6.05.2026, 16:00
Оқылды: 17

Инженерлік желілер жаңғыртылуда

Оралда жиі апат болатын жылу құбырлары, тозығы жеткен су, электр желілері қайта жаңғыртылып жатыр.  Бұл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асуда.  БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз турында өңірдегі 4 негізгі жоба таныстырылды.  Іс-шараға ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі Мирас Зеріпбаев, облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй қатысты. 

DSC03005

Іске асып жатқан жобалар инженерлік желілердің тозуын азайтып, апат қаупін төмендетуге және коммуналдық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Облыс орталығындағы негізгі жылу желілерінің бірі – №7 жылу магистралі 1987 жылы іске қосылған. Жоба аясында әбден тозған 1,8 шақырымға жуық құбыр ауыстырылады. «Бұған дейін кәсіпорын әр жерден шыққан ақауларды өз күшімен жөндеп келген еді.

Қазір осы магистральды толығымен реконструкция жасап жатырмыз. Жобаның  жалпы құны – 2,5 млрд теңге. Бұл жерде пенополиуретан деген алдын ала оқшауланған құбыр болады. Оның жарамдылық мерзімі 50 жылдан астам уақытқа есептелген. Бұл желі 5 мың абонентті жылу және ыстық сумен қамтиды. Жоспар бойынша барлық жұмыс 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек», – деді «Жайықжылуқуат» АҚ бас директоры Бақытжан Әкімғожин.

Былтыр ұлттық жоба аясында Зашаған кентіндегі қуаты 4 МВт «Саншкола» қазандығы жаңғыртылған. Құны – 229,3 млн теңге. Бұл нысан өткен жылыту маусымында екі мектепті, полиция бөлімін және «Қазақтелеком» АҚ филиалын жылумен қамтамасыз еткен. Ескі қазандық 1974 жылы пайдалануға берілген. Орал қаласындағы негізгі нысандардың бірі – №29 кәріз сорғы стансасы қайта жаңғыртылып жатыр. Құны 1,8 млрд теңге болатын жоба іске қосылғанда 50 мың тұрғын мен 39 әлеуметтік нысанды қамтиды. Бұдан басқа жаңа абоненттерді қосу мүмкіндігі пайда болады. Қазіргі кезде стансаның жаңа ғимараты салынып жатыр.

Облыста 6 ауданда және 31 елді мекенде электр желілері жаңғыртылуда. Оралда құны 3,5 млрд теңге болатын 165 шақырым 0,4 кВ әуе желісін ауыстыру жоспарланған. Бұл қаладағы желілердің тозуын 5%-ға және облыс бойынша 1,13%-ға төмендетеді. Мәселен, 1962 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан Круглоозерный кентіндегі әуе желісі 700-ге жуық абонентті тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етеді.

DSC02992

– Батыс Қазақстан облысы өңірлер арасында ұлттық жобаға бірінші болып қосылды. Күні бүгінге дейін елімізде мұндай ауқымды жоба болған емес. Қазақстанда 500-ден астам жоба 1,4 трлн теңгеге өтінім берілді. БҚО-да екі жылда 16 жоба жүзеге асады. 2022 жылы Екібастұзда жылыту жүйесінде апат болды. Сондай жағдайлардың алдын алу үшін ұлттық жобаның маңызы зор, – деді ҚР Премьер-министрі орынбасарының кеңесшісі Мирас Зеріпбаев.

DSC03052

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бейімбет Мусиннің айтуынша, облыстағы жылу магистральдарының 47%-ы, электр желілерінің 76%-ы тозған. Қаладағы су желілерінің тозуы 60%-ға жеткен.

DSC03026

Баспасөз турында мәлім болғандай, биыл облыста ұлттық жоба аясында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 10 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 1113 шақырым электр желісі мен екі қосалқы стансаны қайта жаңарту көзделген. Жобалардың жалпы құны – 16,5 млрд теңге. Биыл 4,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған. Жобаларды Орал қаласы мен 74 ауылдық елді мекенде іске асыру жоспарланған. Жалпы өңірде 509 шақырым электр желісін, 12,4 шақырым жылу желісін және 5,6 шақырым су құбырын қайта жаңарту көзделген. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы республика бойынша 2029 жылға дейін іске асырылады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале