашы» құжаттарына ие болды.

WhatsApp Image 2026-05-04 at 12.57.11
- Маған іс-шара барысында барлық қару-жарақтармен танысып, арнайы техника, автокөлік түрлерін көргеніміз ұнады. Сонымен қатар бізге қызметтік иттермен қалай жұмыс істейтіндерін де көрсетті. Бұл іс-шара қызықты және өте пайдалы болды. Және бүгін бізге «Жас шекарашы» паспорттарын берді, - дейді Жарсуат ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Карина Раскулова.
Шекарашылар оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, оларды қызықтыратын оқиғаларымен бөлісті. Мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін оятып, әскери-патриоттық рухты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны анық.

Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале