Қаратөбе ауданындағы Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында 7 мамыр – Отан Қорғаушылар күні мерекесіне, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты жиын оздырылды.

Мерекелік жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сөз алып, аудан халқын айтулы мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды айбыны асқақ, тағылымы терең, рухы биік айтулы мереке – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Отан қорғаушылар күні – Отанды қадірлейтін, оның тарихын құрметтейтін, ерлік пен жауынгерлік күшке ие нағыз ерлердің мерекесі деп білемін.
Біздің тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болатын ұлттық әскеріміз аман болсын. Адамзат тарихына өшпес сыз қалдырған екінші дүниежүзілік соғыс дүмпуі басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына биыл 81 жыл. Бұл мейрам – бейбіт өміріміз, азаттығымыз бен жарқын болашағымыз үшін фашист басқыншыларына қарсы сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының символы.
Қазіргі таңда өкінішіке орай, Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгер ардагерлеріміз ортамызда болмағанымен, ерен еңбектің үлгісі болған 17 тыл ардагеріміз, ауған, тәжік ардагерлеріміз, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатынасқан жерлестеріміз ортамызда бар. Жеңіс пен бейбітшілікке лайықты ұрпақ бола білу, қол жеткен жетістіктердің бағасын біліп, оны еселей түсу – біздің басты міндетіміз. Осы айтулы мереке қарсаңында қуанышты хабарды алып жатырмыз, жерлесіміз Ақтайсай ауылында дүниеге келген Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлы Мәденовке Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. Кенжебай Мәденов атамыз Берлин қаласының ратушасына алғаш ту тіккен батырлардың бірі. Біз, бейбіт өміріміз, бұлтсыз аспанымыз үшін осындай ардагерлердің рухының алдында әрдайым тағзым етіп, басымызды иеміз, - деді.

Салтанатты шарада қызметтік міндетін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Төлеген Наурзалин Батыс Қазақстан облысының полиция департаментінің Грамотасымен марапатталды.

Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің алғыс хаты аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мемлекеттік қызмет көрсету жөніндегі инспекторы Абат Тыныштықұлына, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі №18 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Ержан Фазыловқа, Қаратөбе аудандық прокуратурасының аға прокуроры Исламбек Нұрғалиевке, аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Бақдаулет Хамидуллинге табысталды.

Шарада мәдениет үйінің қызметкерлері «Ерлердің ерлігі – елдің мерейі» атты мерекелік концерт қойып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Бағдарлама барысында К.Малдуова «Қазақтың жігіттері», «Аrt Time» үйірмесінің шәкірттері «Елім деп соқсын жүрегім», Р.Ақташев «Офицер жанжары», Байтеміровтер отбасылық ансамблі «Туған жер», Т.Қыдырғалиев «Қазағым» әндерін әулете шырқаса, Қ.Егінғали мен Қ.Байғұтты күй тартты. Әншілер тобы «Халқым-ай» әнін, «7 әуен» ВВА сүйемелдеуімен М.Амангелдиев «Жаным қазақ» әнін орындады. С.Байтеміров шырқаған «Жаса Қазақстан» әнімен мерекелік концерт аяқталды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы